№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Бала қауіпсіздігі – қоғамның басты міндеті

Бала қауіпсіздігі – қоғамның басты міндеті


Жасөспірімдердің тәртібі мен қауіпсіздігі аса маңызды міндет. Осы мәселелер аудан әкімінің жанындағы кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссия отырысында қаралды.


Аудан әкімінің орынбасары Дархан Тұрсынбаевтың төрағалығымен өткен жиынға аудан прокуратурасының прокуроры Ернұр Талантов және сала басшылары, мектеп директорлары қатысты.
Күн тәртібінде 5 мәселе қаралды.
Біріншісі, балалар мен жасөспірімдер арасындағы құқықбұзушылықтың профилактикалық шаралары және 2020 жылдың 12 айында атқарылған істер пысықталды. Бұл турасындағы баяндаманы жергілікті полиция қызметі бөлімшесінің бастығы Ербол Әлімбеков жасады. Жалпы аудандық полиция бөлімінде ювеналды полиция тобында 7 қызметкер болса, соның біреуі – Төменарықта, қалғаны аудан орталығында.
2020 жылы әртүрлі әкімшілік құқық бұзушылықпен 261 жасөсіпірім полиция бөліміне тіркелді. 2019 жылы осындай көрсеткіш орын алды. Оның ішінде, түнгі мезгілдегі бұзақылықтар кездесуде. Мұндай жасөспірімдердің ата-анасына тәртіптік шара көріп, айыппұл салынды, бірақ құқық бұзушылықтың бұл түрі азаймай тұр. Ата-анаға да кінә арту қисынсыз болар. Өйткені интернет ресурстағы аудио-видео өнімдер теріс бағытта тәрбие сіңіруде.
Күн тәртібіндегі екінші мәселе – кәмелетке толмағандар арасындағы зорлық-зомбылықтың алдын алу профилактикасы және білім беру мекемелерінде оқитын өгей әке-шешемен тұратын балалармен атқарылған шаралар туралы аудандық білім бөлімінің басшысы Болат Ибрагимов баяндама жасады.
Ауданның бас ұстазының сөзінше, ұстаздардың ұстанған бағдары дұрыс, тәлім-тәрбие бағытындағы еңбектері бар. Дегенмен бүгінгі оқушылар оқуда емес, ортада озық болуға тырысып жүр. Әлеуметтік желідегі көзқарастарынан осыны аңғаруға болады. Бір жағынан, онлайн оқудың бала тәрбиесіне әсерін атады.
Мектеп оқушыларының құқықтарының сақталуы бағытында атқарылған жұмыстар туралы №192 мектептің директоры Қалдықыз Досжанова, №110 мектеп-лицейінің директоры Әділмырза Таждинов, №125 мектептің директоры Қалдыбек Ахметов, №163 мектеп директорының міндетін атқарушы Айгүл Назарымбетова сөз етті.
Алдымен Келінтөбе мектебінің басшысы мінбеге шықты. Жалпы бұл ауыл спортымен, әсіресе, қыздар гандболымен мақтанады. Кейінгі кезде жас буын арасында құқық бұзушылық көп орын алуда. Елді мекендер арасында көш бастап тұр. Болат Мақсұтұлы мектеп директорына жұмысты жүйелеуді қатаң ескертті.
– Жаңақорғанда №192 мектеп секілді келбеті көрікті білім ордасы жоқтың қасы. Бірақ мектеп ауласына қарап білім ұясына жанымыз қатты ашиды. Жұмыстар атқарылып жатыр, күні-түні рейд барын білеміз, бірақ балалар бұзақылығы тыйылар емес. Сондықтан, ең алдымен, мектепке сән беріңіздер, келбетін келісті етіп, көгерту-көгалдандыру жұмыстарын қолға алып, жандандыруға бет бұрыңыздар. Театр жұмысы киім ілгіштен басталады, осыны барлық мектеп директорлары ұмытпаған жөн, – деді Дархан Есалыұлы.
№110 мектеп-лицейі, №125, №163 мектеп директорының есебін тыңдаудың бір себебі бар. Бұл мектептерде де бұзақылық орын алған. Қысқаша хабарлама тыңдағаннан кейін, жиын төрағасы келесі комиссия отырысында нақты атқарылған жұмыспен бүгінгі кеткен кемшіліктерді түзеп келуді тапсырды. №110 мектеп-лицейде орын алған жағдай мен №125 білім ордасындағы 9 сыныпта оқитын қаршадай қыздың ахуалы алаңдатарлық жағдайда екені айтылды.
Комиссия мүшесі Әбілғазы Төлегенов балалар мен ата-аналарға жиналыс өткізгенде қоғамдағы беделді азаматтарды, ел сыйлаған ардагерлер мен қарияларды қатыстырып, олардың ақыл-пайымын тыңдату керектігін ортаға салды.
Бұл ұсыныс өте орынды. Өйткені жастар алдынғы буынға қарап бой түземей ме?
Жалпы жиынның мақсаты – кәмелетке толмаған жас өскіндердің болашағына балта шабатын заңсыз әректтерді алдын алып, тұрмысы төмен отбасыларға материалдық және психологиялық тұрғыдан демеу болуды көздейді. Шыны керек, қоғамда осындай жағдайларға мұқтаж отбасылар мен оқушылар жоқ емес. Мәселен, №169 мектепте тәлім алатын Павлодар қаласынан қоныс аударған отбасының балалары мұқтажға зәру. Мұны мектеп директоры Аллаберген Ахметов комиссия мүшелеріне жеткізіп, 3 оқушыны интернатқа оқуға түсіру мүмкіндігін қарастыруды ұсынды. Олар аядай үйде 8 адам тұрады, үй жағдайы, оның ішінде тазалық мәселесі өте ауыр екен. Әрине білім ордасы қайырымдылық жасап келеді, дегенмен мәселе баланың дұрыс білім алуында. Сондықтан ол мәселе алдағы уақытта шешімін табады деген пікір айтылды.
Комиссия барысында прокурор өкілі Ернұр Талантұлы атқарылуға тиісті жұмыстарды атап көрсетті және кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөнінде тиісті мекеме басшыларына бірқатар хаттамалық тапсырма берді. Келесі жиында көтерілген мәселелер қандай дәрежеде шешімін тапқанын талқылайтыны сөз етті.
Жиынды қорытындылаған комис­сия төрағасы Дархан Тұрсынбаев «Қауіпсіз мектеп» жобасы аясында оқушылардың сабаққа келу және үйлеріне қайту мерзімінде қауіпсіздік шараларын арттыруды тапсырды.
– Келешегіміз жастардың қолында. Оларға жасалған қамқорлық келешекке құйған инвестиция деп қабылдау керек. Сондықтан жасөспірімдер мен жастардың бос уақытын тиімді пайдалануға бағыттап, түрлі спорт және өнер секцияларына жаздыру қажет, – деді комиссия төрағасы.

Әлібек ЖАРЫҚБАЕВ
01 ақпан 2021 ж. 1 497 0