Тажал тұлға таңдамайды
Кез келген ауыртпалықты «бір жағадан бас, бір жеңнен қол» шығарған ынтымақ пен бірлікпен жеңуге болады. «Ковид-19» жердің бетіне шыққалы белгіленген ереже мен заңдылыққа бас иіп, тәртіптен аттамай, бірауызды ұстанымға жұмыла білген елдерде қатерлі дерттің құрсауына тұтылып, зардап шегушілер қатары аз. Адамдар арасында арақашықтықты сақтап, жиын-той өткізуден тыйылыңдар деген талапты тыңдамай отырған жұртшылық арасында коронавирустың тарау жылдамдығы күннен-күнге артып келе жатқаны жан ауыртады.
Заман алға озып, жаңарған сайын адами қажеттіліктердің де артары заңды. Бірақ бір нәрсе құнды, ол адам денсаулығы. Оны ешнәрсеге сатып ала алмайсың.
Жетпіс жылдық тәуелділіктен азат болып, халықтық қасиет-қадірімізбен қауышар тұста түгелденер ұлттық ұстындарымыз қатарында ата-бабамыз тұтынған табиғи ас-ауқаттың қадірін кетірмей, артықшылығын ұлықтау парыз. Қоғам дамыды. Адамдар саналық тұрғыдан кемелденіп, кісілік келбетінің көріктене түсуі өткеннің барлығын сызып тастап мәкрүк етуден тұрмайды. Далалық тіршілік салттың көне үлгілеріне көз жіберіп қарағанда тазалық пен тақуалық талаптарына мығым озық мәдениеттің көкесін танытатын небір құндылықтарға көңіл сүйсінері анық. Ата-бабадан келе жатқан осынау асыл дәстүрлерді аялап, ардақтап, оны келер күннің құндылықтарымен мінсіз үйлестіре білгенде ғана үлкен нәтижеге жетуге болады. Жапония сынды шағын мемлекеттің айы оңынан туып, алпауыт мемлекеттердің алдын орап кетуі астарында осындай үрдісті үкілеген даму үлгісі жатыр. Ол елде ең бірінші туған ұлтын мақтаныш тұту сезімі бәрінен жоғары. Қоғамның әрбір мүшесі өз орнын біледі. Қоғамдағы бүкіл жаңалық, жақсылық атаулыға әркім өзін жауапкер сезінеді. Өзінің елге сіңірген еңбегінің, азаматтық үнінің қаншалықты маңызды екенін түсінеді. Ортада барынша кішіпейіл, жапондық әдет-ғұрыптың атадан балаға жалғасқан жарасымды арқауына баоынша кір түсіріп алмауға тырысады. Ал бізде ше?
Елдің елдігі басына күн түскенде сыналады. Алғашында дақпырт даңқының өзімен елдің есін алған коронавирус дерті есігімізден еніп, алқымға қолды салғанда тілсіз жауға қарсы тұрар шама-шарқымыздың салмағын шамалағандай болдық. Бұл кездері барлық ауыртпалық індетпен бетпе-бет келген тиісті мамандардың иығына түсті деуге болады. Ал оларға жедел көмекке келер провизорлық қызмет, сақтандыру салалары ауруды ауыздықтауға әрекет еткеннен гөрі қалта қамына ойысып, қарбалас жағдайлардан қаржы қармап қалуға ұмтылды. Төтенше жағдайға орай Үкіметтен бөлінген қыруар қаражаттың өз мақсатына пайдаланылмай талан-таражға түсуі, аптекаларда қажетті дәрілердің белгіленген бағасынан қымбатқа сатылуы, қарапайым халыққа бір жолғы бетперделердің өзі қатқа айналуы отыз жылда өзіміз өз болып, кісілік келбетіміздің қаншалықты қалыптасып үлгіргенінің бір көрінісін айшықтап берді.
Егемендіктің арқасында әркім өз жолын тауып, дербес шаруасын түзіп, болашаққа бағыт-бағдарын сызып, тіпті көбі белгілі бір байлық пен дәулетті иеленіп үлгіргенімен ең басты құндылық - адамгершілік қағидаларының тіні сау, болмысы бүтін сақталуына мән беріп, бас ауыртқанжағдайымыздың кемдігі көзге ұрды.
Көпшілігіміз ақылдың, ардың емес, құлқынның дегенімен жүріп, дүниеқұмарлыққа шындап бет бұрыппыз. Елге төтеннен келген індет бізге осыны аңғартты.
Бір әттеген-айы, басқа түскен осы ауыртпалықты қайткенде бірігіп, жеңіп, ауыздықтауға қам қылудан гөрі оны жаппай талқылап, қып-қызыл саясатқа жорып, әлдебір сыртқы күштердің, саяси мүдделердің салдарына теліп өре таластырып өсек айтудан әлі тыйылмай келеміз. Осындай негізсіз жорамалдардың кесірінен аурудың шынайы қаупінен гөрі дақпыртқа еріп екпе жасатудан жалтарып жүрген жандар қаншама.
«Бірдің кесірі мыңға» дегендей, жалпыхалықтық түсініктің, қорғаныстың төмендігінен қатерлі ауруға төтеп беру қиындап барады.
Тажал атаулы тұлға таңдамайды екен. Тәуелсіз еліміздің тұтқасы болып жүрген таңдаулы азаматтарымыздың қаншамасынан айрылып қалдық. Күні кеше талантты спорт журналисі, қазақтың «Бердіқұловы», барлық ақжолтай хабарларын «Жеңісті күндерде жолыққанша» деп аяқтап, әлеуметке жақсы көңіл күй сыйлаумен келген аяулы азаматымыз Амангелді Сейтхан екі апта жансақтау бөлімінде жатып, осы дерттің қармағынан құтыла алмай мерт кеткені жөнінде қаралы хабар жетті. Осының алдында елінің аяулысы, қайталанбас, жарқын туындылардың авторы, қазақ музыкасын ешкімге ұқсамайтын өзіндік қолтаңбасымен қоңыр әуен, әуезі бөлек сыршыл лирикасымен байытып кеткен кемел талант, композитор Ескендір Хасанғалиев ағамыз коронавирустан көз жұмды. Былтыр пандемияның бірінші толқыны кезінде туған топырағымыздан түлеп ұшқан Қазақстандағы №1 модалер, стилист маман Берік Исмайлов ағамыз да осы тажалға тап келді. Ол өзі осының алдында ғана қазақстандықтардың денсаулығы үшін қосымша жұмыс жасап, жүздеген қорғаныш маскаларын тігіп, халыққа тегін таратқаны жөнінде естіген едік. Осы Жаңақорғанымыздың өзінде халықтың алдында жол бастап жүрген жайсаң ағаларымыздан қапелімде індеттің кесірінен көз жазып қалдық қой.
Бұл індеттің шығу түп-төркінін түрлі себептерге әкеп тірейміз. Бір өкінерлігі, ес-ақылымызды жақсылық та, жамандық та бір Алладан деп иландыруға қауқарсызбыз. «Сендердің басқа келген қайғы-қасірет, жамандықтарың қолекі жасаған күнәларыңның кесірінен» деген құран сөзін еске алайық. Пайғамбарымыздың уақытында «оба» деген індет тарады, бұл жөнінде Алла елшісі «Бұл Алла Тағаланың жер бетіндегі пенделеріне жіберген азабы, ал мүмін мұсылмандар үшін рахметі» деді. Бұл аурудан көз жұмғанға шаҺидтік сауап беріледі. Әркімге үйден шықпай, бұйрыққа бағынуы шарт деп бұйырылды. Осы індет арқылы адамдар есін жинайды, арғы-бергісіне есеп береді, Жаратушысын еске алады, көп истихфар етеді. Бұл туралы «Нұх» сүресінің 950 аятында «Раббыңнан кешірім сұра. Ол кешірімді» делінген.
Жер бетін түгел шарпыған жойқын тажалмен күресте дәрі-дәрмек дәреметінен бөлек енді үзілгелі тұрған жарық өмір жібін ғайыптан жанұшырып жеткен жәрдемімен дәнекерлеп, саулық сыйлап, дертті жанның одан әрі су ішкілігіне себеп болған жағдайлар көптеген жанның тәубесін еске түсірді.
Былтырғы індеттің өршіген кезеңінде ұлтжанды азамат, жазушы, қайраткер Қуандық Шамахай ағамыздан айрылып ек. Ол кісінің артынша қазаққа белгілі азамат, дін ағартушысы Әбдіғаппар Сманов осы дерттен көз жұмды. Смановтар әулетіне қайғы-қасырет арқалатқан тажалдың қармағы оның ағасы Әбдіжаппар Смановты да құрсауына алып, Әбдіжаппардың ұлы Зәкәрия осы тажалдан жан тәсілім етті.
Жоғарыдағы сөзімізге дәлел, жаны қиналған осы ауыр сөтте Әбдіжаппар Сманов ағамыз сол кездегі жағдайын былай деп баяндайды. «Жағдайым қатты қиындап, алған ем-дом атаулыммен ажал алдында қауқарсыздығымды мойындаған бір сәтте ана өмірге шынайы мойынсұнып, «Е, Алла, тірлігімде біліп-білмей істеген күнәларымды кеше гөр. Ризамын. Екі жыл Ауғанның оғынан аман келдім. Ойымдағы бір арманым, кең сарайдай мешіт үйін салып, халықтың игілігіне берсем деп едім. Ол ниетімді де қабыл көрдің. Алпыс жас жасаппын. Бір тілегім, бауырым Әбдіғаппардың дертіне шипа болып орнынан тұрып кетсе өтеуіне садаға боп кетуге әзірмін. Я, Алла құзырыңа бас идім» деп жалынып жатып бір сәт көзім ілініп кетіпті.
Кілкіндей жиырма бір жастағы кезімде болған мына бір оқиға тап сол күйінде айна-қатесіз түсіме кіріпті. Ауған жерінде жүрмін. Қолымнан тастамай оқып жүретін Құран кітабым болатын. Менімен бірге болған қаруластарым бәрі біледі. Оны көз қарашығымдай сақтадым. Сол кітапты комбригада көріп алып кетіпті. Дереу ізінен жүгіріп барып машинасын жөндеп жатқан шопырды жағадан алдым. «Кітап қайда, таппасаң өзіңді де, бастығыңды да өлтіремін» дедім. Түстен кейін командир келді. Бойы екі метрден биік, шомбал тұрқына надан әлімжеттігі қатар үйлескен, қызметін пайдаланып қатардағыларды қан қақсатып келе жатқан дөйттің бірі еді, «алдыма түс» деген ишараны білдірді маған. Қолындағы пистолетін желкеме тақап «Уазға» мінгізіп алды. Армян шопырда ес жоқ, дір-дір етіп көлікті әрең жүргізіп келеді. «Мен келгелі алты ай болды, он бір адамды жазалаттым. Сен де соның кебін киесің» деді маған. «Бог знает» дедім мен. «Я сам бог, сам АллаҺ» деп ақырды ол. Арнайы орынға жақындап келіп қалғанда көрдім, мұның қарасы көрінгеннен қарауыл, комендатура, прокуратурасы бар ма, барлық әскерилер тік тұрып қаздиып қалыпты. Көліктен түсіп қолымды желкеге қоюдан бұрын «Вольно» дедім әлгілерге. «Ах, сен казах, не істеп тұрсың, Я тебя убью» деп маған ұмтылған дәудің кеңсірігінен ала шеңгелдеп ұстаған мен «Ты не советский офицер, ты фашист. Товарищи, мы воины или бараны?» деп айқайлап едім, бәрі «Мы воины, Мы воины» деп жаңғырықтырып қоя берді. «Отпусти меня, казах, я тебя уважаю» деп қырылдады полковнигім. Мен лақтырып жібердім. Одан бері отыз жеті жыл, ешкімге тіс жармаған, айтпаған, есіме түсіріп көрмеген осы оқиға түсіме неге кірді? Бұл ненің белгісі? деп таң-тамашамын. Жаңағы «Мы войны. Мы войны» деп айқайлаған көп дауыс құлағымда жаңғырып тұрғандай. Жігерімді жанығандай. Қанымды тасытып, бойыма қуат құйғандай. Аяқ-қолымды матап қимылдауға ерік бермеген тажалдың тұсауы түйінін босатқандай тіршіліктің белгісін танытып қозғалуға әрекет жасадым. Өлдіге жорып, емнен ажыратып, енді алып кетпекке әзірленіп жатқандар көз алдында қайта тірілген жағдайымды өз көздерімен көрді. Алланың кереметінде шек жоқ, тылсымнан маған осылай бір шипа келді» деп әңгімелеп берген аға естелігі бір сырдың ұштығын ұстатады. Сондықтан да әрбіріміз жер бетіндегілерге сынаққа жіберілген не бір қиын жағдайдан құтылуда Аллаға жалбарынып, одан ғана медет сұрағанымыз дұрыс екендігін естен шығармайық.Ешбір ауруды шипасыз жаратпадым деген Алланың уәдесі бар.Қандай дерттен болмасын жазылудың жолы пенде баласы теріс әрекеттеріне тәубе етіп, көп-көп истихбар етуі тиіс.
Қай заманда да адамзатқа берілетін сынақ біреу. Пенделер Алланы еске алудан тыйылғанда, тәубесінен жаңылғанда осындай ескертулер келетіні тарихтан мәлім. Біз қандай қателіктер жіберіп алдық? Біз қанағатты ұмыттық. Ысырапшылдыққа белшеден баттық. Кембағалдар ұмытылып, өңшең бай-бағландар сауық-сайран құратын жиын-той көбейді. Ашкөздік шектен шықты. Алдап-арбау, жетімнің ақысын жеу көбейді. Әкімдеріміз әзәзілдіің айласына шатылды. Жаман-жәутік көсемсіп бас қатырды. Соның барлығына шектеу қойған ндеттің шабуылы бұдан мыңдаған жылдар бұрынғы астамшылық құрбандарын еске салады. Олар бойлары 17-18 метр келетін алып адамдар болған. Ешнәрседен қорықпаған, тайсалмаған, Құдай менмін деген. Құдырет қахарланғанда өзіне қарсы келгендерге түйірдей ғана шыбандарды жіберді. Танауынан еніп, миына жетіп есінен тандырып жоқ етті.
Хазіреті Омардың заманында оба ауруы тараған. Індет тараған елге бармау керек. Ауру жайылған аумақтан сыртқа шықпау керек деген карантин талаптарына адамдар сол кезден сақтық танытуды шариғат талаптарынан танып білді. Бұл ереже бүгінде дүние жүзінде ғылыми тұрғыда бекемделіп, қатаң орындалуы тиіс болса да самарқаулық пен бойкүйездік салдарынан қауіп-қатерге де көз жұма қарайтын қаперсіздікке ұрынып отырмыз. Өмірде барлық нәрсенің өз жауабы бар.Тек сол жолда өз болмысымыздан жаңылып қалмасақ екен.
Дерт барлық жерде дендеп тұр. Одан қашып, бой тасалап, есікті тарс жауып, қамсыз-тіршіліксіз отыру тағы мүмкін емес. Жас толқын жүйелі білім алып, келешегін қамдап, өмірін жалғап, өсіп-өркендеуі керек. Бұл жолда ел мен жер асып, даладан қалаға жөңкіліп, мақсат пен арманына қол артқан болашақты қалай жазғырасың? Алдынан жарылқасын дегеннен басқа не айтасың? Сайып келгенде, маңдайға жазғаннан асып кеткен кім бар, өмір бір керуен, оның жолаушысының нақ бүгінгі хал-ахуалына базбір замандарда оба ауруы шыққан Мысырдан ауру жайлаған келесі қалаға жолға шыққан Хазіреті Омардың «Алланың тағдырынан қашып, Алланың тағдырына бара жатырмын» деген жағдайы дәлме-дәл келеді.
Баян ҮСЕЙІНОВА