Әкімдер желі арқылы есеп берді. Оған халық не дейді?
Президенттің «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын жүзеге асыру мақсатында жергілікті билік өкілдері ашықтық пен жариялықты ұстануы тиіс. Олсыз алға қойған мақсат құр елеске айналады. Сонда не істеу керек?
Әрине, халықпен етене жақын араласып, әлеуметтік мәселелерді дер кезінде шешіп отыру маңызды. Жылда осы уақытта оффлайн негізде аудан, кент, ауылдық округ әкімдері халыққа есеп беретін. Тұрғындар болса мұн-мұқтажын айтып, шерін тарқататын. Биыл мұндай дәстүрді көрмей тұрмыз.
Аудан әкімі Руслан Рүстемов барлық елді мекен тұрғындарымен кездесіп, атқарылған істі баяндап, алдағы жоспары жөнінде бөлісіп жүр. Оны газетке жаздық та.
Бірақ, протоколға бекітілген ресми кездесудің аты да, заты да бөлек. Оны мойындау керек. Неге дейсіздер ме, биыл кент және ауылдық округ әкімдері жыл көлемінде атқарған жұмыстарын әлеуметтік желіге жүктеп, жұртқа жария етті. Осыны аудан халқы қалай қабылдады? Біз сол жөнінде ой тарқатуды жөн көрдік.
Ел арасында «әкім бол, халқыңа жақын бол» деген сөз бекерге айтылмаған-ды. Расында ел басқару оңай емес. Кей білгіштердің отбасы-ошақ қасын басқара алмай, еңсесі түсіп жүргенін көріп, естіп жүрміз. Ауданда 85 мыңнан аса халық бар десек, әр адамның өз нарқы пен парқы, көзқарасы мен ойы бар. Бірі біліп айтады, бірі асырып айтады. Сондықтан бұқараның бәрінің көңілінен шығу оңай емес. Бұл – ақиқат.
Аудан басшысы Руслан Рүстемұлы жыл басындағы әкімдердің халыққа есеп беруінде ауыл жұртына жылдағы есепті тізбелемей түйінді мәселелерді ортаға салып отыруды айтқан болатын. Яғни, ай сайын ауыл басшылары халық алдында есеп беріп отыруы тиістігін ескертті. Өзі де тоқсан сайын ауылдағы ағайынның ахуалын біліп отыруды міндетіне алды.
– Мен әкімдерге халықпен жиі кездесулер өткізіп, азаматтардың сауалдарына құлақ түріп отыру керектігін баса айтқым келеді. Шыны керек, кейде әкімдер жазып келген баяндамаларын әзер оқып жатады. Әкімдердің есептері құрғақ баяндама, бос уәдемен өтпеу керек. Нақты әрі маңызды мәселелер көтеріліп, өткір сұрақтарға толық жауаптар берілуі тиіс, – деп аудан әкімінің нақты талап қойғаны да есімізде.
Көп ұзамай ауыл әкімдерінің де халық алдындағы есебі желіге салынды. Осы тұста, кент әкімі Сардармұхамед Садықов 2021 жылғы кенттің әлеуметтік-эканомикалық даму көрсеткіштері туралы онлайн есебіне көпшілік тарапынан түрлі пікірлер айтылуда. Онлайн есепке өзіндік сауалын жолдаған кент тұрғыны Әлімжан Ержанов өзінің қойған сұрағын бұғаттап тастағаны жөнінде әлеуметтік желіге ашық жариялады. Мұнда басқа сын-ескертпелер айтылып та жатыр. Соның бірі кент тұрғыны Асылбай Қасқырбаев есімді қария әкімдердің есебіне қатысты өз ойын былай өрбітті:
Рас, кент орталығында абаттандыру, көркейту жұмыстары кең қанат жайып келеді. Көшелер асфальттанды. Гүлзарлар кеңейіп келеді. Осындағы көп қабатты үйлерде жылу, ауыз су құбырлары ауыстырылып жатыр. Жөн-ақ. Ауданның жаңаша келбетпен дамитын кезі келді. Дей тұрғанымен, күн жылынса көшенің шаңы аспанға шығып, қоқыстар қай жер болса, сол жерде жатады. Басқасын айтпағанда, орталық көшенің өзі әр жерден ойылып жүрісіңді тұсайды, – дейді кент тұрғыны Асылбай ақсақал.
Әрине, әкімдердің жұмысын әлеуметтік желі арқылы бағалау нақты өлшем болмауы мүмкін. Елмен етене еңбек етіп, тұрғындар тарапынан қолдау тауып жүрген ауыл әкімдері жоқ емес. Есептік кездесулерде ауыл тұрғындарының арыз-шағымы мәселенің аз еместігін көрсетеді. Оның ішінде жаяу жүргінші жолы, автомобиль жолы, ауыз су және тағы басқалар бар.
– Нарық жайлаған заманда ел үшін еңбек етіп, халықтың ықыласына бөлену де үлкен жауапкершілік. Ел басқару екінің біріне бұйыра бермейтін бақ. Сондықтан, әкімдер халыққа адал қызмет етуді, жүйелі жұмыс жүргізіп, көпшіліктің көңілінен шығуды басты назарға алуы тиіс. Осы уақытқа дейін әкімдер жылына бір рет елдің алдына шығып, ұзын-сонар баяндамалырын тізіп оқып беретін еді. Міне, екі жылдың көлемі болды. Елімізге індет келгелі, бас қосу да мұңға айналды. Әкімдердің есебі қашықтықтан жүргізілуі жариялануы байланыстың нашарлығынан тыңғылықты тыңдай алмадық. Қалай десек те, елдің көкейіндегі талап-тілегін әкімдер бетпе-бет отырып, көтерілген мәселені ортаға салып, екі жақты пікір алмасқан дұрыс қой. Әлгі әкімнің есебін тыңдап отырғанда көмейіме сан сауал келді. Сұрағымды қояйын десем, интернет жөнді істемей, қоя салдым, – деп шағымданды ол.
Сонымен қатар, Кейден ауылдық округінің әкімі С. Кенжебайдың 2021 жылы атқарған жұмыстарына пікір білдірген Сейітхан Нұрбек есімді азамат өз ойын былай жеткізді:
– Мүлік салығы бойынша жоспар 62,0 теңге, түсім 18,0 теңге. Бұл жағдайда жоспар 29 пайыз орындалған болып шығады. Ал сіздер 510,6 пайыз артық орындалды дейсіздер. Жер салығы бойынша жоспар 173,0 теңге, түсім 173,0 теңге. Бұл жағдайда жоспар 100 пайыз орындалған болады, ал сіздер 101,4 пайыз орындалды дейсіздер. Көлік салығы бойынша жоспар 3032,2 теңге, түсім 3032,2 теңге, ал сіздер тағы да 106,2 пайыз артығымен орындалды дейсіздер. Бұл не сонда есеп берген әкім ақымақ па әлде сол есепке сенетін халық ақымақ па? Не масқара мынау? Өтіріктен шаршамадыңыздар ма? Кешегі қаңтар қырғынының бір себебі осындай өтіріктерге барып тірелетінін сіз жақсы білуіңіз керек, – деп пікір білдіріпті.
Ал, Сунақата ауылдық округінің әкімі Ақылмұрат Жұмаділлаевтың баяндамасына ауыл тұрғыны Ұлжан Мырзақұлова есімді азаматша да өз ойын бүкпесіз жеткізіпті.
– Әкім есебін қағаз жүзінде өте әдемі жазыпты. Бірақ, өздері аралап, көздерімен көрсе ғой ауылды, – деп жазба қалдырыпты.
Сондай-ақ, әкімдердің есебі туралы кейін кент тұрғыны Қасым Аблазимов өз ойын былай жеткізді.
– Жергілікті жерлерде әкімдердің есеп берудегі негізгі мақсаты не? Көпшіліктің көкейіндегі әлеуметтік-экономикалық дамудың кенжелеп қалған тұстарын талқылау, ұғынықты ұсыныстар мен сын пікірлердің шешімін табуына жәрдемдесу, ықпал жасау, бақылауға алу, жоғары атқарушы органдарға жеткізу және шешу жолдарын қарастыру болып табылады емес пе? Алайда, әлеуметтік желіні қарап, ой елегінен өткіздім. Бірде-бір ауыл әкімінің жауапкершілігі мен есеп беру міндеттілігіне тыңғылықты дайындықтарын байқай алмадым. Керісінше, ашық сұхбаттан гөрі сан, цифр қуалап, жағдайды жалпылама баяндауға бағытталғанын анық байқадым. Егер әкімдер өздерінің жасаған жұмыстарын баяндамаға қарап емес, ауызша, халыққа қарап тұрып есеп берсе сенімдірек болар еді, – дейді
Иә, елдің өзі таңдап қойған тұлғалардың көп сенімінен шыға білуі оңай шаруа емес. Алайда әкімдер ел сенімін арқалаудың жауапкершілігін сезінуі қажет. Осы тұрғыдан алып қарағанда ауданда әлі де атқарылар жұмыстың аз еместігі байқалады. Себебі, салық өндіру және өзге көрсеткіш төмен екені рас. Сондай-ақ, ауылдық округ әкімдері әлеуметтік желіде белсенді болу керектігін уақыт өзі дәлелдеп беруде. Себебі есеп берудің жаңартылған формасы осыны талап етеді.
Әсел РЗАЕВА