Көке
Оңтүстікте көнеден келе жатқан керемет атау бар «көке» деген. Атау болғанда да әрі сыйластықтың, әрі үлкенге құрметтің белгісі іспетті. Сол көкеге екінің бірі іліге бермейді. Ілуде біреу ғана.
Өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдары арасы алыстап кеткен ағайынның басын біріктірудің бастамашыл қадамы қолға алынды. Тәуелсіздікпен бірге түлеген рухани жаңғырудың бір көрінісі сол болатын. Қызылорда облысындағы Құрбан атадан тараған мыңға тарта түтіннің төбе биі Балғабай Жаңабіловтың мезгілсіз қазасынан кейін бұқараға бас болатын тұлғаны таңдау ұзақ жүрді. Себебі оған абыройлы, сөзі өтімді, ісі ілкімді, көппен көзқарасы бір кісі керек еді. Сонда Нұржан Пірманұлын ел бірауыздан мақұлдағаны бар. Өйткені ол еңбек зейнетіне шыққанша артынан артық сөз ермеген, тұлғасы танымал, өзі мен сөзі үйлескен парасат иесі болатын. Елдің бас көтерер азаматтарын «Сейхун» мейрамханасына жинап, ағалық жолын көрсетті, ауызбіршілікті сақтауға арқау болды.
Қаперге алсақ, қарт Қаратау мен Сыр-Ананы тел емген аудан аумағында айтулы азамат аз емес. Нұржан Айдосов көкем соның бірегейі. Оны көрген кісі алдымен мінезіне тоятын. Бекзат болмысы байсалдылығымен бай, біреуге салмақ салмайтын, есесіне кем-кетікке көмегі көп, қанағатшыл, қарапайым, тіпті денесінде пышақтың қырындай да сылым еті жоқ спортшы секілді жаратылысы ешкімге ұқсамаған ерекше еді.
Ол Кеңес ауылында 1939 жылы қараша айында туған, Пірманның тұңғышы. Кішкентайынан Нақыш әжесінің қолында тәрбиеленді. Артынан ерген екі іні, екі қарындасын қанатының астына алып, қамқорлығын аямаған ардақты аға. Әкесі Төменарық жақта «Горняк» дейтін қосалқы шаруашылықта, базада еңбек еткен. Қарындасы Дүрия да, інісі Мыңжан да мың болғыр жан тұғын. Ел бұл әулетті оқымысты санайтын. Бүгінгі БесарықтаҮкеш бауы бар, сонда «Октябрь» жеті жылдық мектеп болды. Мектепте үздік үш оқушы Срайл Іскендіров, Жұмаділла Сөкенов, Нұржан Айдосов қатарластарынан оқ бойы озық тұрды. Нұржан көкем «учком» ретінде оқушылардың білім сапасын бақылаушы болған. Оның есепке жүйрік, әділ қасиеті сол кезде-ақ бағаланыпты.
Бірде «Кеңес» колхозының төрағасы Исатай Топышев: – Нұржан балам, мектепті бітіргелі тұрсың. Әрі қарай оқуыңа қаражат қажет болар. Жондағы бидайға орақ түскелі жатыр. Саған бидайдың есебін алып, өнімді қоймаға тапсыруды жүктеймін, – деп жауапкершілік артқан екен. Тірлігі тындырымды, тапсырманы тақадай орындайтын көкемнің ісіне Исекең риза болыпты. Сөйтіп ерен еңбегі үшін бір-екі қап бидай бергізген.
Әкесінің інісі Мыңжан өте сауатты кісі екен, кезінде басқарушы, агроном қызметін атқарған ғой, ол «мені Кремль де біледі» дейтін көрінеді. Шын мәнінде, іс қағазына дейін кәсіби маман ретінде құрметтелген. Сол кісі көкемізді 1957 жылы Алматыдағы кооператив техникумына оқуға жіберді. Техникумды бухгалтер мамандығы бойынша бітірді. Мұнан кейін 1960 жылы Мәскеудегі кооперативтік институтында сырттай оқыды. Алайда тұрмыс тауқыметі оқу орнын толық аяқтауға мүмкіндік бермеді.
Көкемнің еңбек кітапшасы бір саладан аумай, экономист, бухгалтер, қойма меңгерушісі лауазымын атқарды.1959 жылы аудандық тұтынушылар одағының есепшісі болып бастап, осы сауда саласынан зейнетке шықты. Артынан ілескен арыз болған емес. Сол кезеңдерде Қоянбай Қалмырзаев, Жансұлтан Нәжіметов, Кеңес Шәймерденов, Ерсұлтан Тұрғанбаев, Байжан Асанов, Мамахан Сапарбаев секілді басшылармен тонның ішкі бауындай бауырмал қасиетімен тіл табысып, саланың дамуына өзіндік қолтаңбасын қосты. Құдалары Әбдіхалық Әйтілеуов, Қалмағамбет Әбиевпен мың жылдық жолына шаң жұқтырмады. Сыйласты, сырласты, араағайындық араластықты суытқан емес.
Бір өкініштісі, өмірлік серігі Жақанның ғұмыры қысқа болды. Ол да сауда саласында еңбек етті. Ноғайдың Қалеке, Айеке ұлдары болды, жеңгеміз Қалекеңнің қызы тұғын. Ал, Айекең соғыстан аман оралмады. Бүгінде Талап ауылында бір көшеге есімі берілген. Жарты өмірде жарың өлмесін деген бар, әрине қиындау, дегенмен егде шағында жалғыздықтың жан азабын сезінбес үшін өзін жұмысқа жекті. Күрек ұстап, кетпен шапқан жоқ, өмірлік тәжірибесін, еңбек жемісін ұрпағына үйретті. Нарық заманына бейімделіп, жеке кәсіппен айналысты. Дүкендер ашып,ұлдарын кәсіпке, есепке баулыды.Құдайдың берген 4 ұл, 2 қызын жақсы тәрбиелеп, Нұрлан мен Жеңісті, келіндері Ақмарал мен Нұрсұлуды кәсіпкер етті. Қазір олар Жаңақорған ауданыныңбелгілі кәсіп иесіне айналды. Ал, алақанда аялаған аққуы – Аякөзі мемлекеттік қызметтің майталман өкілі. Бүгінде ол аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімін басқарады. Халық қызметшісі болуға қам-қаракетін қомдаған Санжар немересі де ата жолын ардақтап келеді.
Қоғамдағы аса беделді əлеуметтік тұлға, абыз ата Нұржан көкем елағасы ретінде Қызылорда, Түркістан, Шымкент, Алматы, Астана аралығында қасына Зинабдин, Еркінбек, Еркін (Мұсаев) інілерін ертіп, ағайынның жақсылығы мен қайғысына үздіксіз қатынап жүрді. Қиналып, тіршіліктен қысылғанға қол ұшын созды, үкілі үлгімен көштен қалдырмай, ел қатарына қосып отырды. Міне, осындай жанашырлық ісі оның үлкендік ізін, ізгілігін, өнегесін өшірмей келеді.
Ғалым Орақ Алиев айтқандай, «Көп жасаған білмейді, көпті көрген біледі, көпті көрген білмейді, көпті түйген біледі, көпті түйген білмейді, түйгенін өзгеге берген біледі, беріп қана қоймай, бергенін өзгеге еккен біледі». Көкемнің болмысы дәл осы теңеуге тұрарлық тағылымға толы еді.
Тарих деген естелікпен толыға түседі. Көкемнің балалық балдәурені базарлы болды деуге келмейді. Соғыс өрті өршіген тұста өсті, тұрмыс тауқыметін тартты. Еңбекке ерте араласты.Өмірге ұмтылысы, жақсылыққа жету жолы оны бақыт бесігіне жеткізді. Жолын жалғаған саналы ұрпақ, салауатты ғұмыр берді, сексеннен асқан жас берді, елдің сыйын көрді, көптің көреген кісісіне айналды. Әттең, бүгінде арамыздан алшақ кетіп, мәңгілік мекенге «мейман». Жатқан жері жайлы және жұмақ болсын!
Ал, мен үшін көкемнің орны биік. Ол көке еді, көке болып көкейімде қала береді.
Қаныбек ӘБДУОВ