Жастар – ел тірегі
Елімізде жастардың рухани-мәдени жетілуіне жан-жақты жағдай жасалған. Оған жастардың белсенділігін арттыруға бағытталған іс-шараларды жатқызуға болады. Жігерлі жастардың жыл бойы атқарған істерін саралайтын «Жаңақорған жастары» атты Х форумы соған дәлел.
Әр салада өзінің білімділігін, біліктілігін, белсенділігін көрсеткен жастарды марапаттау салтанаты аудан басшысы Руслан Рүстемовтың қатысуымен өтті. Сондай-ақ оған облыстық жастар ресурстық орталығының басшысы Бауыржан Мәстеков те арнайы келді.
Форум аясында бас қосқан жастар кездесуін аудан әкімі Руслан Рүстемұлы ашып, еркін форматта пікір алмасып, еліміздің өткені мен бүгінгі тарихына тоқталды.
Кездесу барысында жастар тарапынан аудандық мәдениет үйінің қызметкері Айжарқын Найманбай сөз алып, аудан басшысынан мәдениет саласына қатысты жоспарларымен бөлісуді өтінді.
– Жаңақорған топырағынан рухани-мәдени,ағартушылық, ғылым саласына үлес қосып, алаш жұртына танымал болған тұлғалар көптеп шықты. Сыр елі мемлекет және қоғам қайраткерлері, ғалымдар мен ақын-жазушыларымен әйгілі. Олардың тұлғалық болмыс-бітімін, шығармашылық әлеуетін насихаттайтын тың жобалар түзіп отырмыз. Бұл еңбекке 2021 жылы өздеріңіз куә боласыздар, – деп жауап берді әкім.
Сонымен қатар қоғамның қай саласында болмасын белсенділік танытып жүретін жанашыр азамат, аудандық мәслихат депутаты Арман Мәжитов «AidynNury» қоғамдық қорының жылуы аясында ауданымыздың екі отбасы баспаналы болғаны жөнінде қуанышты жаңалығымен бөлісіп, жанашырлық танытқан қоғамдық қор мүшелеріне, барша Қазақстан азаматтарына алғысын жеткізді.
Одан әрі сахна төріне өз саласының үздіктері деп танылған жастар шақырылды. Олардың қатарында «Жаңарған Жаңақорған жастары» қоғамдық қорының белсенді мүшесі, кәсіпкер Данияр Досантаев, Жаңақорған ауданаралық ауруханасының реанимотолог-анестезиолог дәрігері Нұрсұлтан Әбубәкіров, «Жаңақорған тынысы» газетінің баспасөз маманы Лаура Бибасарова, аудандық білім беру қызметкерлері кәсіподақ ұйымының «Жаңа толқын» жастар кеңесінің төрайымы Индира Тұрабаева, аудандық полиция бөлімінің кәмелетке толмағандар істері жөніндегі учаскелік полиция инспекторы Арыстанбек Төлешов, М.Көкенов атындағы аудандық мәдениет үйінің қызметкері Айжарқын Найманбай, «QFC», «QFС бургер» желілерінің негізін қалаушы, жас кәсіпкер Қадыржан Қыдырбаев, «Qamqor» әлеуметтік дүкенінің жетекшісі Гүлімай Мұратқызы, «Нұрлы шуақ» еріктілер тобының мүшесі Ақжарқын Тасболат және Келінтөбе ауылдық округының жастар ісі жөніндегі маманы Мақсат Әлжігітов «Жаңа толқын-2020» номинациясының иегерлері атанды.
Іс-шара соңында марапат иелері атынан «Жаңақорған тынысы» газетінің баспасөз маманы Лаура Бибасарова сөз алып, аудан әкіміне, сала басшыларына алғысын білдіріп, жастарды қоғамда белсенді болып, елдің дамуына үлес қоса беруге шақырды.
Жасұлан СЕЙДЕМЕТОВ