Әмбебап мамандық
Журналист мамандығын таңдаған адамдар бақытты жандар деп білемін. Өйткені бұл басқа жағын былай қойғанда бір жасаған жұмысыңды қайтадан жасамайтын қасиетімен-ақ ерекше. Бұл жұмыс ел көргізеді, жер көргізеді. Адамдармен араластарып-құраластырады. Өзінің бір өмірінде бәленбай мамандықтың өмірін сүріп көруге мүмкіндік береді. Осы тұрғыдан қарағанда бұл ерекше мамандық. Бұл салаға осылай баға берген белгілі қалам иесі Сауытбек Әбдрахманов тілшілік тіршіліктің тынысын таразылап, түйінін тарқатты. Рас, бұл мамандық иесі болу, әрбір саланы жанымен жақсы көруге итермелейді. Сондықтан журналист ол – әмбебап адам.
Әмбебап болу – қазіргі уақыт пен нарық талабы. Журналист өзі редактор, өзі сарапшы, өзі психолог, өзі корректор, өзі маркетолог болса ғана жүз жүйріктің ішінен шылбырын үзіп, алға шығады. Қоғамда журналиске көрсетілер құрмет көбейіп, бұқара үшін беделі биік болғанмен, билік тарапынан журналистердің ел ішіндегі орны ешқандай санатпен белгіленбеген. Әрине, заң жүзінде журналистердің құқығы қорғалып жүр. Алайда ресми, кәсіби беделі асқақтамай келеді. Бұған себеп көп. Оны уақыт таразылар.
Кім-кімнің болмасын шыңдалуына шыны керек аудандық газеттің пайдасы көп. Өйткені, аядай ауданнан таудай туынды түсіру, тың тақырыпты қаламмен тербеу өте ауыр жүк. Енді тақырыпқа ойысайық. Рас, қаламгерлердің әр салаға қалам тербеуі сол мамандықтың маңызына мән беріп, келбетіне көрік сыйлайды. Алдымен, еңбек адамдарынан бастайық, елдің ішінде еленбей жүрген, кезінде нар күшімен тұрмыстың тауқыметін тартып, халық үшін қажырлы қызметте болған жандардың есімі қайта жаңғырады. Мәселен, Жаңарық ауылында тұратын сауыншы апайымды іздеп жүріп, еткен еселі еңбегін елге ұсынғанда жасы жетпістен асқан жетектеген кейуана көзіне жас алғаны әлі есімізде.
Содан кейін, спорт, мәдениет саласының салмағын сезіну үшін оның ішкі аурасына кіру де керекпіз. Әрине, өнер саласы әр қазақтың баласының бойында болған соң, сырлы сымбатын сұлу сөзбен әрлей алу қиындық тудырмасы анық. Әйтсе де, әрбір жанрдың өзіндік ерекшелігі, өзіндік өрнегі, өміршең өрлеуі бар. Сондықтан, эстрада, тетар, ақындық болсын, әр қойылымның қадір-қасиетіне қанығып, оқырманның жүрегіне жылы жеткізе білу де өнер. Сол секілді, спорт саласының сан қырын, әр спорттың салмағын түсіну, оны көрермендеріне жеткізу, маңдай термен келген жеңіске жан бітіре жазу да үлкен шеберлік.
Ал, экнономика, қаржы саласына терең бойлау ауырлау тақырып. Әсіресе, жаңарған қоғамдағы жаңаша жүйелердің жүгін көтеру оңай олжа емес. Әрбір инфрақұрылымға бөлінген қаржыны талдап жазу, жүйелеп, зерттеу өте күрделі құбылыс. Оны сол саланың ғана мамандары түсінеді.
Жалпы қоғамда болып жатқан әрбір іс-әрекетке үн қату, әр оқиғаны талдап жазу, әр құбылысты елге жеткізу журналистің қызметі ғана емес, өмірі. Қалың әлеуметтің қоғамдыө көзқарасын қалыптастырумен қатар, санасына әсер етіп, ұлт сапасын жақсарту қалам ұстаған қауым мен ақпарат сүзген қаламгердің міндеті. Міне, әрбір тағдырға ара түсіп, әрбір рухқа үңілетін журналистика дейтін ғылымның күрделі салаларының бірі құқық мәселесі. Кез келген қоғамда түрлі саяси, экономикалық реформаны жасай беріңіз, егер заңдық қадағалау болмаса, ол еш жүзеге аспайды. Сөз жүзінде атқарыла бе¬руі мүмкін, бірақ іс жүзінде ондай бетбұрыстар халық игілігін кейде көрмейді. Міне, осы жерде құқықтық органдар істі қадағалап жүргізсе, құқықтық журналис¬тика сол жауапты органның жұмысына баға береді. Заңның жүзеге асуы, жұмыс істеуі, осының бәрін көрсету, талдап тұрып халыққа түсіндіру – журналистиканың мін¬деті. Білім, медицина, әдебиет, басқа да мамандықтарға бойлай отырып, оқырманынан тұщымды мақала берген тілші ғана еңселі бола алады. Қысқаша қайырғанда осы, әйтпесе журналист жолында қаншама тақырыптың тарқауы түйінді мәселелерді мәйегі жатыр. Олардың шешілуі жолын жүйелеп, жалпық жұртқа жаңалық жеткізе алу жеңіл емес. Бәрінен бұрын, әр саланы сүйемелдеп жүріп, жан-жақты тұлға атанғанның өзі үлкен абырой. Бір сөзбен айтқанда, журналист – әр саланың әрлеушісі. Әрлеушісі, әсемдеушісі, зерделеушісі, зерттеушісі бар саланың салмағы артып, жолы жүйеленеді. Бұл тілшілер үшін тұғыр биігі деп бағалауға болады.
Әлібек ТЕМІРБЕК