Цифрлық экономика – ең негізгі салалардың бірі
Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің «Экономика және құқық» институтының директоры, экономика ғылымдарының кандидаты Нұрлан Құлмырзаев Мемлекет басшысының биылғы Жолдауына қатысты пікір білдіріп, еліміздің болашақ дамуы мен ертеңгі күнге бетбұрысы айқындалғанын атап өтті.
«Мемлекет басшысы жыл сайынғы дәстүр бойынша Қазақстан халқына Жолдауын жариялады. Құнды құжатта еліміздің болашақ дамуы мен ертеңгі күнге бетбұрысы айқындалғандай. Әсіресе, ақпараттық қоғамның дамып тұрған тұсындағы мәселелер айтылды. Шыны керек, қазір ақпараттық технология әрбір мәселенің шешімі ретінде қарастырылады. Бұл цифрлық экономика – ең негізгі салалардың бірі. Жолдауда айтылғандай салық жүйесін цифрландыру, агрожүйелерді аэрофлотты түсірілім арқылы анықтау секілді сандық технологиялар дамуда. Яғни, жасанды интеллект елдің басқаруына жасап жатқан тың қадамдары деуге болады», – деді Нұрлан Құлмырзаев.
Институт директоры білім мен ғылымға назар аударып, жастардың ізденісіне жол ашылып жатқанын да айтып өтті.
«Қазіргі таңда біздің елімізде отбасылардың әлеуметтік картасы жоқ. Егер Жолдауда айтылғандай, атаулы әлеуметтік көмектің бірыңғай жүйесі құрылса, азаматтардың әл-ауқатын жақсарту ісіндегі маңызды қадамның бірі орындалар еді. 2023 жылдан бастап «Отбасының цифрлық картасы» және «Әлеуметтік әмиян» сияқты тәсілдерді енгізу жоспарланып отыр. Осы бастамалар аясында мемлекеттік қолдаудың түрлі шаралары біріктіріледі деп күтілуде. Жолдауда Президент: «Интернет және телефон арқылы жасалатын алаяқтық әрекеттерге айрықша назар аудару керек. Құқық қорғау органдары мұндай қатерлерді анықтап, қылмыскерлерді құрықтау үшін ақпараттық-сараптама жұмысын күшейтуі қажет. Сондай-ақ, азаматтардың құқықтық және қаржылық сауатын жүйелі түрде арттырған жөн» деп нық тапсырма берді. Бұл ретте қарапайым халықтың құқықтық және қаржылық сауатын арттыру арқылы олардың цифрлық технологиямен қабаттаса дамыған алаяқтық әрекеттерге ұшырамауының алдын алу екені түсінікті», – деді Нұрлан Құлмырзаев.