Санда бар, санатта жоқ...
Елдегі жұмыссыз жастардың саны 80 мыңға жуықтады. Олардың көбі шет ел асып, заңсыз мигрант ретінде жұмыс істейді. Жыл өткен сайын жастардың жұмыссыздығы өзекті мәселеге айналып келеді. Сондықтан мәселені шешуді Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке тапсырды. Санда бар, санатта жоқ жастармен қандай жұмыс атқарылуда? Олардың белсенділігін арттырып, өмірден өз орнын табуы үшін не істеу қажет?
Президент Парламент Мәжілісінің отырысында Үкіметке «Жастар-іс тәжірибесі» мен «Алғашқы жұмыс орны» жобасына қатысудың мерзімін ұзартуды, әсіресе әлеуметтік жағынан осал топтағы жастардың іскерлік бастамаларын қолдауды тапсырды. «Жастар арасындағы жұмыссыздықты азайтуға ерекше көңіл бөлу керек. Жоғары оқу орындарын, колледждерді бітірушілер, әсіресе білімі жоқ жастардың тұрақты жұмысқа орналасу мүмкіндігі әрқашан бола бермейді. Олар тапқан жұмысын істеп өмір сүреді. Кейбіреулер табыс іздеп, заң бұзуы мүмкін» – деп нақты міндеттер қойды.
Шыны керек, Үкімет тарапынан жұмыспен қамтуға қатысты бірқатар бағдарлама қабылданса да, жұмыс күтіп жүрген, жұмыс іздеп жүрген жастардың қатары кемімей тұр. Бұдан өзге де мәселелер жеткілікті.
Әлем елдерінде жұмыс істемейтін, оқымайтын, қандай да бір іске қызығушылығы жоқ жастар тобы бар. Бұл топқа бүгінде халықаралық қоғамдастық NEET деген айдар тағып, атау берген. Басқасын қайдам, біздің елде бұл санаттағылардың қатары жыл сайын артып келеді. Қазақстан Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі Ұлттық статистика бюросының мәліметіне сүйенсек, елде 2021 жылғы үшінші тоқсан бойынша NEET жастар үлесі 6,7 пайызды құрады. Бұл дегеніңіз, 255 197 жас не жұмыс істемейді, не оқымайды.
Атқарушы билік тарапы жұмысы жоқ, оқуға құлықсыз жастардың санын азайту мәселесін, әлбетте, назардан тыс қалдырмайды. Сол үшін арнайы бағдармалар қабылданып та жатыр. Бірақ нәтижелі дей алмаймыз? Неге?
Кәсіпкерлікті дамыту бағытында гранттар қаралып, төмен пайызбен несие алуға мүмкіндік жоқ емес. Алайда бұл жеңілдіктер жастарға қолжетімді ме?
Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Ведомствоаралық үйлестіру және өңірлік өзара іс-қимыл басқармасының басшысы Асхат Ерғабылов 2021 жылы республикалық жобалық кеңсе құрылып, аймақтардағы жастар ресурстық орталығында NEET санатындағы жастармен жұмыс істейтін арнайы бөлімдер ашылғанын атады. Бұл жоба гранттық негізде жүзеге асырылды. Бұған министрлік 39 млн 998 мың теңге бөлді. Жобалық кеңсе 2022 жылы да жұмысын жалғастыратыны белгілі.
Еуростат мәліметіне сүйенсек, 2020 жылы Еуропалық одаққа мүше елдерде аталған санаттағы жастар саны 1,2 пайызға артып, 17,6 пайызға жетті. Бразилия, Колумбия, Коста-Рика, ОАР, Түркияда жастардың 25 пайызы жұмыспен, оқумен қамтылмай отыр. Біздің елде бұл санаттағы жастармен салыстырғанда аз.
Жалпы, NEET санатына кімдер жатқызылады? Жүргізілген зерттеу нәтижесінде елдегі не оқуын жалғастырмай, не жұмысқа тұрмай, жұмыс істей алса да еңбекке араласпайтын азаматтарды NEET санатына жатқызады.
Astana IT University Әлеуметтік ғылымдар департаменті Саясат ғылымдарының қауымдастырылған профессоры Диана Тоимбектің пікірінше, NEET санатындағы жастардың көбеюіне саяси және экономикалық мүмкіндіктердің шектеулі болуын бір себеп ретінде көрсетеді.
– Білімді жастардың шетелге кетуі, көбіне өз елінде оңтайлы мүмкіндік жасалмағанынан деп есептеймін. Ал елде қалған жастардың көпшілігі мансаптық жағынан өсуге бейім, адал еңбекпен жету мүмкіндігіне бей-жай қарайды. Бұл жерде Үкімет ешқандай шара қолданбайды деп кесіп айтуға болмайды. Алайда он жерден халықаралық білім беру мекемелерін ашып, сонша реформа қабылданса да, «жалпы қолайлы орта» деген түсінікті естен шығармау керек. Яғни орталықтандырылған саяси-экономикалық институттар, демократиялық принциптердің ашық жүрмеуі, сыбайлас жемқорлықтың жаппай орын алуы, жүйелі оппозицияның жоқтығы, непотизм секілді тәжірибелер жастар үшін тұйық шеңбер. Әрине, бұл бір күнде жөнделе салатын дүние емес. Десек те қазірден нақты қадамдар жасалатын болса, адам құндылықтарын жоғары қойған нағыз даму жолына түсеміз, – дейді Д.Тоимбек.
АУДАНДАҒЫ АХУАЛ
Өткен мақаламызда жұмыссыз жастардың дені ел асып, еңбек етіп жүргенін жазғанбыз. Әсіресе, Ресейдің қалаларына жалданып, нәпақа тауып жүрген жөнінде сөз қозғадық. Ал, ауданда жүрген жастардың тіршілігі жөнінде жастар ресурстық орталығының директоры Наурызбай Орынбасаровтан сұрадық.
– NEET санатындағы жастардың қатарына 15-28 жастағылар жатқызылады. Бұл топтағы жастармен жұмыс мәселесі бірнеше жылдан бері көтеріліп келеді. 2021 жылы облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықованың төрағалығымен жастар кеңес отырысы өтті, жиында осы NEET санатындағы жастардың статусын анықтау, дерекқор базасын жасақтау бойынша нақты тапсырмалар берілді. Тапсырмада қараша айы осы санаттағы жастармен жұмыс жасау айы деп белгіленді. Бұған дейін алғаш рет біздің ауданда тамыз айында облыстық жастар ресурстық орталығының мамандарымен біріге жұмыс жасадық. Онда кент орталығын аралау жұмысы жүргізілді. Осы бағытпен әлі келеміз. Одан кейін облыс әкімінің орынбасары Серік Ахметтің төрғалығымен де жиын өткізіліп, мәселе көтерілді.
– Ауылдық жерлерде жастар ісі жөнінде маман бар, олар қалай жұмыс атқаруда?
– Бірінші мәселе, дерекқор базасын әзірлеу, сол бойынша жеке-жеке тұрғындардан сауалнама алып келеміз. Жастар мамандарына жұмысты қалай жүргізу керектігін түсіндіріп, арнайы сайт арқылы тіркеуді үйреттік. Қазір мамандар белсенді жұмыс жасауда, бір өкініштісі, кейбір ауылдарда мамандар штаты қысқарды. Сол елді мекендерде жұмыс баяулады. Қазір біздің орталыққа оңтайландыру шешімімен округтерден бізге 5 штаттық бірлік келді. Олар қызметке кірісіп, күні-түні көше аралаудамыз. Өйткені наурыз айының 1-не дейін дерекқор базасын облысқа өткізуіміз керек. Соның нәтижесінде, ертең нақты мәліметтер шығады. Жұмысқа орналаспаған, жұмыссыздыққа тіркелмеген секілді мәлімет жасақталады.
Ашығын айтқанда, қазір дипломы болса да қызметке орналаса алмай жүрген жас жетерлік. Ал, оңай олжаны көздеген азаматтар жеңіл жолмен жүргісі келеді. Ол қандай қызмет екенін бәріміз білеміз.
Зерттеулер көрсеткендей, көбіне әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасында өскен балалар аталған санат қатарын толықтырады. Еңбекке ерте араласуға мәжбүр болу, оқуын жалғастыруға мүмкіндігі болмау, мемлекеттік бағдарламалар туралы білмеу немесе мүлде қызығушылық танытпау салдарынан не оқымайтын, не жұмыс істемейтін жасқа айналады. Жұмыссызға жұмыс тауып, оқымағанды оқуға түсіру арқылы мәселенің шешіле қоймайтыны анық.
Егер өркениет көшінде лайықты орын аламыз десек, жастардың өмірден өз орнын тауып, белсенді, білікті, білімді болып қалыптасуына барлық жағдайды жасаумыз тиіс.
Бүгінде NEET санатындағы жастардың дерекқор базасын жасақтау мақсатында Жаңақорған кенті орталығында адрестік жұмыстар жүргізілуде екен. Аула аралау барысында орталық мамандары үш топқа бөлініп, кентте орналасқан Қ. Сағырбаев, З.Мұсаханов, А. Пахырдинов, Алтый Сүлеймен көшелерінде жастармен жүзбе-жүз диалогтар жүргізіп, арнайы дайындалған сауалнаманы әрбір отбасындағы жас толтырып, жұмысты жүйелей бастапты. Мұның нәтижесін алдағы уақытта көреміз.
Әлібек ЖАРЫҚБАЕВ