» » Еңбегімен еленген азамат

Еңбегімен еленген азамат


1965 жылы жазғы каникулға келгем. Алматыдан туберкулезға қарсы күрес ғылыми орталығының мамандары келіп, ауыл тұрғындарына медициналық көмек, байқау жүргізіп жатыр екен. Ауылдық аурухана жанына жылжымалы рентген – флюро аппаратын қойған. Астанадан келген дәрігер, лаборанттар адамдарды қабылдап, рентгенге түсіріп, анализдер алып, қызу жұмыс жасауда. Сәлем бере барған мені ауыл дәрігері «Біздің болашақ дәрігеріміз, Алматыда мединститутта оқиды» – деп, екі ер кісіге таныстырды. Бірі келген топтың басшысы, медицина ғылымының кандитаты, рентгенолог Хасенов, екіншісі жап-жас сымбатты келген аудандық туберкулез ауруханасының бас дәрігері Егенберді Әмитов. Екеуі мені әңгімеге тартып, «Бізге көмек етуге кел, өзің де тәжірибе жинақтайсың» - деді. Мен келісімімді беріп, сол жерде жұмысқа араласып кеттім. Жасы шамалас Ерекеңмен тез тіл табыстық. Ерекең барған жерлерде шаруашылық,бөлімше басшыларымен ұйымдастыру жұмыстарын жүргізеді. Болған жерлерімізде келген мамандарды пайдаланып, жергілікті аурухана, медпункт қызметкерлерімен оқыту, үйрету жұмыстарын ұтымды жүргізді. Кейіннен білдік қой, туберкулезбен күресу мәселесі күрделеніп тұрған кезең екен.

 Балалар  дәрігерлері эпидемиолог дәрігерлер жоқ, туберкулез саласын меңгерген дәрігерлер де жоқтың қасы. Осының орнын толтыру мақсатында туберкулезді балалар арасында Манту арқылы анықтауды ендіріп, оны жоспарлау, сынама қорытындысы бойынша әрі қарай жұмыс тәсілдерін жүргізу талабын қолдап, туберкулезге қарсы егу (БЦЖ – вакцинасы), оны жүргізу әдістерін, әрі қарай қалай жүргізу керектігі, флюро байқауға түсуге қажетті адамадарды (контигенттер) жоспарлау т.б. туралы кеңестерін, лекцияларын, практикалық тұрғыдағы жұмыстарды бірге ұйымдастырдық. Арасында кештетіп тауға, дария бойына қонақтарды апарып, көңілдерін де көтеріп қояды. Қонақтар да өз кезегінде көрсетіп жатқан қызметіне, ұйымдастыру жұмыстарына ризашылықтарын білдіре отыратын.

 Маған күнделікті жұмыстың ұнағаны, сол топпен еріп, Талап, Бесарық, Задарья елді мекендерінде де жұмыс жасастым. Осы жарты айдың ішінде өзім де көптеген медициналық, техникалық тәжірибе жинақтадым. Үлкендермен қарым- қатынас, ұйымдастыру жұмыстарынан да сабақ алдым. Қазір ойласам, 25 жастағы маманның осындай ауқымды жұмыс жасауды игеруі Ерекеңнің өзінің де басшылық – ұйымдастыру жұмыстарына икемделуіне әкелді-ау деп ойлаймын.

 1969 жылы институтты бітіріп, елге жұмысқа келдім. Ерекеңмен қайта кезігіп, 1985 жылдың аяғына дейін жұмыс жасастым. Ерекең содан соң Жаңақорған санаториясына бас дәрігерлікке ауысты.

Аудан медицинасының тарихы туралы ой қозғасаң, осы саланың өсіпөркендеуінің сағасында Ерекең салған жол тұрады. Бөле қарауға болмайтын, бірін-бірі толықтырып тұрған тарих.

 1963 жылы Ақтөбе мединститутының алғашқы бітірген түлектері облысқа, аудандарға жолдамамен келген. Солардың бірі Егенберді Әмитов. Келесі жылдары да Ақтөбе, Алматыдан жас мамандар біраз келген. Негізінен осы дәрігерлер аудан медицинасының тарихи шежірелі ортасын қалыптастырды. Соның дәлелі, 1964 жылы Е.Әмитовты аудандық туберкулез ауруханасына бас дәрігер етіп сайлауы. Осылайша Ерекеңнің басқару жұмысы басталды. Ұйымдастыру, басқару оңай шаруа емес – бұл өзгелерге барлық жұмыстарды өздері істеуге мәжбүр ету өңері. Соңғы жауапкершілікті өз мойнына алу. Отыз бес жылдан астам басқарудың әртүрлі саласында қызмет ету, көрінгеннің басына қонатын бақ емес. Бұл өзінің жеке басының адами азаматтық қадірқасиетімен сабақтасқан басқару өнерінің жемісі...

 «Жалғыз ағаш орман болмайды» дегендей, Ерекең де Бақбаев Молдахмет, Сыптаев Қалила, Попова Галина Викторовна, Нәбиев Асан, Қожахметова Зоя, Оспанов Нұрлақ сияқты алдыңғы буындармен, өзімен қатарлас, кіші буындармен жұмыс жасаса жүріп, өзара тәлім-тәрбие ала өсіп жетіледі.

 Ерекеңді аудан медицина тарихынан бөле қарамау керек. Кейінгілер біле жүрсін деген мақсатта жаза кетейін!
 – Сол уақыттарда Сырдарияның сол жағалауында канал жүргізіліп, жаңадан кеңшарлар ашылды. Шеттен көптеген халық көшіп келді. Аудан халқы екі есе көбейді, бұл қосымша медициналық мекемелер ашуды, материалды-техникалық жабдықтау, кадрлармен қамтамасыз етуді талап етті. Сол жағалаудың өзінен төрт ауылдық аурухана: Түркістан, Келінтөбе, Қожакент, Задария және бірнеше медпункттер ашылды. Аудандық аурухана, Төменарық, Бірлік, Талап ауылдық ауруханаларының төсек саны арттырылды.

 Ауданның барлық елді мекендерінде медициналық көмек көрсететін орындар ашылды. Малшылар қауымы үшін арнайы жылжымалы фельдшерлер тағайындалды. Осылардың барлығы аудан халқына жоспарлы, жүйелі түрде медициналық көмекті жүргізуге мүмкіндік берді.
 Аудан медицина саласында ұзақ жылдар бұқарамен, ұжымдастармен тіл табыса жұмыс жасау Ерекеңді әмбебап азамат, өз саласының білгір маманы етіп шығарды. Елге еткен еңбегі халықтың алғысымен айшықталып, үкімет тарапынан «Құрмет белгісі» ордені, «СССР медицинасының үздік қызметкері», тағы басқа марапаттармен уақытысында өз бағасын алды.

 Ерекең адамның арына тиіп сөгу, айқаймен жұмыс жасамады. Қызметкерлерінің жағдайына қарап, санасып, барлығымен теңдей қатынаста бола білген жан. Мен өз басым жеті аудандық бас дәрігермен жұмыс жасастым, барлығының да өзіндік ерекшеліктері, өзінің жақсы қызметтері, қасиеттері болды. 

 Ерекеңнің өзгешілігі – ары, қолы таза, көпшілдігі еді. Сондай тазалығының бір белгісі зейнеткерлікке шыққан соң, кейбір жандар сияқты кеңсе жағалап әкімгершілікке барып жағдай айтып, орынсыз киліккен емес, бұл да тектілік.

 Ерекең мен жеңгеміз Дариха екеуі отбасындағы бала тәрбиесіндегі ұстанымынан да үлгі аларлық жандар. Балаларының барлығының білім алуларына мүмкіндік жасады. Олар да өздерінің таза еңбектерінің арқасында өмірден өз орындарын тауып, абыройлы қызмет етуде.
 
 «Тектіден текті туады, тектілік тұқым қуады» – деп халқымыз бекер айтпаған. Адал, елеулі еңбегімен, азаматтығымен артына із қалдырған Ерекеңнің ізін жалғастырушылары да жақсы аттарымен танылуда.
Көз көрген замандастары осы өмір жалғастығы баянды болсын деп тілек етеміз.

Қалаш Басқожаев, «СССР Медицина ісінің үздік қызметкері»,
Қазақстан Республикасы «Алтын дәрігер» төсбелгілерінің иегері.
Жаңақорған ауданының «Құрметті азаматы»
10 тамыз 2022 ж. 313 0