» » Құрбан айт Қабыл болсын!

Құрбан айт Қабыл болсын!



Асыл дінімізде дәріптелген Құрбан айт мерекесін атап өту біздің айнымас парызымызға айналып, ұлы дала төсіндегі ұлық мереке болып қалыптасты. Өйткені, қасиетті мереке елдің бірлігін күшейтіп, татулық пен ынтымақты арттырып, бауырлардың арасын нығайта түседі. Жалпы, Құрбан айт мерекесінің түп тамыры көнеден келе жатыр. Біз осы мереке қарсаңында ауданның бас имамы Әбдіхалық қажы Махмұтұлымен жүздесіп, мұсылманға парыз болған қасиетті амал турасында тілдестік.

– Алла қаласа, Құрбан айт мерекесі жақындап қалды. Осы орайда мерекенің қадір-қасиеті, нығмет-өсиеті жөнінде ой бөліссек дейміз.
– Биыл Қазақстан Мұсылмандар діни басқармасы жариялаған кестеге сәйкес Құрбан айт мерекесі 9-11 шілде аралығында өтеді. Бұл мереке Ораза айтынан кейін 70 күннен соң келеді. Жалпы, Құрбан айт исламдағы қасиетті екі мерекенің бірі. Адамның ізгі амалдары арқылы Аллаға жақындай түсетін мейрам. Құрбандық шалу – ұлы ғибадат, тамыры терең тарих. Айтулы мерекенің тарихы сонау Ибрахим (ғ.с.) пайғамбар заманынан бастау алады. Құрбан айт мерекесінде тек құрбандық шалынып қоймай, ішкі ниет пен пейіл, дінге деген беріктік таразыға түседі. Демек, адам бойындағы жақсы-жаман қасиеттер сарапқа салынады. Алла Тағала мұсылмандарға нәсіп еткен бұл мейрамда көпшілік тазаланып, әдемі киініп, мешітке айт намазына қатысады. Айт намазын оқып болғаннан кейін бір-бірін мүбәрәк мерекемен құттықтап, өкпереніш болса кешіріп, бауырмалдықпен қауышады. Мейрамның аты меңзеп тұрғандай дүниесі мол, жүрегі ізгі жандар зекет беріп, құрбан шалып, мұқтаж жандарға үлестіреді.
– Мал-мүлкі бар, жағдайы келген адам құрбандық шалатыны белгілі. Жалпы, біздің ауданда құрбандық шалушылар қатары көп пе?
– Әрине, малдан зекет беруге шамасы жететін адам құрбандық шалады. Егер адамның дүниесі көп болатын болса үйдегі әйелі үшін де, өзі үшін де құрбан шалғаны дұрыс. Құрбандыққа шалынған малды үшке бөліп, бір бөлігін өзіне алып, бір бөлігін жетім-жесірге таратып, үшінші бөлігін ағайындарымен бірге жеуіне болады. Егер құрбандық шалған адамның бала-шағасы көп болып, дүниесі орташа болатын болса сойылған малдың барлығын өзі жеуіне болады. Бастысы – құрбандық шалынуы шарт. Оның қанымен біздің күнәларымыз кешіріледі деген сөз. Құрбандық деген – біздің қимас дүниемізден қиып беруіміз. Сойылатын малдың да жақсысы болғаны абзал. Ертеңгі күні қияметте сират көпірінен өте алатындай, сіздің көз-қуанышыңыз болатындай, малдың ішіндегі қоңдысы болуы керек. Негізінен, құрбандыққа шалатын уақ малдың жасы бір жастан асуы керек. Ерте туған тоқтылар болса, олар 6 айдан асқан, қозыдан үлкен болғанда союға болады.
 Биыл да жылдағыдай құрбандық шалуға ниеттеніп келіп жатқан адамдар көп. Құрбандыққа шалынған малдарды әдеттегідей тізімде тұрған тұрмысы төмен және мүмкіндігі шектеулі мүшесі бар отбасыларға бөліп береміз. Қазір бізде тізімде 200-ден аса отбасы бар. Біз соларға кезекпен көмек беріп отырамыз. Өткен жылы 40-тан аса уақ мал, жеті ірі қара мал құрбандыққа шалынды. Соның барлығы аз қамтылған отбасыларға бөлініп берілді. Бұл тұрғыда өзінің аты-жөнін жариялап, атақ шығаруды құп көрмейтін қайырымды кісілер көп. Мысалы, бізге көбірек қамқорлық көрсететін Алматы қаласындағы «Асыл бастау» қайырымыдылық қоры туралы айтайын. Сол қордың бір жігіті біздің ауданның тумасы. Сол жігіттер Құрбан айт мерекесінде жылда біздің ауданға келіп құрбандық шалып отыруды әдетке айналдырған. Мәселен, олар алдыңғы жылы келіп 53 бас, былтыр қырық шақты қойды құрбандыққа шалды. Одан өзе ірі қара соятындар да кездеседі.
– Бізге белгілі, жылда Құрбан айт мерекесі тойланатын үш күнде тұрғындар құрбан шалып, дастархан жайып жатады. Кейде бір күнде 5-6 отбасы қатар қонақ күтетіні бар. Мұндайда ысырап болары түсінікті. Ысырапкершіліктің қалай алдын аламыз?
 Құрбандыққа сойылатын малды 3 күнде сою – уәжіп, яғни міндет. Ал, оны сол үш күннің ішінде ас-ауқат қылу міндет емес. Кейінге алып, мұздатқышта сақтап, кез келген аптаның бір күнінде Құраныңызды оқытып, қонағыңызды күте беруге болады. Біздің ағайындар осыны түсінсе екен. Құрбан айттың үш күнінде ниет етілген малдың қанын ағызып, сойып алу міндет. Көпшілік сол үш күнде ас беруге асығып, арты ысырапқа ұласып жатады. Біз ысырапшылдыққа жол бермеуіміз керек. 
– Ұлық мерекенің қадір-қасиетін жастардың арасында қалай арттырсақ болады?
– Құрбан айт ізгіліктің мерекесі, балаларымызға осының маңызын түсіндіруіміз үшін өткен жылы хадия таратып, кішкентай балаларға 100- ге тарта сыйлық жасадық. Өсіп келе жатқан ұрпақ жаңа жылда ғана сыйлық күтпеу керек. Керісінше, өзіміздң діни мерекеміздің астарын ұғынып, ұлы мереке екенін түсініп, тарту-таралғыға кенеліп, өзгені қуанта білген қайырлы.
– Құрбан шалғанда нені ескеруіміз керек? Қандай қателіктерге жол беруге болмайды?
– Шариғатта адамның шамасы келмейтін міндеттер жоқ. Себебі, діннің өзегі – адамның ділін түзеу, тұрмысын реттеу. Шариғаттың әрбір әмірі мен тыйымының астарында адамның жеке басы мен қоғамға пайдалы хикметтер бар. Мәселен, құрбандық шалғанда ең алдымен құрбан шалынатын жер таза болуы керек. Малды соятын жерге ұрмай-соқпай апарып, оны құбылаға қаратып, сол жағымен жатқызылады. Сосын «Иә, Алла Тағалам, Ибраһим мен Мұаммед пайғамбарлардан қабыл алғаныңдай менің де құрбандығымды қабыл ала гөр!» деп бата жасалып, «Аллаһу акбар!», және «Лә иләһә иллаллаһ» деп айтылады.
 Айта кететін бір жәйт, кез келген мал құрбандыққа жарамайды. Қой мен ешкі төлінің жасы бір жасқа толған болуы керек. Ал, 6 айлық қозы болса бір жасар қой секілді қоңды болса союға жарамды. Бірақ ешкінің төлі міндетті түрде бір жасқа толуы шарт. Сиыр екі жасқа, түйе бес жасқа толғанда құрбандыққа шалуға болады. Сондай-ақ, құрбандық малының дені сау, етті және дене мүшелері түгел болуы керек. Оның бойында құрбандық ретінде шалуға кедергі келтіретін кемшіліктер болмауы қажет. Мәселен, құрбан малының екі немесе бір көзінің соқыр, бауыздалатын жерге өздігінен жүріп бара алмайтындай әлсіз, екі құлағының не бір құлағының басым бөлігінің жоқ болуы секілді кемшіліктері табылса, жарамсыз болып табылады.
– Бірнеше адам бірігіп құрбан шалуына бола ма?
– Қой немесе ешкі іспетті ұсақ малды құрбандық ретінде тек бір адам ғана шала алады. Ал түйе немесе сиыр секілді ірі-қара малдарды бір кісіден жеті адамға дейін бірігіп немесе бір адам жеке өз атынан да соя алады. Құрбандық шалуға біріккен кісілердің барлығының ниеті құрбандық құлшылығын өтеу мақсатында болуы керек. Егер осы адамдардың ішінен біреуі құбандыққа тек ет алу ниетімен қосылса, барлығының да құрбандығы құрбандық ретінде саналмайды.
– Қасиетті мерекеге орай аудан халқына бір ауыз жылы лебізіңізді айтсаңыз.
– Құрметті мұсылман бауырлар! Игілік пен бірлік, ізгілік пен мейірімділік мерекесінде жасаған дұға-тілектеріңіз бен сауапты амалдарыңыз қабыл болсын. Егеменді еліміздің еңсесі биік, Тәуелсіздігіміз тұғырлы, халқымыз аман болсын!
– Сұхбатыңызға рахмет!

Айсұлу Алданазар
08 шілде 2022 ж. 693 0