Аудандық сот жылды қорытты
2020 жылы Жаңақорғанда алаяқтық, ұрлық, есірткі қылмысы көбейді. Карантин кезінде интернет алаяқтар қаншама тұрғынды тақырға отырғызды. Тағы бір өкініштісі, көлік апаты жиілеп, бейбіт күнде қара жамылған отбасылар жақынынан айырылып жатқаны жанымызға батты. Өткен аптада аудандық сотта 2021 жылдың қорытындысы бойынша онлайн режимінде баспасөз конференциясы өтті.
Баспасөз конференциясында аудандық сот төрағасының міндетін атқарушы Исағали Тұңғышбаев атқарылған жұмыстарды жүйелеп, қылмыстық, азаматтық және әкімшілік іс бойынша саралады. Әр тоқсан сайын және жыл соңында аудандық сот атқарылған жұмысты жүйелеп, осылай баспасөзге сұхбат беріп, жариялылық пен ашықтықты жолға қойды.
– 2021 жылдың 12 айында аудандық сотта 96 адамға қатысты 67 қылмыстық іс тіркелді. 796 азаматтық іс түссе, оның 31-і азаматтық іс соттылығы бойынша келді. 547 әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс қаралып аяқталды. Өздеріңіз көріп тұрғандай, қандай іс болсын азаяр емес, әрине, қоғам болған соң кез келген жайт орын алары сөзсіз. Дегенмен, біздің ауданда кәсіпке айналдырылған істердің де бары анық. Сондықтан, бізге келген істерді зерделеп, мүмкіндігінше жылдам, ашық түрде және әділ жазасын шығаруға тырысамыз, – деді И.Тұңғышбаев.
Алдымен қылмыстық істер бойынша тоқталайық, былтыр 76 адамға қатысты 55 үкім шығарылған.
Жоғарыда айтқандай былтыр есірткі заттардың заңсыз айналымына байланысты 7 қылмыстық іс түсіп, 7 қылмыстық іс бойынша үкім шығарылған. Темір торға қамалып, көбі жазасын өтеуде. Сондай-ақ, тоқтатылған 6-сотталушыға қатысты қылмыстық іс бойынша ҚР «Медиация туралы» Заңы қолданылып, сотталушылар қылмыстық жауаптылықтан босатылған. Медиация заңының келуімен өзара бітімгерлік, татуласу, яғни өзара дау-дамай азайғаны рас. Бірақ, мал ұрлығына кешірім жоқ екенін барымташылар естен шығармаса дұрыс болар еді. Өйткені, мал ұрлығы қанға сіңген қасиет секілді, жылда жоқ дегенде екі-үш дерек тіркеледі.
Басты сот талқылауында процестік келісімдер жасалып, 9 адамға қатысты 6 қылмыстық іс қаралды. Осы мезгілде аяқталған 66 істің 24-і қысқартылған тәртіппен қаралып, қаралған істердің 36, 3 пайызын құрады. Сонымен қатар есепті кезеңде 12 қылмыстық іс бойынша апелляциялық шағым түсіп, оның 10-ы өзгеріссіз қалса, 2-еуі бойынша үкімі өзгерді. Жалпы, осы жыл мерзімде қаралған қылмыстық істер бойынша 19 жекеше қаулы шығарылды, – деді төраға міндетін атқарушы.
Енді азаматтық істерге келсек, сотқа түскен 796 істің 285-і бойынша шешім шығарылса, 98 іс тоқтатылған. 100-не сот бұйрығы шығарылса, 51 іс оңайлатылған тәртіппен қаралыпты. Дау медиация тәртібімен реттеу туралы келісім бойынша 77 істі тоқтатқан. Бұл көбіне отбасылық мәселеден туындаған келіспеушіліктер. Айта кететіні, алимент өндіру бұл бірінші кезектегі мәселе. Өйткені, бізде ғана емес, жалпы қоғамда жауапсыз әкелер көп екенін көрдік, көріп жүрміз. Қазақстанда соңғы жылдары ажырасу дерегі рекодтық көрсеткішке жеткен. Біздің ауданда да неке бұзатындар көп, дені жастар. Бұл тақырыпта алдағы уақытта тереңірек зерделейтін боламыз. Сондай-ақ, 5 дауды партисипативтік рәсім тәртібімен, яғни тараптардың адвокаттарының жәрдемдесуімен реттеу туралы келісіммен шешілсе, 6 іс бітімгершілік келісімі бойынша жасалған. 23 іс медиятор судьяның татуластыруымен бекітілген.
– Өткен жылы 547 әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс тіркелсе, соның 465-і бойынша жаза қолданылды. Тек 73 іс тоқтатылды. Әкімшілік жаза қолдану көрсеткішінде 289 тұлғаға айыппұл салынса, 124 адамға әкімшілік қамаққа алу жазасы жазылды. 17 адамға арнайы құқығынан айырылса, 28 адамға ескерту жасау түріндегі жаза қолданылды, – деген төраға міндетін атқарушы әкімшілік қылмыста жол ережесін бұзғандар көп екенін алға тартады.
Иә, темір тұлпарды тізгіндеп жол ережесін бұзатындар мен масаң күйде көлік басқаратындар тіптен көп. Күндіз жасы алпыстан асқан аға буын мен қариялар және нәзік жандылар ереже бұзса, түнгі уақытта жастар жүгенсіз кетеді. Бұл күнделікті тәжірибеден өтетін құбылыс, зерттеу, зерделеуден туындаған айғақ. Ал, ішімдік ішіп көлік басқаруға жаза қатаң, соның салдарынан қаншама жанның өмірі қиылса, енді бірі жарымжан күйге түскеніне былтыр куә болдық.
Міне, қысқаша қайырғанда, аудандық сот 2021 жылдағы жүйелі жұмысын осылай сараптады, ең бастысы, үш санаттағы істер азайғаны абзал. Бұл ауданның абыройына кір келтірсе, екіншіден қаншама тағдырды тәлкекке салады.
Қазіргі таңда аудандық сотта соңғы өзгерістерге сәйкес сот жүйесін жаңғырту аясында тараптарға смартфонға жүктелген «TrueConf» қосымшасы көмегімен қашықтан сот отырысына келмей-ақ, бейнебайланыс арқылы қатысуға мүмкіндік беретін «SMART» сот пилоттық жобасы жақсы нәтижелі жұмыс жасауда. Баспасөз конференциясын қорытындылай келе сот төрағасының міндетін атқарушы алдағы уақытта сот төрелігінің сапасын арттыруға, сот жүйесін нығайтуға барлық шаралар қолданылатынын атап, жиынды қорытты.
Әлібек ЖАРЫҚБАЕВ