Бала құқығы қатаң қорғалады
ҚР Президентінің аппараты жанынан құрылған балалардың құқығын қорғау жөніндегі жұмыс тобының өкілі, «Нұр Отан» партиясы жанындағы балалардың құқығын қорғау жөніндегі Кеңес мүшесі Мансия Аяпбергенқызы Сыр өңіріне іс-сапармен келді. Ондағы мақсаты балалар құқықтарының сақталуы және заңды мүдделерінің қорғалуын, өңірлердегі жұмыс жағдайын зерделеу болатын. Алдымен аудандағы ахуалды бағдарлап, аудан әкімдігінде кең көлемде мәжіліс өткізді. Әрі тиісті мекемелерде аралап шықты.
Аудан әкімінің орынбасары Ғалымжан Сопбеков жүргізген мәжілісте балаларға жауапты бөлім басшылары хабарлама жасады. Алдымен аудандық білім бөлімінің басшысы Болат Ибрагимов мінбеге шығып, білім саласында бала құқығын қорғау бағытындағы жұмыстарға тоқталды.
Жасөспірімдердің құқықтарын қорғау жөнінде аудандық полиция бөлімі бастығының орынбасары Айбол Жолдасбаев баяндама оқыды.
– Аудан әкімдігі және білім беру мекемелерімен бірігіп жастар мен жасөспірімдер арасындағы топтасқан құқық бұзушылық пен қылмыстардың алдын алу, оларды ыдырату бағытында іс-шара жоспары жасалып, аудан әкімімен бекітілді. Ағымдағы жылдың 9 айының қорытындысы бойынша үш жасөспірімге қатысты қылмыстық іс тіркелді. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 100 процентке төмендеді. Жыл басынан бері білім беру ұйымдарында ата-аналардың қатысуымен 72 рет кездесу ұйымдастырылып, лекциялар оқылды. Сондай-ақ 18 рет рейдтік шаралар өткізілді. Нәтижесінде әр түрлі құқық бұзушылықпен 214 жасөспірім аудандық полиция бөліміне жеткізілді, – деді полиция подполковнигі.
Мансия Исказина ауданда орын алған зорлық-зомбылық әрекетіне қатысты атқарылып жатқан жұмыстарды күшейтуді тапсырды. Аудан бойынша балалардың денсаулығына байланысты ауданаралық аурухананың бас дәрігері Яхия Шорабаев хабарлама жасады.
– Аудан бойынша профилактикалық тексеруден өтуі тиіс балалар саны 29 343 болса, соның 94 проценті тексеруден өтті. Профилактикалық тексеру қорытындысына келетін болсақ, негізгі аурушаңдық бойынша бірінші орында ас қорыту жүйесі келе жатыр. Осыдан тамақтану мәдениетінің әлі де дұрыс қалыптаспағанын көруге болады. Екінші орында тыныс алу, үшінші орында қан аурулары келе жатыр. Қазіргі таңда аурушаңдығы анықталған 8890 жасөсіпірімнің 83 проценті сауықтырылды. Балаларды дамыту бөлмесі аудан бойынша жетіге жетті. Оның екеуі аудан орталығында, қалғаны елді-мекендерде орналасқан, – деді бас дәрігер.
Жастардың кәмелеттік жасқа толмай жұмысқа тартылуы бойынша аудандық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімі басшысының орынбасары Серікбек Өмірбек хабарлама жасады.
Мәжілістен кейін Мансия Аяпбергенқызы бастаған топ алдымен емхана мен аурухананың балалар бөлімінің жұмысымен танысты. Аудандық емханадағы Гинекология бөлімінің баланы дамыту бөлмесінің жұмысын бақылап, патронаждық қызмет бойынша атқарылып жатқан жұмыстарды көрді. Сонан кейін аудандық орталық аурухананың балалар бөлімінде болып, мамандар жұмысына лайықты баға берді. Бала денсаулығын дамытуға байланысты сала мамандарының пікірлерін тыңдады. Әрі тәжірибесімен бөлісті.
Одан кейін балалардың құқығын қорғаушы өкіл «Арнайы» балабақшасына, №3 мектеп-интернатына барып, білім ордасының жұмысына көңілі толатынын айтты.
Әли ТЕМІРБЕК