«Әкімдердің

25 қараша 2024 ж.

№93 (8804) 23

23 қараша 2024 ж.

№92 (8803) 19

19 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930 
» » Бифат - байқау жеңімпазы

Бифат - байқау жеңімпазы


5 қыркүйекте Нұр-Сұлтан қаласында ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің Тіл саясаты комитеті «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми - практикалық орталығымен бірлесе отырып ұйымдастырған «Мемлекеттік тіл және БАҚ» республикалық байқауы қорытыланды.

Байқауға 153 материал ұсынылыпты. Жеңімпаз жүлдегерлерді анықтауға ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары Дархан Мыңбай мен Жанарбек Әшімжанов, қарымды қаламгер, белгілі журналист Қайнар Олжай, Әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы Намазалы Омашев, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті «Телерадио және қоғаммен байланыс» кафедрасының меңгерушісі, филология ғылымдарының кандидаты, доцент Серікзат Дүйсенғазин қазылық етті.

Қызу талқылау, терең талдаудың нәтижесінде «Үздік мақала» номинациясы бойынша І орынды (жүлде қоры 500 000 теңге) республикалық «Жас Алаш» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі Елтаева Бифат Нұрмаханқызы жеңіп алды.

Байқау қорытындысында ІІ орын «Egemen Qazaqstan» газетінің аға тілшісі Айдана Шотбайқызына, ІІІ орын «Төле туы» қоғамдық-саяси газеті редакциясының бөлім меңгерушісі Төлеген Ахметовке бұйырды. Бас жүлде Жамбыл облыстық «Ар-Ай» жастар газетінің тілшісі Әбдір Шапағатқа бұйырды.

Ауданымыздың Қандөз ауылында туып - өскен Бифаттың бұл жетістігін қарымды қаламгер, өңір жазармандарының ұстазы, әкесі Нұрмахан Елтайдың есімінен бөліп қарай алмаймыз. Әкесінің перзент бойындағы ерекше дарынын бала күнінен байқап, жазушылыққа баулығаны жөнінде Бифаттың өзі былай дейді:

– Мен екінші сыныпта оқып жүргенімде әкем маған Шерхан Мұртазаның «Ай мен Айша» романын әкеп берді. Былай қарағанда шығарманың тілі бүлдіршін үшін ауыр, мен сол кітапты аяғына дейін оқып шықтым. Онымен қоймай кітаптың басты кейіпкері – бала Шерханмен бірге аспандағы аймен сырласатынды шығардым. Ойдағы қиялдарымды ақ қағаз бетіне түсіруге тілім жетпегенде суретпен салып, балалық бал дәуреннің ойын - күлкісінен қалып, оңашаланып өскенімді де жасырмаймын. Өзім Ыбырай Алтынсарин атындағы №219 қазақ орта мектебін үздік тәмамдап, Қыздар университетінің филология факультетіне оқуға түстім. Жан қалауым – журналистика мамандығы еді, әкем қыз бала үшін ауыр кәсіпті арқалануыма қарсылық танытты. Тіл-әдебиеті мамандығы да жаныма жақын, бірақ журналистикаға деген құмарлығым менің еркімді қоймай КазГУ-дің журналистика факультетіне жетелеп алып келді, – дейді ол.

Еңбек жолын Қызылорда облыстық «Шарайна-Сейхун» газетінде тілші болып бастап, 2014-2016 жылдары басылымның редакторы ретінде шыңдалып, кейін республикалық «Айқын» үнжариясында қызмет етті. Ал 2020 жылдан бері республикалық «Жас Алаш» қоғамдық - саяси газетінің тілшісі.

Талантты арудың Бифат деген ерекше есімді еншілеуінің де астарында әлдеқандай сыр барын топшылауым тегін болмады. Осыны өзінен сұрағанымда ол әдемілеп бір күліп алды. «Дұрыс айтасыз. Бұл есім маған Оспанхан Әубәкіров ағаның аманатымен қойылған» деді.
Қазақтың саңлақ сатиригі Оспанхан аға сол кездері сын-сықақ жанрына тәй-тәй қалам тербеп, қоғамдағы кемшіліктерді астарлы юмормен сыпайы түйрей білуде талабы зор жігіттің қадамына үмітпен қарап, Нұрмахан інісін қамқорлығына алып жүреді екен. Туған бауырындай тұтып жақын араласқан. Сол кездері үш ұлынан бөлек қызды болса есімін Бифат қойғысы келетінін айтып жүреді екен. Бірақ өкінішке орай ол кісінің маңдайына қыз бала бұйырмаған соң қалаулы есімін Нұрмахан інісіне тарту еткен ғой. Тоқсан екінші жыл. Қызды болып қуанған Нұрекеңнің есіне жаңағы есім қапелімде түспей қойса болар ма? Оспанхан аға өмірде жоқ. Бүлдіршіннің атсыз өсіп жатқанына бір ай. Содан жан қиналғаннан бір дін өкіліне барып, кітапты аштырып, осының ішінде кездесетін өзгеше бір ат еді, тілімнің ұшында тұр деп жағдайын айтты. Содан Құран кітабынан есімдер тізбектеле жөнелді: «Бибіхадиша, Әмина, Зейнеп, Бибіайша, Халима, Бибіфатима» «Міне, осы ат» деп жабысты Нұрекең Бибіфатимаға. Сөйтіп шақалақтың құлағына азан айтып қойылған есімі – Бибіфатиманың тарихы қысқаша осылай. Бифат Алматыға келген соң ардақты ұстаз орнына тәу етіп арнайы соғып, шаңырағын күзетіп отырған қарт ананың қолынан шәй ішті. Қазірде жиі хал-жағдайын біліп тұрады екен.


10 қыркүйек 2022 ж. 273 0