№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Эстрададағы Эпидемия

Эстрададағы Эпидемия


«Әннің де естісі бар, есері бар»демекші бүгінгі күннің тыңдарманы қандай ән тыңдап жүр? Қазақтың «құлақтан кіріп, бойды алатын» әсем әндері қайда? Неге көгілдір экраннан мәтіні мәнді, әуені әдемі ән тыңдай алмай жүрміз? Бұл сауалдар сауатты қазақ тыңдарманын талайдан бері ойландырып келеді. Әсіресе өздерінің қайда тұрғанын ұмытып, аузынан былапыт сөз төккен «әншісымақтар» көк байрағымызды қорлағанда олардың ұят, намыс, жауапкершілік деген қасиеттен жұрдай екеніне, тіпті оны сезінбейтініне не айтасыз?

Әуелі осы сауалдарға тікелей жауапты ведомство өкілдері неге әншілердің киімінен бастап айтатын әнінің мәтініне дейін сүзгіден өткізетін ережені заңға енгізбейді. Киелі сахнаға деген құрмет қайда? деген секілді заңды сұрақ туындайды. Демократия деп даурығып жүргенде инкубатордан өрбіген сарыауыз балапандай екінің бірі ақын, аузын ашқан адам әнші мен сазгер болып шығып жатыр. Содан болар бүгінде көгілдір экранды жаулаған әншілердің жұлдызы биік.

Өз заманында ата-бабаларымыз өнер жолында жүрген сал-серілерін сыйлап, төрден орын берген. Олар болса бойға біткен таланты мен өнерінің арқасында көптің ықыласына бөленіп танымалдығы артқан. Тіпті саны да саусақпен санарлық еді.

Ал қазақ эстрадасының қазіргі ахуалына көз салсақ, жан ауырады. Өйткені көп әншілер қандай ән айтып, нені жырлап жүргенін өздері де білмейтін тәрізді. Басты мақсаты «атың шықпаса, жер өрте» дегенге саяды. Керек десеңіз өздерінің бұл әрекеттерінен еш әбестік көрмейтіні одан әрі өкінтеді. Алайда сол әншілердің мағынасыз әндері мен ойларына не келсе соны істейтін есер қылықтарына тосқауыл болу қолдан келмей тұр.

Сонда «Хайп» қуып, әннің мәтініне түрлі шатпақтарды қосып, тыңдарманның сауатын да, талғамын да төмендеткен әншілерге қандай жаза қолдану керек? Талай уақыттан бері естілердің есін шығарған бұл мәселені министрлік мықтап қолға алмаса, өзге қолданар шара қалмағандай. Ал әлеуметтік желіні кезінде шулатып «Желбіретіп көк туды» деп ән салғандардың өздері байрағымызды қорлап, көк туда көк бөрінің киесі барын ұмытқан секілді. Бұған наразылық танытып, тиісті жазасын алсын деген халықтың ұсынысынан кейін жауапты сала мамандары Туымыздың жалғыз, Отанымыздың жалғыз екенін, оны ешкім аяқасты қорламау керектігін айтып жауап бергендей болды. Әйтеуір, таза, саф өнерге шөліркеген жандардың  шағымы тиісті жерге жетті. Елдің көк байрағымызды сахнаға алып шығып, умаждап, аузына не келсе, соны айтқан атышулы топтың әрекетіне көптің күйінуі де орынды. Тарихқа көз салсақ, ата-бабаларымыз байрақтың құламауы үшін, төмен түспеуі үшін жанын қиған. Сондықтан жүрегі қазақ деп соққан әр тұрғын еліміздің көк байрағы біздің қастер тұтатын, құрметтейтін құндылығымыз екенін естен шығармауы тиіс. Керек десе қылмыс деп бағаланып, заң жүзінде тыйым салынуы керек.
Бірақ бейәдеп сөздер айтып, ерсі қылық көрсеткен жас әншілер бұл әрекеттерін «ішімдік ішкеннің салдарынан» деп түсіндіріп, халықтан бейнежазба арқылы ғана кешірім сұрап қоя салды. Өнердің жазылмаған заңдылығы сахна мәдениетінің сақталуы. Өнер иесінің басты міндеті халыққа эстетикалық талғам қалыптастыру. Сондықтан әр адам бойында сахна мәдениетіне мән беру заңдылық болып қалыптасу керек.
Осы жөнінде аудан мәденеиетін түрлі байқауларда қорғап жүрген шәкірттерді тәрбиелеуші, «Әлшекей» өнер мектебінің ұстазы Гүлнар Әбдішеваның пікірін білген едік.

– Тыңдарманның құлақ құрышын мәнді әндер қандыруы керек. Ал ол үшін қазақ эстрадасына сүзгі қажет. Енді ел ұсынған заңға жаңа ереже енсе, бірінші кезекте жанды дауыста айта алмайтын көлденең көк аттылардың жолы жабылған болар еді. «Тисе – терекке, тимесе – бұтаққа» деп сахнаға шығып жауын құрттай қыбырлап, әрібері қисаңдап, ойларына келгенін істейтіндер көбейген заманда олардың бұл қылығына талап пен түйсік қана жауап бермесе сорақы сырқат асқындай беретіні хақ...– деді.

Расында қазіргі таңда «тыңдаушының құлағын тескен» есер дауысты әншімен бірге, талғам-талаптан жұрдай, мағынасыз, мәнсіз мәтіндер көбейіп кетті. Сыры терең, ұлттық бояуы қанық әндерді табу қиынның қиынына айналды. Бүгінгі әншілердің басым бөлігі «жеңілдің астымен, ауырдың үстімен» жүруге әуестеніп алды десе де болады. Соның арқасында «Чики-чики», «Че там, қарындас?», «Әкеме айтшы, мама», «Пах-пах», «Зың-зың» секілді әндердің қатары көбейді. Тақырыбынан-ақ әннің қандай екенін білуге болады. Жасыратыны жоқ, осындай әндерге қарап бүгінгі жастар сөз бен әннің жүйесі мен киесін түсінбейтін жағдайға жетті ме деген ойға қаласың. Бүгінгідей мәнсіз-мағынасыз сөздерге жол беріп отырғанымыз қалай? Жас ұрпақ бұл әндерден қандай өнеге алмақ?

«Көп асқанға – бір тосқан» емес пе, сұрқай сөздерін ерсілі-қарсылы сапырып сумаң қаққан, сахнаны оңай кәсіпке айналдырып алған мұндайларға айтар бір ғана сөз: – Тәйт, әрі!

Лаура БИБАСАРОВА
14 маусым 2022 ж. 441 0