РАҚЫМШЫЛЫҚ ЖАСАУ-ІЗГІЛІКТІҢ БЕЛГІСІ
Қазақстан Республикасы өзін тәуелсіз мемлекет ретінде жариялаған 30 жыл ішінде елімізде он рет рақымшылық жасау актісі қабылданған екен.
Соның бірі-2021 жылдың 7 желтоқсанында қабылданған «Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің отыз жылдығына байланысты рақымшылық жасау туралы» Қазақстан Республикасының Заңы.
Рақымшылық Заңы ең алдымен әлеуметтік тұрғыдан осал адамдарға:
- «Ардагерлер туралы» Қазақстан Республикасы Заңының күші қолданылатын ардагерлер мен басқа адамдар;
қылмыстық құқық бұзушылық жасаған кезінде он сегіз жасқа толмаған адамдар;
- осы заң қолданысқа енгізілетін күнге елу жасқа толған және ол жастан асқан әйелдер мен алпыс жасқа толған және ол жастан асқан ер адамдар;
жүкті әйелдер немесе кәмелетке толмаған балалары немесе мүгедек балалары бар әйелдер, сондай-ақ кәмелетке толмаған балалардың жалғыз ата-анасы болып табылатын ер адамдарға;
бірінші және екінші топтағы мүгедектерге қатысты қолданылады.
«Амнистия» немесе рақымшылық-грек тілінен аударғанда «кешіру» деген мағынаны білдіреді. Адамдардың белгісіз бір тобын мемлекет басшысының немесе өкіметтің жоғарғы өкілетті органының шешімімен қылмыстық жауаптылықтан немесе жазадан босату.
Қазақстан Республикасының Қылмыстық Кодексінің 78-бабында рақымшылық немесе кешірім жасау актісі негізінде қылмыстық жауаптылықтан және жазадан босату көзделген.
Сонымен, Рақымшылық жасау туралы 2021 жылғы 7 желтоқсандағы Заңның талабына сәйкес кімдер қылмыстық жауаптылық немесе негізгі жазадан босатылады?
қылмыстық теріс қылықтар және онша ауыр емес қылмыс жасаған
адамдар.
Осы орайда қылмыстық теріс қылықтарға қоғамға зор қауіп төндірмейтін, болмашы зиян келтірген не адамның жеке басына, ұйымға, қоғамға немесе мемлекетке зиян келтіру қатерін туғызған, оны жасағаны үшін айыппұл салу, түзеу жұмыстары, қоғамдық жұмыстарға тарту, қамаққа алу, шетелдікті немесе азаматтығы жоқ адамды Қазақстан Республикасының шегінен тысқары жерге шығарып жіберу түріндегі жаза көзделген, айыпты жасалған іс-әрекет немесе әрекетсіздік жататынын білгеніңіз абзал.
Ал онша ауыр емес қылмыс дегеніміз-ең ауыр жаза бас бостандығынан айыру екi жылдан аспайтын қасақана жасалған іс-әрекеттер, сондай-ақ жасалғаны үшiн Қылмыстық Кодексте көзделген ең ауыр жаза бас бостандығынан айыру бес жылдан аспайтын абайсызда жасалған іс-әрекеттер.
Залал келтіруге әкеп соқпаған не оны толық өтеген немесе ол бойынша азаматтық талап қойылмаған ауырлығы орташа қылмыстар жасаған адамдар да қылмыстық жауаптылық немесе негізгі жазадан босатылады.
Қандай қылмыстар ауырлығы орташа қылмыс болып табылады десек?
Ол жасалғаны үшiн Қылмыстық Кодексте көзделген ең ауыр жаза бас бостандығынан айыру бес жылдан аспайтын қасақана жасалған іс-әрекеттер, сондай-ақ жасалғаны үшiн бес жылдан астам мерзiмге бас бостандығынан айыру түрiндегi жаза көзделген абайсызда жасалған іс-әрекеттер.
Дегенмен ауырлығы орташа қылмыста келтірілген залал болмауы, егер залал келтірілген болса ол кінәлі тұлғамен өтелуі және жәбірленуші тарапынан залалды өтеу жайлы азаматтық талап болмауы рақымшылық қолдану үшін шарт екенін біліңіз.
Сондай-ақ негізгі жазадан теріс мінез-құлық дәрежесі жоқ, осы Рақымшылық жасау туралы Заң қолданысқа енгiзілетін күнге жазасын өтеуіне бiр жылдан аспайтын уақыт қалған, ауырлығы орташа қылмыстар жасағаны үшін сотталғандар босатылады.
Егер өзіне қатысты рақымшылық жасау қолданылуы мүмкін адам немесе оның заңды өкілі рақымшылық жасауға қарсы болса, ол адамға қатысты рақымшылық жасау қолданылмайды. Бұл дегеніміз рақымшылықты қолдану үшін аталған тұлғалардың келісімі болуы шарт екенін білдіреді.
Рақымшылық жасау туралы Заңда жазасын өтеп жатқан немесе оны әлі орындамаған әлеуметтік жағынан осал адамдарға :
ауыр қылмыс бойынша-екіден бір бөлігіне:
аса ауыр қылмыстар бойынша төрттен бір бөлігіне негізгі жазасының өтелмеген немесе орындалмаған бөлігінің мерзімдері немесе мөлшерлері қысқартылатыны белгіленген.
Бұл орайда ауыр қылмыстарға- жасалғаны үшiн Қылмыстық Кодексте көзделген ең ауыр жаза бас бостандығынан айыру он екi жылдан аспайтын қасақана жасалған іс-әрекеттер жатқызылса, аса ауыр қылмыстарға жасалғаны үшiн аталған Кодексте он екi жылдан астам мерзiмге бас бостандығынан айыру немесе өмір бойына бас бостандығынан айыру түрiндегi жаза көзделген қасақана жасалған іс-әрекеттер жатқызылады.
Рақымшылық жасау туралы Заңда көзделген сотталғанды жазадан босату, жазаның өтелмеген бөлігін ауыстыру, жаза мерзімінің өтелмеген бөлігін қысқартуды қолдану сотталған адамның жазасы орындалатын жердегі соттарға жүктелген.
Рақымшылық жасау-ізгіліктің белгісі десек, бұл Заңның жаза басқандарға үміт сыйлайтыны сөзсіз.