» » Елбасының қабылдауында болған жерлестер

Елбасының қабылдауында болған жерлестер


Елдің еңсесін тіктеп, Тәуелсіз Қазақстанды әлемге әйгілеген Елбасы десек, оның ерен еңбегін тарихтың өзі таразылайды. Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың мемлекеттік мүдде жолындағы өміршең бастамаларына куә болып, онымен арнайы жүздескен жаңақорғандықтар көп емес. Біз мақаламызда осындай азаматтарды сөз етуді жөн көрдік.
Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі депутаты, Сунақата ауылдық округінің әкімі, аудан әкімінің кеңесшісі, аудандық мәслихаттың депутаты болған Әзия Қыстаубаева апамыз Елбасы қабылдауында болған сәтінен былайша әңгімелейді:
– 1989 жылы Жоғарғы кеңестің депутаты болдым. Халық қалаулылары бас қосатын сессияда Нұрсұлтан Назарбаевты көріп жүретінмін. 1989 жылы «Мемлекеттік тіл» туралы заң қабылданды. Бұл – елдің пікірі екіге бөлінген шақ-тұғын. Бірі қазақ тілін жақтаса, екінші жақ орыс тілін мемлекеттік тіл ретінде жариялауға күш салды. Осы уақытта ұтымды да ұшқыр ойымен депутаттар алдында сөйлеп, қазақ тілінің мемлекеттік статус алуына күш салғаны есімде қалды. Мәскеуде өткен ХХІХ съезге Н.Назарбаев бастап барды. Сонда Елбасыға жоғары лауазымды қызмет ұсынды. «Әріптестеріммен ақыл­дасып алайын» деп рұқсат сұрады. Қазақстандық делегациямен оңашаланып, «не дейсіздер?», – деді. Сонда көпшілігі мұндай мүмкіндік енді болмас, келісіміңізді беріңіз десті. «Өзге елде сұлтан болған ша, өз елінде ұлтан бол. Мен бұл қызметке келмеймін. Маған сенген елім бар. Мен солардың сенімін ақтау керекпін», деп қызметтен бас тартты. Осы батыл шешімі әлі есімде. 2003 жылы «Ауыл жылы» жарияланып, облыстан сегіз әйел Елбасының қабылдауына жолға шықтық. Алдымен Сара Назарбаеваның төрағалығымен кездесу өтті. Кешкісін салтанатты шара болғанда, Елбасы мені көріп: «Әзиямен суретке түсіріндер» деді. Сонымен қатар, 2013 жылы «Көктем шуағы» кездесуінде Елбасымен дидарлас болдым.
Осы кездесулерде Тұңғыш Прези­денттің бойындағы ерік-жігерді, күш-қайратты танып, терең білім иесі екенін, бәрінен бұрын, адамның ішкі жандүниесін зерделеп, ойдағы сұраққа дәл жауап беретініне таңқалдым, – деп толғанысын жеткізді Әзия апай.
Елбасының қабылдауында болу екінің бірінің бағына бұйырмайды. Осы тұрғыдан алғанда Әзия Қыстаубаева бақытты адам. Бұл ойымызды апай да қуаттап:
– Туған халқын баянды болашаққа бастап, адамзаттың ізгілікке бет бұруына ықпал етіп, жаһандық тұлғаға айналған бітімі бөлек, қызметі ерек тұлғаның қай­раткерлік қарымы, өмір жолы бізге үлгі-өнеге. Бірнеше рет Тұңғыш Президенттің қабылдауында болғанымда оның даралығын, дарындылығын сезіндім, – деді.
Жаңақорған ауданында Тұңғыш Президенттің қабылдауында болған азаматтың бірі – Керімхан Егізбаев ағамыз.
20 жыл бұрын «Көксарай» су қоймасын салу жөнінде ұсыныс көтеріл­генде елдің пікірі екіге бөлінді. Қызылорда облысының суармалы егістігін, дарияның атырабындағы табиғи кешендерді қамтамасыз ету үшін Қазақстанның Арна­сайға апаттық су жіберудің жоқ­тығының орнын толтыратын резервтегі су жіберетін орын ауадай қажет еді. Осы кезде бұл функцияны Көксарай қарсы реттегіші жобасы атқара алатынын алға тартқанның бірі осы Керімхан ағамыз еді.
Жобаның маңызын Тұңғыш Прези­дент алдында тәптіштеп жеткізу келінтөбелік агроном Керімхан Егізбаевқа жүктелді. Әрине, жауапкершілігі зор, қыруар қаржыны талап ететін бұл жобаны Елбасыға жеткізу оңай шаруа еместігі белгілі еді. Дегенмен, ауылшаруашылығы саласындағы ұзақ жылғы тәжірибесіне сүйенген ғалым 2000 жылдың 7-қарашасында Президент қабылдауында болды. Бес түрлі саладан кірген бесеу кезекпен жобаларын жеткізе бастады. Өкінішке орай, К.Егізбаевтың «Көксарай» су қоймасын салу жөніндегі ұсынысы бірден қолдау таппады. Оны Елбасы мына мәселемен байланыстырды: Біріншіден, оны салуға ұзақ уақыт және қыруар қаржы керек. Екіншіден, мұндай су қоймасын салу үшін бірқатар мемлекеттің рұқсаты керек. Бірақ, Н.Назарбаев сол қабылдауда Үкіметке тиісті тапсырма жүктеді. Яғни, бұл жоба өзін-өзі ақтайды ма, ақтамайды ма соны зерттеуге екі ай уақыт берді. Мұның өзі игі істің бастауы еді.
Осылайша үкілі үмітпен елге оралған агроном К.Егізбаев «Көксарайдан» бөлек, Сырдария өзеніне Жаңақорған ауданының тұсында үрмелі су тоспасын салу жөніндегі ұсынысын қатар көтерді. Арада алты жыл өткенде Ұлт Көшбасшысы ұтымды ұсынысқа нүкте қойып, Көксарайды салуға тапсырма берді. Бұл ақжолтай ақпарды жаңалықтардан естіген Керімхан ағамыздың қуанышында шек болмады.
– Елбасының қабылдауымда болға­нымда әрбір мәселенің мән-маңызын тың­дап, шешім шығаруға асықпайды екен. Елдің игілігіне басымдық беретін азамат ретінде «жеті рет өлшеп, бір рет кесетінін» аңғырдым, – дейді ол.
Керімхан ағаның осы ісін теріске шығарып, қолдамаған жерлестері де көп болды.
– Елбасы елдің әлеуметтік жағдайына теріс әсер ететін шешімді қабылдамайды. Көксарайдың арқасында Сырдың төменгі ағысындағы ағайын қыста алаңсыз отыратын болды. Болмаса, дария жағалап, елді мекендерді сеңнен аман алып қалу үшін түн ұйқысын төрт бөлген жағдайлар көп болды ғой! Көксарай салынғалы мұндай жағдай тіркелген жоқ, – деп жобаның маңызын түсіндірді ғалым.
Міне, Елбасының қабылдауында бо­лып, тілдесу қандай мәртебе десеңші! Мұны аға-әпкелердің қауанышынан сезіп, білдік. Ұлттың бағына туған тұлғаның дәреметі жайлы біздің жерлестер осылай ой түйді.

Әсел РЗАЕВА




06 шілде 2021 ж. 411 0