» » Алсаң егер кредит, арпылдап үйге кіреді ит

Алсаң егер кредит, арпылдап үйге кіреді ит

Бірде жұмысқа асығып таксиге отырған едім арттағы орта жастағы әйел мен қартаң келген апаның сөзін еріксіз құлағым шалды. - Апа мен қазір банктен түсемін, деп еді, мен де сол банктен түсемін, баратын жеріміз бір екен, деді апа.
– Кредит төлеуге барасыз ба?
– Иә.
– Енді осы кредиттен құтылсам жоламаспын. Үш жыл бұрын ұлым үйленгенде алып едім. Қазіргі жастардың үйленуі – кредит, ал үй алуы - ипотека болды ғой. Несиені жабу үшін жұмыс жасайтын болдық. Ағайыннан осы банк жақсы, бір күн кешіксең хабарласып тұратын, – дегенде, апамыздың айтқан «сол несиенің бір кешіккендегі өсімін айтсаңшы, қанша пайыз пайда көріп отырғандарымен қоймай үстіндегі өсімін қоса төлейсің» деген сөзінен атам қазақтың «Шөмелені шөбім бар деме, несиені малым бар деме" деген нақылы есіме түсті. Сөз арасында екеуі бір-бірін жұбатып қояды, «бас аман болса бұдан да құтылармыз»деп.
Түйген ойым мынау болды. Қазіргі нарық заманында қаражаттан қысылсақ ағайын жаға­ламаймыз, бірден алып-ұшып банкке барамыз. Небәрі 15 минут ішінде санаулы ғана құжаттармен ешқандай кепілсіз сұраған суммаңызды қолыңызға санап береді. Одан қалса компьютер алдында отырып та ала беретін онлайн несие түрі тағы бар. Жасыратыны жоқ, несиесіз адам жоқ. Жұмысы бары да , жоғы да несиеге байланған. Тіпті бір басына бірнеше несие алып, төлеуге келгенде шақшадай басы шарадай боп жүргендер жетіп артылады. Несие дегеннің кімдерге құт болғанын білмейміз, несиесін жаба алмағандықтан алған ақшасы өзіне жұт болып жатқан жағдайларды көп көріп жүрміз.
«Алғанда жеңіл, бергенде ауыр» болатын кредитке көбіміз ойланбай ұрынып,соңында бармағымызды тістеп қаламыз. Кім несие алуға қауқарлы, кімнің қарызын төлеуге шамасы жетпейді – банк қызметкерлері осыны саралауы керек. Өкінішке орай, банктегілер басында екі несиесі бар адамға үшінші несиені ойланбастан бере салады. Бір отбасында бір ғана адам жұмыс істеп, ол 3-4 несие төлейді. Сонда әлгі адамның бүкіл өмірі несие төлеумен өтеді емес пе? Алушы адам жұмыс істей ме, істемей ме, отбасында неше адам бар, қарызын жабуға әлеуетті ме – оған да бас қатырмайды. Қысқасы, банктегі несие саясаты, ондағы несие алушыларға қойылатын талаптар түзелмей, қазақ халқы еңсесін көтере алмайды. Қарыз үстіне қарыз жамап, төленбеген несиесінің кесірінен күні ертең азаматтарымыздың көбінің басына қатер төнуі ғажап емес. Еңсесі езілген елден қандай рух, қандай отансүйгіштік, қандай адамгершілік іздеп табамыз?! Қоғамда әртүрлі әлеуметтік жағдайдағы адамдар өмір сүретіндіктен Алла Тағала пенделеріне өзара қарыз алуды рұқсат етті. Қарыз алу мен қайтару әдебі шариғат үкіміне сай болса, қоғамдағы адамдардың араздығын емес, керісінше достығын, туыстығын күшейтер еді. Өйткені, қарыз алу мен беруді Алла Тағала рұқсат еткен. Жалпы, адамдар басына қаржылық қиыншылық түссе, сабыр қылу керек. Сабыр қылу тақуалықтан болып табылады. Али ибн Аби Талиб былай деген екен: «Тақуалық, ол – Алладан қорқу, Құранға сәйкес амал істеу, азға қанағат қылу және ақирет күніне дайындалу».Есімізден мынаны да шығармасақ екен. Хақ елшісі (с.ғ.с.) өзінің хадис-шарфитерінде өсім алушылардың ақырет күні қатты азап шегетінін былайша жеткізеді: «Мен Исра түнінде жыландарға толы үй сияқты қарындары бар қауымға жолықтым. Ол жыландар сол қауымның іштерінен сыртқа қарай шығып жатты. Мен Жәбрәйілден (ғ.с.): «Бұл кімдер?», - деп сұрадым. Ол (Жебрейіл ғ.с.): «Бұлар өсім жеушілер», - деп айтты.Осы сөз ойымызда жүрсе, нұр ұстіне нұр.
Лаура БИБАСАРОВА
29 мамыр 2020 ж. 630 0