Ауру қайдан демеңіз
Еліміз бойынша қызыл аймаққа іліккен тұрғылықты жерлермен қатар сары аймақ санатынан саналатын өңірлер қатары азаймай тұр.
Өз облысымыздың да коронавирус індеті жөнінен сары аймаққа енгені туралы ескерткен болатынбыз.
Тәж вирустың таралғанына айтарлықтай уақыт өтті, сыр-сипатынан едәуір таныс та болып қалдық. Вакциналау науқаны алғашқы кезде қарқынды болғанымен, ауруды ауыздықтауға келгенде әлі сақтық ережелерінен алыстау тұрмыз. Cоңғы лекке белгіленген зейнеткерлер мен жүкті әйелдер және диспансерлік есепте тұратындарға екпе жасау кешеуілдеуде. Олардың екпе алуға құлықсыздығы себебін алдыңғы мақалаларымызда да талмай айтып келеміз. Яғни, ел ішінде түрлі дақпырт әңгімелерге иланатындар көп.
– Ауданда вакциналау бойынша 8 аймақ және 26 ауылдың әрқайсысында бригадалар жұмыс істеуде. Қазір қолда бары Спутник-V вакцинасы. Ендігі кезекте ауыл әкімдерімен бірігіп бригада құрып, ауыл-ауылды аралауды қолға аламыз, – дейді аудандағы бас эпидемиолог-дәрігер Асқан Отарбеков.
Бірінші қарашадағы мәліметке келсек, Қазақстан бойынша коронавирусқа қарсы вакцинаның I компонентімен 8 300 105 адам егілді, II компонентті 7 500 328 адам салдырған Ал, ауданда вакцинациялаудың I турынан 28317 адам өтсе, II туры бойынша 23283 адам егілген. Бұл жоспар бойынша егілуге тиісті адамдардың 74 пайызын құрайды.
Қазіргі уақытта аудан бойынша індет жұқтырған тұрғындар облыс орталығына барып ем алуда.
Қазақстанда 1 қарашадағы мәлімет бойынша 1395 адамда коронавирус ПТР-талдау арқылы расталды, Қызылорда облысы бойынша – 26 адам, Жалпы, пандемия басталғалы елімізде коронавирус 940 612 адамнан анықталды.
Аурудың екпіні саябырлады екен деп сақтық ережелерін ұмыт қалдыруға болмайды. Әрбір адам өз денсаулығына жіті көңіл аударып, салауатты өмір салтын ұстанып, дертке қарсы тұру белсенділігін барынша тұрақты ұстауға назар аударса індеттің құрығына ілікпей, өз амандығына кепіл бола алмақ.
«Ковид-19», иланбаймын десең де иесі белгісіз тажалдың иек астынан пайда бола кетіп, жақсы-жаманды айырмай жалмарына талай көз жетті. Cондықтан, айтып келмейтін аурудың алдын алуда бейқамдық танытпайық.
Рауза ӘЗІЛХАН