» » "Ұлы Дала жорығы" Созақ ауданында

"Ұлы Дала жорығы" Созақ ауданында


Еліміздегі бірегей жоба - «Ұлы Дала Жорығы» атты республикалық марафон - бәйгесінің бүгін 9-шы күні. Бұл күні шабандоздар Созақ ауданының шекарасына келіп жетті. Мұнда олар 300 шақырымды шауып өтіп, Түркістан қаласына бет түзейді.

  Марафонға қатысушылар бүгін Қыземшек кенті, Тайқоңыр елді мекенінің маңына ат басын тіреді. Дүбірлі доданың 9-шы күні Түркістан облысының шабандоздары алғаш болып мәре сызығын қиды. Екінші орынды Маңғыстау облысы командасы келді. Үшінші орынды Ақтөбе облысы командасы жетті. Төртінші болып мәреге Қызылорда облысы командасы келді. Сондай-ақ Шығыс Қазақстан және Абай облыстарының марафоншылары да мықтылар қатарында. Қазіргі таңда 19 команданың бас - аяғы 7 команда жарыс жолында келеді. Ал 12 команда түрлі себептермен жарыс жолынан шығып қалды.

Марафон бәйгеге қатысушылар Созақ ауданының аумағына үш күн қонады. Қыземшек кенті, Тайқоңыр елді мекені тұсында ат аяғын суытады. Одан соң Қаратау ауыл округінің Сарыжаз елді мекенінде ат басын тірейді. Одан ары қарай Шолаққорған ауыл округі, Абай елді мекеніне жол жүреді.

Шабандоздар 29 қыркүйек күні таңертең Түркістан қаласына бет алады. Марафон - бәйгенің нәтижесі осы қалада белгілі болады. Бүгінгі 9 күндік марафон бәйгенің нәтижесі төрешілердің есептеуімен кешкі сағат 22:00-ден соң белгілі болады.

Айта кетейік, марафон бәйгеде Қызылорда облысының намысын Жаңақорғандық шабандоздар қорғауда.

Ақпарат әріптесіміз Габит Сапарбеков фейсбук парақшасынан алынды.

28 қыркүйек 2022 ж. 508 0