№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Ұлттық тілін білгеннің ұпайы түгел

Ұлттық тілін білгеннің ұпайы түгел


«Тілі жоғалған жұрттың өзі де жоғалады». Сондықтан «Мәңгілік Елге» айналуды мұрат еткен қазақ халқы үшін осы үш құндылықты қастерлеу үлкен жауапкершілік.

Ғасырлар тоғысында әлемдік өркениеттің шыңына ұмтылған Қазақстан тарихи-тағдырлы шешім қабылдап, жасампаз жаңа дәуірге қадам басты. Ата Заң біздің бүкіл жарқын істеріміздің қайнар бастауына айналды. Қазақстанның Конституциясы − оның мемлекет ретіндегі басты құжаты. Көптеген зерттеушілердің пікірінше, біздің ел Конституциясы әлемдегі жалпы адамзаттық құндылықтарды дәріптейтін ең үздік 50 заңның көшінде тұр екен. Сол үшін де оның тарихи мәні бар. Бұл сөзімізді аудандық соттың маманы Айқыз Айтжанқызы да қуаттай түсті.

– Біз аз уақытта айбары асқан қуатты ұлтқа, дәулеті тасқан әлеуметті елге айналдық. Ортақ шаңырағымыздың шекарасын шегелеп, іргемізді мызғымастай етіп бекіттік. Қазақстан Республикасы өзiн демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтiк мемлекет ретiнде орнықтырды. Ал, оның ең қымбат қазынасы адам және адамның өмiрi, құқықтары мен бостандықтары деп айқындалды. Кез келген мемлекеттің, елдің тәуелсіздігін, демократиялық құндылықтарын айқындайтын негізгі құжат – Конституция. Онда мемлекеттің барлық құрылымдарының, жеке азаматтардың, ұлт пен ұлыстардың, әлеуметтік топтардың мақсаты, міндеті, құқықтары көрсетіледі. Өркениет көшінің құжатына айналған, бүкіл халық болып қабылдаған Ата Заңды құрметтеу Қазақстанның әрбір азаматының қасиетті парызы. Ол үшін Конституцияны қалыптастыру тарихын жақсы білуіміз керек. Бір сөзбен айтқанда, біздің Ата Заңымыз – Қазақстан халқының саналы таңдауы, өркенді дамуымыздың кепілі, – деді ол.

Бауыржан Момышұлының «Анамыздың ақ сүтімен бойымызға дарыған ана тілімізді ұмыту – бүкіл ата-бабамызды, бар тарихымызды ұмыту» деген нақыл сөзі еріксіз ойға оралады. Тіл – қай ұлттың болмасын тарихы мен тағдыры, тәлімі мен тәрбиесінің негізі. Бір қуантарлығы уақыт өткен сайын ана тіліміздің мәртебесі өсіп, абыройы арта түсуде. Осы орайда аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің маманы Маржан Қанбаеваны да осы тақырып төңірегінде әңгімеге тарттық:

– Тіл – ұлттың жан дүниесі. Расында қазақ халқының басында талай қиын нәубет, зұлматтың, қайғылы күндердің болғаны тарихтан белгілі. Сондай ауыр сәттерде, сын сағаттарда атамекен қонысын тастап босқан халықтың өзімен бірге алып жүрген байлығы – ана сүтімен санасына дарыған ана тілі ғана. «Ұлттың тілі – ұлттың ділі» демекші, қандай ұлт пен ұлыс болмасын ең басты байлығы – ана тілі. Тілін жоғалтқан халықтың жеке мемлекет болып басқа елдермен терезесі тең дәрежеде тұра алмайтындығы тарихтан белгілі. Сондықтан сан ғасырлар бойы арман болған тәуелсіздігімізге қол жеткізіп, егеменді ел болып жатқан сындарлы кезеңде мемлекетіміздің нышаны ана тілімізді бүкіл тіршілігіміздің түп қызығына айналдыру – әрбір ұлтжанды азаматтың басты міндеті, – деп көкейіндегі ойын көпшілікке жеткізді.

Сонымен қатар, ұлттық болмысбітіміміздің тағы бір қайнар бастауы тіректі территориямыз, шегендеулі шекарамыз. Қазір әлемде 6-7 мыңдай тіл, ұлт, ұлыс бар болса, соның 200-дейінің ғана мемлекеттігі, яғни жері бар. Қалған ұлттардың барлығы әйтеуір өлместің күнін кешуде. Бұл жайында аудандық жер қатынастары бөлімінің басшысы Әбілғазы Төлегеновтың да пікірін білгенді жөн көрдік.

– Қазақ халқының ең үлкен баға жетпес байлығы – жер. Біздің атабабаларымыз да жердің тіршілік үшін қадір-қасиетін, мән-маңызын барынша ұғынып, оны көзінің қарашығындай сақтай білуге аянып қалмаған. Сол себепті де, туған жерді қорғау әрбір азаматтың ел алдындағы ұлттық парызы. «Ата мекен – алтын бесік» деп, ата-бабамыз тегін айтпаған. Әр адам өз туған жерін мақтаныш етеді, қадір тұтады. Туған жерге қызмет ету – әрбір азаматтың игі арманы, мақсат-мүддесі. «Ұлтарақтай болса да, ата-қоныс жер қымбат» – деген мағынасы терең мақалдың көпшілік жүрегіне үлкен ілтипатпен орын алары анық, – деп ойындағысын ортаға салды.

Иа, қазақтың даласы – қазақтың тарихы. Мемлекет басшысы ҚасымЖомарт Тоқаев өзінің «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласында: «Бізді қай заманда да қиындықтардан аман алып келе жатқан басты құдірет – ел бірлігі. Ынтымағы жарасқан жұрттың қашанда ұпайы түгел... Ұлтаралық татулық пен келісімді сақтау – мемлекеттік органдардың ғана емес, бүкіл қоғамның және әрбір азаматтың міндеті», деді. Бұл тәуелсіз еліміз үшін ең асыл қасиет екенін естен шығармай, тұғыр биігінде ұстай білейік.

Әсел РЗАЕВА
27 наурыз 2023 ж. 850 0