№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » » Ессіз ән еліктіргенде...

Ессіз ән еліктіргенде...


Ашығын айтайын, біз көңіл кірін тазартатын ойлы әнге емес, сапасы сын көтермейтін сөзге жазылған әнге жын ұрып билеуге, қылқынып айқайлап, жұлқынып сөйлеуге бейімбіз. Тіпті, мәні жоқ әнді жаттап алып, жан-жағымызға жар салып, айқайдың көкесін танытып, әуелететініміз тағы бар. Ал сол әннің сөзі мен өзіне келер болсақ, мағынасын тарқата алмаймыз. Әйтеуір, ыңылдатып айтқанымызға мәз боламыз.
Егер әр сөзге терең мән беріп, саралайтын болсақ біраз әндердің «хит» болуына жол бермес едік. Қарабайыр сөздерді әспеттеп, ән жаздым деп, дарақыланып дарын болып жүргендерді көргенде еріксіз қолға қалам алуға тура келді. Сын жазғанмен не пайда? Қаншама қаламгерлер ашығын айтса да, жосықсыз жайлар жойылар емес. Керісінше, күннен-күнге гүлденіп, той-тобырдың төрінен орын алып, қанатын кеңге жайып, тек Қазақстанда емес, көршілес көкелеріміздің де көгінде қалықтауға шыққандары да бар. Әрине, өзге мемлекетте қазақтың әні әуелеп, сұранысқа ие болып жатса қуанамыз. Бірақ қандай ән?
Мария Магдалинасыз қазір бір  той өтпейтін болды. Қай тойға барсаңыз да, «чип-чип-чип» деп тауық шақырғандай шиқылдап жөнеледі. Ай күннің аманында «Сен қорқақсың» деп жігіт қызға айтқаны жарасымды ма? «Жүрегім пішнә, пішнә» деп түріктің әніне қазақша сөз жазған ақынның айтар ойын түк түсіне алмадым. Той жастардың қуанышына арналғандықтан махаббат әндері жиі шырқалады. Лирикалық әнге сусындайын десеңіз, «сүю» деген сөзді жиі естуге тура келеді. Мәселен, Заман тобының «Өмір мәні» әнін тарқатсақ, сүю деген сөз бір шумақта 8 рет кездеседі.
 Ән мәтіндері туралы әңгіме болғанда тағы бір айтпай қалуға болмайтын жай бар. Ол – қазіргі кездегі жылауық сарын. Туыстың тойына бара қалсаң, «Өмірің өтіп барады, қысқа ғұмыр, өтеміз, кетеміз, несіне жетісеміз» деген мағынадағы әндерді тыңдап, демалудың орнына шаршап қайтасың. «Уатсапқа неге кірмей жатырсың? Телефоның неге сөндірулі» деген сияқты тым жеңіл сөздермен не тыңдап отырғаныңды ұмыттыратын да әндердің қатары көбейді. «Қуланып алдайсыңдар» деп, қыздың ерке-биязылығын «қу» сөзімен алмастырып, сұмпайы сұрқияға теңейді. «Қос бұрым сол қайда?» деген тіркесі ақылға қонымды, десе де «Ойланшы жігітім, осынау бір тұста, шашы ұзын қыздардың ақылы тым қысқа заман» деген өлең жолдарын қалай түсінесіз?
Көпке топырақ шашпайық. Ә, дегеннен жүрегіңнен орын алып, ғажап күй сездіретін есті әндер баршылық. Мәселең, «МузАРТ» пен «Меломен» тобы бірге айтатын «Келеді кездескім» әні де көптің көңілінен шықты. Содан болар той бизнестегі жастар осы әнді көп айтып жүр. Осы лептің қатарында «Музарт» ансамблі орындайтын «Күзгі бақ», «Ол көктем оралмайды», «Аппақ сенің тамағың», «Қайран менің жүрегім», «Қазақтай ел қайда?» әндерін қайта-қайта тыңдай бергің келеді. Мақпал Жүнісованың, Роза Рымбаева, Роза Әлқожаның, Бейбіт пен Тоқтардың әндерін халық мойындады.

ТҮЙІН СӨЗ. Абайша айтсақ, «әннің де естісі бар, есері бар». Жеңіл жазылған сөз немесе жұтаң пәлсапалық ойын ертеңгі ұрпаққа қандай тәлім-тәрбие бермек? Қоғамның назарын той әндерін талғаммен тыңдауға, сапалы сөздерді саралауға бұрғым келеді.

Мақпал ПАТЕНОВА
11 қазан 2021 ж. 731 0