№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Сөз өнері – өмір өрнегі

Сөз өнері – өмір өрнегі


«Тау самалы» балалар тынығу лагерінде аудандық мәдениет үйі қызметкерлерінің ұйымдастыруымен мектеп оқушылары арасында Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі Дүкенбай Досжановтың жинағынан көркем сөз оқудан, «Еңбектегі ерен ерлігі үшін» медалінің иегері Мұхтар Шахановтың шығармаларынан монолог оқудан байқау өтті. Сайысқа 13 жас талапкер қатысып, олар ақын шығармаларын мәнерлеп оқу бойынша өзара сайысқа түсті.

Балалар жылына орай ұйымдастырылған көркем сөздің көсегесін көгертер шебер иелері әуелі ХХ ғасырдың 60-жылдары әдебиетке келіп, қазақ прозасының дамуына айрықша үлес қосып, құнарлы қаламынан 10 роман, 20- дай хикаят, 100-ден аса әңгіме дүниеге келіп, қалың оқырманның көзайымына айналған Дүкенбай Досжанның шығармасынан өздері қалаған туындыны оқып сахнаның шырайын келтірді. Осылайша әдебиет әлеміне саяхат жасаған біздер бір уақыт рухани демалыстың куәсі болдық. Жастар кітап әлемінен қол үзіп бара жатқан шақта әдеби әлеммен қауыштыратын мұндай байқаулардың қажет екеніне тағы бір көз жеткіздік.

Бірінші болып сахна төріне шыққан жалағаштық Дінмұхаммед Бекасыл жазушының «Мектеп» әңгімесінен үзінді оқыса, Жалағаштың Ақсу ауылынан келген Аяулым Таңсықбай қызымыз «Кешірім» шығармасын ұсынды. Жаңақорғандық Айбол Әмитбек болса «Мектеп», Қармақшыдан келген Арман Сайлаубек «Құлын үйрету» ал көрші аудан Шиеліден келген Аделя Медетбай болса жазушының «Мейірбан досымның оқиғасы» туындысын оқып, әлемнің 20 тілінде жеке кітаптары, 2002- 2003 жылдары аралығында 13 томдық шығармалар жинағы жарық көрген жерлес жазушының шығармаларына шолу жасады.

Нәтижесінде Сайлаубек Арман «Бас жүлдені» қанжығасына байласа, бірінші орынды Дінмұхаммед Бекасыл, екінші орынды шиелілік Аделя Медетбай, ал үздік үштікті Аяулым Таңсықбай мен Айбол Әмитбек қорытындылады.Одан әрі қазақтың көрнекті ақыны, қоғам қайраткері, жастарға жігер берер өлеңдерімен адамды рухтандыратын Мұхтар Шахановтың шығармасынан сыр шерткен жаңақорғандық қос ару Шакира Сабыр мен Аружан Берікқызы «Ғайша», Жалағаштан келген Айару Сабыр «Желтоқсан алаңы», Сымбат Қыпшақбай болса «Махамбеттің соңғы сөзін», ал Қармақшыдан келген Ақниет Әскербекқызы болса ақынның «Ғайшасын» оқығанда жүректі тебірентпей қоймады. Шиелілік Раяна Медетбай «Уақытша жеңістер», Сырдариялық Балнұр Тыныштықбай «Махамбеттің соңғы сөзін» ал жаңақорғандық Нұрсезім Байхон болса лирик ақынның «Махаббатты қорғау» шығармасын оқып, көпшілікті әдебиет әлеміне самғатты.
Соңында байқаудың жеңімпазы ретінде мәнерлеп оқу, образға еніп көрерменді баурауымен ерекше көзге түскен қармақшылық талантты қыз Ақниет Әскербекқызы «Бас жүлдені» иеленсе, бірінші орын Раяна Медетбайға бұйырды. Екінші орыннан Сымбат Қыпшақбай көрінсе, үздік үштіктен Айару Сабыр мен Балнұр Тыныштықбай көрінді. Шакира Сабыр, Аружан Берікқызы және Нұрсезім Байхон болса сайыс ұйымдастырушыларының «Алғыс хатына» ие болды. Сондай-ақ барша қатысушыларға ұйымдастырушылар тарапынан сый-сияпат көрсетілді.
Облыстық халық шығармашылығын дамыту және мәдени продюсерлік орталығының, халық шығармашылығын дамыту бөлімінің маманы, қазылар алқасының төрағасы Расул Әлімжан «Бұл байқау болғанымен жастарға берер тәрбиелік тағылымы мол шара. Қазіргі таңда әдебиетіміз шарықтап тұр деп айта алмаймын. Көп адам кітап оқымайды. Ең бастысы бұл байқау балаларымызды кітапханаға баруға мәжбүрледі. Өзің оқитын шығарманы жаныңмен түсінбесең, көрерменге жеткізе алмайсың. Сайысқа қатысушылар осыны ұқты» деп өз ойын білдірді.
Расында байқауда бағын сынағандардың дені тіл тазалығын сақтап, сахна мәдениетін толық меңгеріп кетпесе де, әдебиетке ғашық екендіктерін дәлелдей білді. Әр сөзді мағыналы етіп, жүрек көзінен өткізіп, көрерменге шебер жеткізе білуімен ерекшеленді.





Лаура Бибасарова

18 шілде 2022 ж. 499 0