Соңғы жаңалықтар

№101 (8812) 24

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Жол сапасы сын көтере ме?

Жол сапасы сын көтере ме?


Жаңақорған елді мекендерге қатынайтын жолдардың мәселесін шешкен бірден-бір аудан. 26 ауылдық округ пен кенттегі облыстық, аудандық маңызы бар автожолдар қайта жаңарды. Бұл өте қуанарлық жағдай, дегенмен, жолдың сапасына келгенде сын көтермейтін тұстар бар. Кенттегі кейбір көшелердің жолы шұрқ тесік екені көзге сүйелдей көрініп тұр. Мәселен, бас көшенің асфальтіне 2 жыл да болмады, жамау-жамау күй кешті. Міне, қадағалау мен бақылау нақты болса мұндай жағдай болмас. Мемлекет басшысының әкімдер рейтингі жолдардың жағдайы арқылы өлшенетінін ескерткен болатын. Осыған байланысты аудан басшысы да нақты межені міндеттеді.

  Жаңақорған ауданы аумағында автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы 451 шақырымды құрайды. Оның 101 шақырымы республикалық, 157,9 шақырымы облыстық және 192,1 шақырымы аудандық маңыздағы автомобиль жолдары санатында. Сонымен қатар, 26 кент және ауылдық округтің 526 көшесі 586,4 шақырым болады. Осы бойынша атқарылып жатқан жұмыстардың жөн-жобасын аудандық тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінен білдік.

– 2022 жылы аудан көлеміндегі автомобиль жолдары мен елді мекен көшелерін жөндеуге 869,4 млн теңге қаржы қаралды. Оның ішінде, республикалық бюджеттен – 264,2 млн, облыстық бюджеттен – 174,4 млн және аудандық қазынадан – 430,8 млн қаражат жұмсалуда. Оған қоса биыл 2 көпірді жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Дегенмен, аталмыш жобаларды толық аяқтауға облыстық бюджеттен 181,8 млн теңге қажет, – деді бөлімнің бас маманы Дәулет Оразәліұлы.

Биыл 4 ауылға кіре беріс жолдар қайта жаңғыруда. Соның бірі – «Самара-Шымкент-Аққұм» автомобиль жолы орташа жөнделуде.
– 2022 жылы жөндеу жұмыстарын жүргізуге республикалық және облыстық бюджеттен 174,7 млн теңге бөлініп, мемлекеттік сатып алу конкурсы жүргізілді. Сөйтіп «Жаңақорған Жібек жолы» ЖШС-мен келісім-шарт жасалған. Мердігер тарапынан бүгінгі күнге автомобиль жолына асфальт төсеу жұмыстары жобаланып, қазан айында пайдалануға беріледі. Одан бөлек, «Самара-ШымкентТалап», «Самара-ШымкентҚыраш» және «Тау самалы лагеріне кіре беріс» автомобиль жолын орташа жөндеу жүргізілуде.

– Дұрыс, дегенмен бақылауды күшейту маңызды. Бұл бойынша қандай жұмыстар атқарылуда?
– 2021 жылы көшелердің жөндеу жұмыстарының сапасын бақылау мақсатында «Жол активтерінің сапасы ұлттық орталығы» Қызылорда облысының филиалымен аудандық бюджет есебінен 6,1 млн теңгеге келісім шарт жасалды. Келісім шарт шегінде Жаңақорған кенті көшелері мен аудандық маңызы бар «Самара-Шымкент-Жайылма», «Кеңес-Бесарық су қоймасы» автомобиль жолдары, Сүттіқұдық ауылдық округі Ш.Торғаев көшесі, Талап ауылдық округі Темір жол көшесі, Қожамберді ауылдық округі, М.Көкенов және Шадиков көшесінің құрылыс материалдарына зертханалық сынамалар жүргізілді.

Биыл жоғарыда айтылған аудандық маңыздағы 4 жолдың сапасы мен құрылыс материалдарына сараптама жүргізу үшін «Жол активтерінің сапасы ұлттық орталығы» РМК Қызылорда облыстық филиалымен 7,3 млн теңгеге келісім шарт жасалды. Зерттеу жұмыстарының құрамында: қиыршық тас құрамын анықтау, асфальттың суға қанығуын, тапталуын, қысымға төзімділігін анықтау жұмыстары қамтылған. Сондай-ақ, материалдардың ЖСҚ-да көрсетілген материалға сәйкестігін тексердік.

– Сапасы қалай енді?

– Иә, қазір барлығы қырағы қадағалауда. Кезіндегі кеңшілік жоқ қазір, сапалық өлшем маңызды. Сондықтан биылғы жұмыстарға әзірге көңіл толады. Ал, кент ішіндегі ой-шұқырлы көшелер де ретке келтіріледі. Алдағы жоспарға тоқталсақ, 2014 жылы орташа жөндеу жүргізілген «Самара-Шымкент-Екпінді» автомобиль жолының 4-6 шақырымы мен 2015 жылы орташа жөндеу жүргізілген «Әбдіғаппар-Төлегетай-Хорасан ата» автомобиль жолының 9-12 шақырымы орташа жөндеуді талап етеді. Сондықтан аталған жолдарды орташа жөндеу жобасметалық құжаттамасын әзірлеуге және ведомствалық сараптамадан өткізуге – 4 млн 792,1 мың теңге қаржы сұралуда.

Сондай-ақ, «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы бойынша 2023 жылы елді мекендердің жалпы ұзындығы 64,15 шақырым 54 көшесін орташа жөндеуге 1 598 197,9 мың теңге қаржыға бюджеттік өтінім Қызылорда облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасына ұсынылды.

Жауапты маманның айтуынша 2022 жылы 17 елді мекеннің ұзындығы 21,1 шақырым көшелерін жөндеуге аудандық бюджеттен 430,8 млн теңге қаржы қаралған. Қазіргі уақытта Әбдіғаппар ауылының А.Құнанбаев, Аққұм ауылының С.Базарбаев, Ақсуат ауылының Ш.Құдайберді көшесінің жөндеу жұмыстары аяқталып, пайдалануға берілді. Жыл соңына дейін барлық көшелердің жөндеу жұмыстары аяқталады екен.

Қалай десек те, жол сапасының сын көтеруі ең маңызды іс. Сондықтан, жауапты мамандарға ғана сенім артпай, жергілікті жұрт та бейқам қалмауы тиіс. Әсіресе, көше асфальттарына сол көшенің тұрғындары жауаптылық танытса игі. Қорыта айтқанда, құзырлы органдар құзыреттілігін білдіргенімен, біз бенсіз де білек сыбана бақылауға кіріссек бітпейтін іс болмайды. Ендеше, уақыт оздырмай салынып жатқан жолға мән беріңіздер.

Әлібек Жарықбаев


26 қыркүйек 2022 ж. 677 0