Облыс әкімі "Талдысу" балалар тынығу лагерінің жұмыс барысымен танысып, оқушылармен тілдесті
Жазғы уақытта балалардың тынығу лагерьлерінің жұмысын күшейту тек маусымдық уақытта ғана емес, жыл бойы жүзеге асуы қажет. Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев кеңейтілген жиындарда өңірдегі бірқатар лагерь жұмысын сынға алып, олардың тек маусымдық кезде ғана жұмыс істеп, қалған уақытта бос тұратынын айтып сала басшыларына нақты тапсырма берді.
Бүгін аймақ басшысы Жаңақорған ауданына барған сапарында «Талдысу» балалар тынығу лагерінің жұмыс барысымен танысты.
300 орындық демалыс орны 2 қабаттық типтік жобадағы 4 корпустан тұрады. Мұнда балалар жазғы демалыста тынығу, сауықтыру қызметтерімен қамтылып, қосымша білім алуға және бос уақытын көңілді өткізуге арналған түрлі іс-шаралармен айналысады.
Аймақ басшысы лагерьдің асханасы мен оқушылар сарайын аралап, балалармен тілдесіп, олардың танымдық шаралармен қамту жұмыстарын бақылап көрді.
Айту керек, Талдысу лагерінде қазан-сәуір аралығында балаларды 7 ауысымда олимпиадалар мен ғылыми жобаларға, пәндік жарыстарға дайындайды. Облыстық білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы Бағдат Бердаулетов "Талдысу" балалардың тынығу лагері, "Қамбаш" қосымша білім беру және олимпиадалар орталығының қысқы уақытта жұмысын жандандыру үшін бюджеттен қосымша қаржы қарауды сұрады.
- Егер де осы лагерлер арқылы балалардың біліміне оң әсер етіп, олардың түрлі деңгейдегі олимпиадалар мен жарыстарда жеңімпаз атануына септігін тигізе алсақ, міндетті түрде оған қаржы бағыттауымыз қажет. Бірақ, қаржы бөлінгеннен кейін осы орталықтардың жыл бойы үздіксіз жұмыс істеуін қадағалауымыз қажет,-деді Нұрлыбек Нәлібаев.
Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі