9 айдың қорытындысы: Неке бұзу жиІледі
Біз бала кезімізде ажырасу деген ұғымды көп ести бермейтін едік. Қазір аудан бойынша әр айда кемінде 10 отбасы неке бұзады. Мәселен, аудандық сотта 9 ай ішінде 90 шаңырақтан шаттық кетті. Әр жыл сайын Жаңақорғанда 300-ге жуық жас отау құрса, оның 100-ге жуығы ажырасып жатады. Осыдан қоғам қайда барады деген сауал туындайды, бұл қазақ қоғамындағы трагедия. Осы және өзге де азаматтық, қылмыстық және әкімшілік істер бойынша 9 айда атқарылған жұмыстар жөнінде аудандық сот төрағасы Әлия Түбекбаева тілшілерге баспасөз конференциясын өткізді.
Алдымен төраға атқарылған жұмысы жайлы баяндады. Аталған мерзімде аудандық сотта барлығы 864 іс қаралып, аяқталды. Оның ішінде, азаматтық 400 іс, қылмыстық 54 және әкімшілік құқық бұзушылық бойынша 401 іс түсті.
– Аяқталған азаматтық істер бойынша, сот бұйрығы 80, тоқтатылған 76 және шешім 202 іске шықты. Тоқтатылған істердің басым көбі медиация тәртібімен шешілуде. Азаматтық істер бойынша ең көп қаралған даулардың ішінде шарт бойынша міндеттемеден туындаған даулар саны 171-ке жетті. Мәселен, банк заем шарты, қарыз ақша өндіру сынды жағдайлар биыл өршіп тұр. Сондай-ақ, неке бұзу, кәмелетке толмаған балаларды асырап бағу үшін алимент өндіру жайлы талаптар, заңдық маңызы бар фактіні анықтау жайлы арыздар да көбеймесе азайған жоқ, – деді төраға.
Шыны керек, биыл интернет алаяқтардың кесірінен қаншама тұрғын зардап шекті. Оңай олжаға кенелемін деп, қолындағы барын бергендер қатарында жаңақорғандық бар. Енді бірі интернет арқылы кішігірім банктерден несие алып, төлей алмауда. Әкелік міндетін, жауапкершілігін мойнына ала алмаған азаматтар алимент төлеуден жалтарып жүргені тіпті ұят. Көбісі жұмыс жоқ деп сылтауратады. Жұмыс көп, әсіресе біздің ауданда қолынан іс келетін жігіттерге жұмыс өте көп. Сондықтан бауыр еті баласынан безіп, азын-аулақ ақшаны беруге қиналып жүрген әке сымақ ерлердің ісі тым ұят. Бұл туралы алдағы уақытта мақала жариялайтын боламыз.
– Қылмыстық істер бойынша 54 іс аяқталды, оның 45-іне үкім шықса, медиациямен тоқтатылған 7 іс. Сотталған адам саны 58-ді құрады. Темір торға тоғытылғандар саны 20-ға жетті. Ауыр қылмыс саны 35-ті көрсетуде. Аяқталған қылмыстық істердің ең көп қаралған қылмыс санаты ҚК-нің 346-бабымен, яғни көлік құралын басқару құқығынан айырылған тұлғаның алкогольді масаң күйде көлік басқару. ҚК-нің 188-бабы, ұрлық, яни бөтеннің мүлкін жасырын жымқыру, 188-1бап, мал ұрлығы да бар. Былтырғы жылға қарағанда биыл мал ұрлығы азайғанымен, мүлде жойылып кеткен жоқ, – деді Әлия Бердібекқызы.
Былтыр ел карантин кезінде абыр-сабырда жүргенде мал ұрлығы өршіп кеткені рас. Интернет алаяқтар мен есірткі бизнесі де белең алды. Биыл көлік апаты мен алаяқтардың жаңа белесі пайда болды. Яғни, хакерлер жаңа әдіс-тәсілді меңгеріп, тұрғындарды алдап түсіруде. Оның үстіне, пирамиданың жеңіл түрі пайда болып, ошақ қасындағы аналар осыған әуестенді. Бұл уақытша ғана алдау екенін ешкім түсініп жатқан жоқ. Сондықтан құқық қорғау қызметкерлері барынша абай болуға шақыруда.
– Қаралған әкімшілік құқық бұзушылық туралы істер бойынша 357 айыпталушыға жаза тағайындалды. Тоқтатылған іс саны 53 болса, тараптардың татуласуына байланысты медиация тәртібімен тоқтатылғаны 37-ке жетті. Жаза тағайындалғандардың басым бөлігі айыппұл арқалады. 221 тұрғын айыппұлын арқаласа, 95-і қамаққа алынды, көлік құралын басқару құқығынан 13 адам айырылды. Қазақстан Республикасының шегінен әкімшілік жолмен шығарып жіберу бойынша 5 шет ел азаматы елден кетті. Сондай-ақ көлік құралын басқару құқығынан айыру қосымша жаза ретінде 64 адамға қолданылған. Әкімшілік құқық бұзушылықтың ең көп қаралған санаты көлік құралын алкогольді масаң күйде басқару. Жол қозғалысы ережелерін бұзып, жәбірленушінің мүлкіне зиян келтіру немесе денсаулығына жеңіл зиян келтіру, – деді Ә.Түбекбаева.
Жеке бастың құқығына қол сұғатын, оның ішінде ұрып-соғу, отбасы-тұрмыстық қатынастарда тұратын адамды ұрып соғу дерегі бойынша 37 іс тіркелген. Отбасы-тұрмыстық демекші, қазір ерлі-зайыптылардың ортақ ісіне полиция қызметкерлері көбірек араша болуға тырысуда. Өйткені, қит етсе құқық қорғаушыларды шақыратындар көбейді. Ішімдікке сылқия тойып алып, жарына, бала-шағасына зәбір көрсететін қорқау әкелер де жыл сайын жиілеп барады. Бұл да қоғам үшін үлкен мәселе.
Баспасөз конференциясында жаңадан қабылданған Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік Кодексінің талаптарын түсіндіру мақсатында қарқынды жұмыс жүргізілуде екенін естідік.
Төраға ағымдағы жылдың 1 шілдесінен бастап күшіне енген Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік Кодексі жайлы: оның ішінде әкімшілік сот ісін жүргізу, соттың белсенді ролі, сот бақылауы туралы мәліметтермен таныстрды.
Жиынды қорытындылай келе сот төрағасы алдағы уақытта да сот төрелігінің сапасын арттыруға, сот жүйесін нығайтуға барлық шаралар қолданылатынын атап өтті.
Әлібек ТЕМІРБЕК