» » Кәсіпкерлер құқығын қорғау – басты талап

Кәсіпкерлер құқығын қорғау – басты талап


Коронавирус әлем елдерінің экономикасына ауыр соққы болды. Әсіресе кәсіпкерлік саласы орасан шығынға ұшырады. Кейбір шағын бизнес субъектілері  қызметін тоқтатты. Осындай қысылтаяң шақта кәсіпкерлер тығырықтан шығар жол іздеп, заңгер кезіп, сотқа жүгінуге мәжбүр. Осындайда кәсіпкерлердің құқығын қорғайтын «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы бар. Біз бүгін сол жөнінде тарқата айтатын боламыз. Ол үшін палата жанындағы облыстық өңірлік кеңестің аудандағы мүшесі Аблан Әсеновпен байланысқан болатынбыз.

Әбекең екі ай бұрын онлайн сайлауда белсенді танылған. Ол осы аралықта біршама іс атқарыпты.
– Менің мақсатым – аудандағы кәсіпкерлердің арыз-шағымын қарап, облыс көлемінде шешілетін болса, аймақ басшысы мен прокурорға, одан нәтиже шықпаса, министрлікке дейін, тіпті Президентке хат жазып, оң нәтижеге қол жеткізу. Шыны керек, қазір көп кәсіпкерлер өз құқықтарын дұрыс біле бермейді. Әсіресе кешегі індет кезінде біраз шаруалар тұралап қалды. Несиелер кейінге шегерілгенімен, кейбірінің үстемақысы өсіп кетіпті. Міне, осындай жағдайлар жиі кездеседі, – деді белгілі кәсіп иесі.
Қазір бизнес бастаймын деген азаматтарға мемлекет тарапынан жеңілдіктер өте көп. Әсіресе жастарға берілетін гранттардың көлемі кеңейіп келеді. Бірақ кедергілер де жоқ емес, кешегі карантин кезінде кәсіпкерлерге демеу болудың орнына жығылғанға жұдырық болған жағдайлар орын алғаны шындық.
– Менің осы қызметке келгеніме екі айдан асты. Екі мәселенің шешілуіне ықпал еттік. Бірінші, карантин кезінде жеке балабақшалар өздеріне тиесілі мемлекеттен алатын қаржысының тек 64 процентін ғана алған, қалғанын ұстап қалыпты. Облыс прокурорымен бірлесе осы жағдайдың шешілуін қадағаладық. Мұндай  жағдай басқа аудандарда кездеспеген. Біздің аудан үшін өте ұят жағдай, екіншіден, несиені кейінге шегерген банктер үстемақыны қосып жіберген. Бұл жағдайды шешу үшін ауданға арнайылап Азат Перуашовты шақырып, жоғарыға осы ұсынысты жеткізуді өтіндік. Мұндай қадамға біз ғана бара алдық, олай болмаса тағы болмайын деп тұр. Міне, біздің қазіргі атқарып жатқан жұмысымыз осы, – деді А.Әсенов.
Осыдан бірнеше күн бұрын «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлік пала­тасының 7 съезі өткен болатын. Алғаш рет Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қатысып, қолдау білдіруге шақырды. Сол съезге ауданнан делегат болып қатысқан Аблан Мұсабекұлы әлі де шешілмеген түйіндердің көптігіне, соның кесірінен шағын бизнестің дамымай тұрғанына қынжылып қайтқанын айтты.
– Жалпы алғанда қазақ десе өзімізге тиеді, осы салада олқылықтар жетеді. Мәселен, кезінде несие алып, оны кешіктіріп болса да қарызын қайтарған тұрғындардың сол кемшін тұсы әлі күнге дейін кедергі келтіруде. Яғни банктегі тарихы жаңаланбауда, ол жағдайға 10-15 жыл өтсе де банктер әлі тарихын жаңаламай отыр. Сол секілді кейбір тендерге қатысатындардың банктегі есеп-шотын құлыптап тастайды. Ол заңсыз, салық осыны заңсыз жасап отыр, түбін зерттеп келгендер, бұл нағыз сыбайластыққа жатады. Қарап отырсақ, осындай бей-берекет, заңсыз жағдайлар өте көп. Осыны бір жүйеге келтіретін кез келді, – деді ол.
Өте орынды, қазір қоғамның айықпас дертіне айналған жемқорлық індеті қай саланы болмасын тұсаулауға әзір. Сондықтан ауданда әр саланың білікті мамандарынан, әсіресе ардагерлерден кеңес мүшелері сайланып әрекет етуге көшіпті. Оның төрағасы Қуандық Қарақожаев екен, Кәсіпкерлік саласына жіті көңіл бөлініп, елдің әлеуметтік деңгейі артатын деңгейге жеттік. Сондықтан қандай да бір мәселе туындай қалса, осы кісілермен байланысып, арыз-шағымдарыңызды бьерулеріңізге болады. Ең бастысы, сіздің ұсынысыңыз орынды болса болғаны, қалғанына тиісті мамандар жауап береді.

Әлібек ЖАРЫҚБАЕВ.
08 қараша 2020 ж. 525 0