Кәсіпкерлердің құқын қорғау – өзекті мәселе
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Қазақстан халқына Жолдауында азаматтар мен бизнестің проблемаларын шешуде прокурорлық қадағалаудың маңыздылығына айрықша тоқталған болатын.
Аудан тұрғындарымен олардың қарапайым өмірде және түрлі кәсіпкерлік бағытта құқыққа қайшы келетін көріністер орын алғанда заңда белгіленген жауаптылық негізінде әрекет етуге тиіс прокурорлық пәрменнің мазмұнымен құлағдар ету бағытында өткен форум жиынында жергілікті кәсіпкерлер бас қосты. Форумда Жаңақорған ауданы прокуратурасының аға прокуроры Мұхтар Ендіберген баяндама жасады:
– Өздеріңізге белгілі, 2021 жылы ҚР Прокуратура туралы Заңына бірқатар өзгерістер енгізілді. Кәсіпкерлердің мемлекеттік органдар тарапынан араласу фактілері бойынша өтініштерін прокурорларға қарау құзыретін беру оның негізгі жаңашылдықтарына жатады, – деді ол. Енді прокурорлар бизнес субьектілерінің шағымдарына жедел әрекет етіп, олар бойынша тексерулер жүргізеді, қажетті ақпаратты өздері белгілеген мерзімде сұратып және түсініктеме алу үшін адамдарды шақыра алады. Мәселен, шоттарды негізсіз бұғаттау, мүлікті пайдалануға тыйым салу, жұмысын уақытша тоқтата тұру және де өзге де шектеулерді жоюға прокурордың өкілеттігі болады.
– Мемлекеттік органдардың бұл шаралары азаматтар мен бизнеске өте сергек ұстанымда болады. Олар кез келген кәсіпорынды толығымен тоқтатып, оның жұмыскерлерін табыстан айыруы мүмкін. Егер прокурор осындай фактілерді анықтаса олардың күшін жою туралы қаулы шығарады, – деді.
Хабарламадан соң сала өкілі тұрғындардың сауалдарына жауап берді. Кент тұрғыны, заң саласының ардагері Қалия Байтелиеваның шағымына құлақ түрсек, желтоқсан айында ауыз суға ақы төлеңіз деп келген мекеме қызметкері бүгінге дейін 50 мың теңге қордаланған қарыз туралы айтқан. Түсіндіруіне қарағанда, тамыз айынан бері ауыз су пайдаланушыларға әр адамға шаққанда айына 140 литрден асқанда төлеу ақысы 60-тан 500 теңгеге көтеріледі екен. Суды үнемдеудің тәсілі ретінде облыстық басқарма тәртібі солай өзгерген. Мұның заңдық негізі қандай? Коммуналдық қызметтердің тарифы жөнінде мекеме тұрғындарға ескертуі, келісімшартқа отыруынсыз төтеннен талап ету заңға қайшы келеді. Бұл жөнінде зерттеп-зерделеп, нақты жауабын беретіндігін жеткізген прокуратура өкілі одан әрі жеке балабақшалар жүйесінде айлықты мерзімінде төлеу бойынша бірнеше уақыттан бері шу шығып келе жатқан жолсыздықтар жөнінде де қадағалау шаралары болатынын айтып өтті. Жеке кәсіпкер Еркін Өтеев мектеп және балабақшалар жанындағы жол бойына белгілер қою неге кешеуілдеп келе жатыр деген талабын жеткізді. Ол көлік қозғалысы жиі қара жолдарда 13 жерге ақ сызық белгілер қойылуы керек. Бірнешеуінің жоба-сметалық құжаты жасалған екен, бағасының аса қымбаттығы тым күмән тудырады және қаржының бөлінуін қиындата түсетінін айтты. Ал атаулы көмек алатын ата-аналар тарапынан сөз алған көп балалы ана аталмыш топтағыларға берілетін арнайы азық-түлік пакетінің сапасы өте төмендігін, көбіне керексіз, мерзімі өткен тауардың саудаға шығатынын жасырмады. Бұл дүкендерді тексеруге ешкімнің құзыреті жоқ па деген талабын да жеткізді. Бұл үшін тараптарға прокуратураға дәлелге негізделген жазбаша шағым түсірілуі тиістігі ескертілді. Одан әрі мектепте беріліп жатқан ыстық тамақтың сапасына сын айтылды. Аудан орталығындағы мектепте оқитын баласының жағдайын білмекке мектепке барғанында иістеніп кеткен еттен жасалған сылдыр су дәмнің беріліп жатқанын, осыны жеңіп алған тендер иелеріне неге қадағалау болмайды деген ренішін ортаға салды. Орталықтағы «Баян Сұлу» тіс емханасының иесі, жеке кәсіпкер Баян Божбанбаеваның «Дипломмен ауылға» бағдарламасының тек мемлекеттік мекемелердің мүддесін көздеп, жеке мектептер мен емханаларға жас мамандарды тартуға заңдастырылмауының зардабы, жас өскін тәрбиесі мен денсаулығының сақтауда мақсат-мұраты бір мамандарды бұлай бөлудің жөнсіздігіне ренішін білдіруі көптен қолдау тапты.
Баян АЛАУДИНҚЫЗЫ