№94 (8805) 26

26 қараша 2024 ж.

«Әкімдердің

25 қараша 2024 ж.

№93 (8804) 23

23 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930 
» » Құмарға емес, қайырымдылыққа жұмсалғанда...

Құмарға емес, қайырымдылыққа жұмсалғанда...


Жылына бір келетін, жан басы­ның амандығы үшін берілетін 420 теңге пітір садақаны таудай әңгіме қылатын жандар 79 миллиард теңгені құмар ойынға қарапайым жандар бергенін біледі ме екен? Түсінікті болу үшін кеңінен тар­қатсақ. Жақында Діни басқарма биылғы пітір садақа мөлшерін жариялағанда желіде сан алуан пікір қыза түсті. Мөлшері неге көтерілген деген сыңайдағы сыңар­жақ әңгіме. Ал енді күні кеше сұмдық статисканы көзім шалды. Қазақстанда букмекерлік кеңсе компаниялары бір жылда 79 млрд теңге пайда тапқан. Ойлаңызшы, бұл қаржыға Түркістанда ашылған Керуен Сарайдың (құны 39 млрд) екеуін салуға болады. Одан 1 млрд артылып қалады. Қаншама мешіт-медресе, мектеп-балабақша, оқу орталықтары, спорт кешені, жасанды футбол және балалар алаңқайы, тағысын тағы елге пай­дасы тиетін ғимарат соғуға болар еді.

Хош, нақты дәйекті сөйлетсек. 2020 жылдың алғашқы айынан соңғы тоқсанына дейін букмекерлік компаниялардың қалтасына 59,3 миллиард теңге түсіпті. Ал 2021 жылдың алғашқы айында абсол­юттік рекорд орнатқан. Сала сәуегейлерінің сөзінше, мұндай оқиға Қазақстан тарихында бұрын-соңды болмаған. Пандемия кезеңінде құмар ойынға қызығушылар соңғы екі жылдағы көрсеткішпен са­лыс­тырғанда 6 есе өсіп кеткен. Қалтасындағы барын салып, бәлкім ұтып қалармын деп бәс тіккендерден 1 жылдың ішінде букмекерлік ком­паниялар 79 миллиард теңгеге байыған. Байымағанда ше, ертелі-кеш Ұлттық арнадан бастап, барлық арналар мен интернет сайттардың бірінші бетінде букмекерлік кеңселердің жарнамасын жаттап алдық. Мазмұндама жазғызса, бә­рі­міз бес алатын деңгейге жет­тік. Неге пандемия уақытында бәс тігушілер қатары рекордтық көрсеткішке жетті деген ой маза­лауда. Карантинде жұмыс күші қысқарған уақта қалтасындағы һәм голдындағы соңғы тиынын бәске тігуіне не себеп?
Бұл кәсіпті құмарға жатады деуіміздің себебі, букмекерлерде ұтыс тігісінің жеке коэффициенті болады, яғни егер ұтқан жағдайда ұтысыңыз екі немесе одан да артық еселеніп беріледі. Мысалы, егер команданың ұтысы 2 коэффициентке тең болса, сіз ол ұтыс тігісіне 1000 теңге тіксеңіз, ұтыс жағдайында екі есе яғни 2000 теңге аласыз. Ал егер ұтылсаңыз, сіз ештеңе де алмайсыз. Демек, бұл кәсіп, шариғаттағы үкімі белгілі казинолардағы ойындарға ұқсас келеді. Мұндай кәсіптің астарында жеңіл жолмен еңбексіз табыс табу тұрғаны айдан анық. Бұған ислам шариғатында тыйым салынады. Құранда: «Құмар ойындар шайтанның лас істерінен» делінген. Ал ғалымдар еңбексіз келетін табыс – құмар ойынына жататындығын айтқан. Сахаба Абдулла ибн Омар (р.а.): «Құмар ойыны – еңбексіз, оңай табыспен келеді», – дегенін жеткізген. Осы жөнінде ибн Жәриж де Ата ибн Мәйсәраның «еңбексіз, жеңіл табыспен келетін көлденең табыстың бәрі да құмар ойыны», – деп баға бергенін айтқан. Ал Мәкхуль: «Жеңіл жолмен келетін табыс – құмар ойыны болып саналады, ал құмар ойыны – ақша табу немесе ақшаның жеңіл әрі қиындықсыз және әділетсіздікпен жұмсалуы» – деп анықтама берген.
Түйіндей айтқанда, ұтып қа­лармын деген алдамшы оймен бар ақшасын бәске тігіп, соңында қалай тәуелді болып қалғанын байқамай қалады. Соңыра отба­сылық мәселелер туындайды. Бір Жаңақорғанның өзінде онлайн букмекерлік кеңсенің тұрақты клиенті болып кеткен қаншама азамат отбасының берекесі қашып, соңында ажырасып тынды. Ішкілікке салынып, өмірден мәнін жеңіл ақша табу деп ойлады. Қазір жастар арасында спорттық ойындарға бәс тігу трендте. Түбі жақсылыққа апармасы анық. Есесіне, былтыр ғана онлайн букмекерлік компа­нияның құрылтайшысы, Bet365 ком­паниясының бас директоры Дениз Коутс әлемдегі бай-бағландардың тізімінен яғни Forbesтен бір-ақ шықты. Бәзбір­еу­лердің тіккен бәсі­нен мил­лиардерлердің қатарына енді. Осылай, сіз мұнда шарқ ұрып, ұтылып, бәс тігесіз, ал қарымтасына танымайтын тұлғалар шалқып өмір сүруде...

Әбдісамат ӘБДІШ
15 сәуір 2021 ж. 556 0