Жаннаның наны нарықта
Жаңақорған жұрты Жаннаның нанын үлкен нарыққа шығара бастады. Шағын ғана наубайханадан шыққан нан түрлеріне көптің талғамы да, сұранысы да артты. Бұған дейін «Қара-бура» сауда үйінен ғана табылатын ас атасы енді өзге де дүкен сөрелерінде самсап тұр.
Біз іздеген шағын орталық Тәуелсіздік көшесінің бойында, жаңа мешіттің қасында орналасқан. Әуелі тұтынушыларды сөзге тартып, тауар туралы сауал тастадық. Жұрт жоғары бағасын беріп, ризашылығын білдірді. Сіздер де келіңіздер...
Кейіпкеріміздің шын есімі Күлаш Көкпарбаева, алайда жұрт Жанна деп атап кеткен. Ол жөнінде сұрамадық, бізге қызық болғаны ел аузындағы ашытқысыз дайындалатын өнімнің сапасы еді. Біздің түсінгеніміз, ашытылмаған нанның пайдасы көп. Біріншіден, ағзаға сіңімді, екіншіден, ас қорыту процесін жеңілдетеді. Дерек көздеріне қарағанда, дрожсыз дайындалатын нан тығыз болады, ал мұндай өнім ішектің және бұлшық еттердің жұмысын белсендіреді.
– Кешегі карантин уақытында кәсіп көзін бастауды жөн көріп, интернетті ақтардым. Әсіресе, ашытқысыз нан жабуға болатыны жайлы көп іздендім. Таптым. Түріктің технологиясы бойынша өнім өндіруге көзім жетті. Қызылша, грек жаңғағын қосып, қара ұнмен илейтін де нанның түрлері бар. Көпшілік жиын-тойларға, «нан тоғызға» тапсырыс береді. Ең бастысы, бұрын балаларыма нанды жегізе алмайтын болсам, қазір таласыптармасып жейді. Тұтынушыларым да солай дем беріп қояды. Ашығын айтқанда, қызметіме жоғары баға беріп, күн сайын тапсырыс артып келеді.
– Үлгеріп жатырсыздар ма?
– Көп тапсырыс алмауға тырысамыз, өйткені, аппарат шағын, тапсырысты игеру де оңай шаруа емес. Екінші себебі, бұл нандарды пісіру технологиясы бөлек. Күнделікті тұрмыста түрлі ашытқыны салса тез көтеріліп, уақыт оздырмай нанды пешке жауып алады. Ал, бізде ашытқысыз нанды қалыпқа салып, өздігінен көтерілгенін күтіп отырамыз. Кем дегенде 1 сағатқа жуық уақыт табада тұрып, өздігінше көтеріледі. Яғни, бабымен піседі, – дейді Жанна ханым. Қазір Үкіметке алақан жайып, алма піс, аузыма түстің кебін киіп отыратын заман емес. Әркім өз бетінше тіршіліктің көзін тауып, нәпақасын айыра білуі тиіс. Ал, мемлекет қолдау білдіруге дайын. Күлаш ханым да «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлік палатасы арқылы жеңілдетілген пайызбен несие алып, ісін ілгерілетеді.
– Былтыр кәсібімді кеңейту мақсатында грантқа ұсынып көрген болатынмын. Инновациялық жоба негізінде бизнес жоспарымды тапсырған едім, алайда, мақұлданбады. Егер қосымша қаржы болса тағы да аппарат алып, тірлік қатарын көбейтетін едім. Әзірге отбасымыздан бөлек екі қызметкер бар. Күнделікті немесе айына төлем жасап отыр. Жұмыс ауыр емес, тек уақыттан ұтылып қаламыз, – деді отанасы.
Отбасының отағасы Қалдыбай қолғабыс болып жүр. Бұл нанның тағы бір артықшылығы, біріншіден тойымды, екіншіден, 3 күн тұрса да түрін өзгертпейді, дәмі де біркелкі сақталады. Ал, кәдімгі нандар қатып қалады, әрі дәмі де өзгеріп шығады. Сапасы да жоғары.
– Нанды ашыту жолы өзгеше. Қара ұн мен балды араластырып он сегіз сағат жылы жерде ұстаймын. Кейін ашытқы дайын болған соң нанға қосып илеймін. Тапсырыс бойынша нанның түр-түрін жабамын. Бастысы, кәсібім өзіме ұнайды, – дейді көпбалалы ана.
12 түрлі нанның илеу, жабу әдісін меңгерген Жаннаның наны көпшіліктің көңілінен шықты. Енді тек қолдау болса болғаны. Қаржының тапшылығы қолбайлау болып отырған жайы бар. Келешекте түркиялық нан илеп жабуға арналған пешін алып, кәсібін кеңейтсем деген мақсаты оны адастырмайды. Қайта биікке жетелейді. Оған енді жауапты сала дем берсе екен. Себебі Үкімет тарапынан шағын және орта кәсіпкерлікті өрістетуге барынша қолдау көрсетілуде...
Әлібек Жарықбаев