№94 (8805) 26

26 қараша 2024 ж.

«Әкімдердің

25 қараша 2024 ж.

№93 (8804) 23

23 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930 
» » Балаңызды қазақша оқытасыз ба, орысша оқытасыз ба?

Балаңызды қазақша оқытасыз ба, орысша оқытасыз ба?


Баланы қай тілде оқытқан абзал? Әрине, ана тілінде дейсіз ғой. Бірақ балаңыз жан-жақты тұлға болып қалыптасу өз алдына, өмір көшінде әлеуетті маман атанып, бәсекеге қабілетті болу үшін қос тілмен бірдей қанаттану, тіпті ағылшын тілін жетік білу қажеттілігі уақыт талабына айналып барады.


Біздің мемлекетте қазақ тілі мем­лекеттік тіл, сонымен қатар орыс тілі ресми қарым-қатынас тілі ретінде күшін жойған жоқ. Мүмкін, осының әсерінен де орыс тілін ана тілінен де жоғары қою тенденциясы көбірек байқалады. Оның үстіне көпұлтты мемлекетімізде орыс тілі қарым-қатынас құралы ретінде басымдыққа ие. Өзге ұлттың балаларының да барлығы дерлік орыс мектепте білім алады.
Естеріңізде болса, төл газетіміздің 8-інші қаңтардағы №2 санында журна­лист Баян Үсейінованың «Білім – барлық ізгіліктің бастауы» атты мақаласында осы тақырып кеңінен талқыланды. Автор екі тілде қатар оқытатын орталықтағы №169 Илялетдинов атындағы орта мектепті мысал ете отырып, былай деп жазады: «Аралас мектептегі оқу мен тәрбие процесінің күрделілігі сонда, мүдделілік тұрғысынан бір, бірақ табиғаты екі басқа қазақ және орыс тілінде оқитын бала бір есіктен кіріп шыққанымен тәртіп, салт-сана, ұстаным тайталасы тайға таңба басқандай көрініп тұратыны. Мұны жазғыруға да болмас. Әр ұлттың өз мінезі бар. Орыс сыныбында білім алған қазақ баласы сол ұлттың тілін ғана емес, болмысын да бойына сіңіреді. Баласын қай тілде оқытуға ерікті ата-ана қалауы сол екен, оған ешкімнің таласы жоқ. Бірақ бұл екі тілдегі білім бесігінің іргесі бөлек болуы керек. Кезінде таза орыс мектебі болып, кейін аралас мектепке айналған бұл білім ошағында балалары оқитын ата-ананың арманы да сол. Баласын орысша оқуға беріп, озғанын көргісі келетіндерді «сабағы ғана емес, ортасы да таза орысша болғанында нағыздың өзі болар еді» деп қарашығының қазақы ортада «қаражаяу» қалып қойғаны қабырғасын қайыстырып жүрсе, ұл-қызының қазақы тәрбиенің уызына қанып, таза ұлтжанды болып қалыптасуын қалайтындарды тәрбие бағдары екіге жарылған білім ошағындағы тәлімнің тұтастығы ой­лантады. Педагогикалық ұжымдағы психологиялық ахуалдың өзгеше өрімі де өресі барды ойлантпай қоймайды. Бұл мектепке жаңадан ғимарат соғылып, екі-үш айда пайдалануға берілмек. Саны жағынан басым орыс сыныптары екінші мектепке еншісін алып, жалауын тіктесе, қазақша сыныптар өз алдына жеке қалып тіршілік көшін көркейтпес пе? Осы мәселені біржақты шешетін кез келген тәрізді».
Иә, баланың қазақ немесе орыс мектебіне беріп оқытқысы келетін әрбір ата-ана бұл қадамын өзінше түсіндіреді. Бізді де осы тақырып қызықтырды. Осыны зерделеп көрмекке бірнеше замандасты әңгімеге тарттық. Соның бірі жұмыс бөлмемізде жанымда отыратын әріптесім Әсел былай дейді:
– Қолыма дипломымды алған бойда арман қуып Алматыға бардым. Сөйтсем, жүргізушіге сырт келбеті мен сөйлеу мәнерінен бөлек екі тілде судай ағып тұру, ол аз десеңіз ағылшын тілінен де акцентсіз сөйлеу талап етіледі екен. Алып шаһардың қай саласына барсаңыз да алдыңыздан осы мәселе көсе-көлденеңдеп, көбіне бетің қайтып, тауың шағылады. Осыдан бастап бола­шақта балаларымды орыс мектепке беремін деген шешім қабылдадым.
Ал, Жансая Жамалханова деген азаматшаға бүлдіршінін орыс сыныпқа беруіне үлкен қалаларда дәрігерлердің орысша сөйлейтіні себеп болған.
– Қызым кішкентайынан әлсіз болып, көп сырқаттанды. Денсаулығына бай­ланысты жылына екі рет қалаға ауру­ханаға жатады. Кішкентайында қасында өзім болдым. Алдағы уақытта жалғыз өзі жатуына тура келеді. Дәрігерлердің басым бөлігі орысша сөйлейді. Осы себептен қызым өзі қалғанда тілден қиналмасын деп орыс сыныпқа бердім, – дейді ол.
Ал, кент тұрғыны Жұлдыз Әлменова орыс тілін білген опық жемейді деген ойда:
– Менің балаларым орыс сыныпқа барады. Өйткені тіл білгеннің пайдасы болмаса зияны жоқ. Баламды орыстанып, өзге ұлттың қасиетін бойына сіңіріп кетеді деп ойламаймын. Аллаға шүкір, біздің аудан таза қазаққи орта. Ол білімін мектепте орысша алып, үйде қазақы үрдісте тәрбиеленіп жатыр, – дейді ағынан жарыла.
Тағы бір тұрғынымыз әліпбиіміз ауысып кетсе балам «дүбара» болып қалады деген қорқынышпен орыс сыныбын таңдаған.
– Өздеріңіз білесіздер, алдағы уақытта кирилицадан латын графикасына ауысамыз. Оған кезең-кезеңмен ауысу жұмыстары басталып кеткенін де көріп жүрміз. Әріпті жаңадан үйреніп, оң-солын енді таныған балаға қайтадан әліпби ауыстыру қиын болары сөзсіз. Ал, орыс сыныпта оқитындардың қарпі ауыспайды деген ойдамын. Бірінші сыныпқа баратын баламды орысшаға беруіме осы өзгеріс түрткі болды, – дейді Гүлмарал Өскенбаева.
– Менің төрт балам бар. Үшеуі орыс сыныбында оқыды. Қазір төртеуі де есейген, өз күндерін өзі көріп жүр. Ата-анаға баланың бәрі бірдей ғой. Дегенмен, қарап отырсам, орыс сыныбында оқыған балаларымда өзімшілдік басым тәрізді. Ата-анаға, ағайын-жұртқа ықыласы кемдеу ме, тіпті көп міндет артуға сенім аз десем бе екен, білмеймін. Ал, қазақ сыныбында оқыған ортаншымыздың мінез қалыбы да, жүрек жылуы да бөлек, өзімізге жайлы, обал-сауабы басым, еркін арқа сүйеп, амандығын тілеп отырамыз, – деп ағынан жарылды кент тұрғыны Бибайша апа. Ал қалалық жігітке тұрмысқа шыққан сыныптасымның анасы аулада балалармен ойнап, тілі орысша шыққан жиен немересінің сол тілде сөйлеп, дағдыланғандықтан ауылға келгенде бауырларымен түсінісе алмай, тілі қысқарып, кәдімгідей ызаланып тұратынын байқап, жүрегі ауыратынын жасырмады. Көп ата-ананы бұл жағы да қатты алаңдатады. Әсіресе қаланың қазақтары тілі шүлдірлеп орысша шығып, сол тілде түс көретін ботақанын қанша жерден қазақ балабақшасына апарып, қазақ мектебіне берсе де ана тілінде сөйлеуге еш иліктіре алмағанын көргенде сақау тіл сақау санаға соқтырмаса екен деген сарыуайымға салынатындарын да жасырмайды. Ал, сіз қалай ойлайсыз?
Хош. Баланың қай тілде білім алатыны ата-ананың өз қалауы дедік. Біздің ауданда шын мәнінде қанша бала орыс сыныптарында білім алып жатқанына тоқтала кетсек. Орталықтағы №169 орта мектепте 755 бала орыс сыныбында оқыса, оның 302-сі 1-4-ші сыныпта, 350-і 5-9-шы сыныпта, 103-і 10-11-ші сыныпта, 40-ы даярлық тобында оқиды. Өскенбай Жұмаділлә атындағы дарынды балаларға арналған бастауыш мектебінде 31 оқушы, «Заңғар» интеллектуалды бастауыш мектебінде 35 бала, «Daryn school» жеке бастауыш сынып мектебінде 47 білімгер орыс сыныптарында білім алуда.

Түйін: Ең жақсы инвестиция – балаға құйылған инвестиция. Сондықтан балаларымызды білікті, білімді, парасат пайымы мол азамат етіп қалыптастыру бізге аманат. Олардың қай тілде болсын сапалы білім, тәлімді тәрбие алуы өте маңызды. Ал, алған білімдерін өмірде қолдана білуі одан да маңыздырақ. Өйткені бүгін мектеп табалдырығында тәрбиеленіп жүрген сіз бен біздің баламыз Алтай мен Алатаудың арасына созылған алып мемлекеттің ертеңгі игесі екенін естен шығармағанымыз абзал.

Айсұлу АЛДАНАЗАР
05 ақпан 2022 ж. 384 0