Отаны бірдің жүрегі бір
7 мамыр – Қазақстан Республикасының Қарулы Күштері күні. Бұл күн – қайсар мінезді ата-бабамыздың жауынгерлік дәстүрінің заңды жалғас тапқан күні. Осындай мерекелі салтанатта батырды ұлықтау орынды. Жаңақорғанда туып-өскен, подполковник Аманбек Шүкановті сол қатарға жатқызуға болады.

Жас офицердің алғашқы шекаралық қызметі «Шығыс» өңірлік басқармасының Зайсан шекара отрядындағы, «Майқапшағай» шекара заставасынан басталады. 1998 жылдан Застава бастығының орынбасары, бөлім бастығы, рота командирі, шекара отрядының оқу орталығының бастығы, жауынгерлік дайындық бөлім бастығы қызметтерін атқарады.
2006 жылдан «Шығыс» өңірлік басқармасының мемлекеттік шекараны күзету бөлімінің офицері, одан әрі білімін жетілдіру, біліктілігін арттыру мақсатында ҚР ҰҚК Шекара академиясының магистратурасына түсті.
2009 жылы «ҚР ҰҚК Шекара қызметінің құрамалары мен бөлімдерін басқару» біліктілігі бойыншақызыл дипломмен аяқтап шығады.
Өзін оң қырынан таныта біліп, жеке құрамға үлгі бола білген ол «Батыс» өңірлік басқармасыныңБейнеу шекара отрядының, штаб бастығы қызметіне тағайындалады. Одан кейін еліміздің «Оңтүстік» өңіріндегі Жетісай шекара отрядының қомандирі болып тағайындалады.
Шекара шебінде абыроймен 20 жылдан астам, өзінің қызмет атқару барысында, подполковник Аманбек Пердешбекұлы ҚР Қарулы күштеріндегі 3-ші және 2-ші дәрежелі «Мінсіз қызметі үшін» медалымен, «Жауынгерлік айбыны үшін», «Шекара әскерлерінің үздігі», 3-ші, 2-ші және 1-ші дәрежелі «Ұлттық қауіпсіздік комитетінің қалқаны» медалымен марапатталды.
Оның ерекше қасиеттерінің бірі, ол дос пен жолдасқа адал, мінезі қарапайым, қарамағындағы жеке құрамға әділ, дәлелді сөзге тоқтайтын, дәйексіз сөзге мойын бұрмайтын шыншыл, рухы өте биік азамат еді.
Отбасының тіршілігі де, Отан алдындағы қызметтік міндеттері де, баласы мен қызының алдындағы әкелік борышы да, ата-анасы алдындағы перзенттің міндетін атқарып, қала берді алыс-жақын туыстарымен, сырлас дос-жарандарының да көңілдерін тауып, бірге болуға мән беретін.
Осындай асыл азамат Аманбек Пердешбекұлы 2012 жылдың 25 желтоқсанында «Астана- Шымкент» рейісімен ұшып бара жатқан ҚР ҰҚК Шекара қызметінің апатқа ұшыраған ведомствалық ұшағында, қызметтік міндетін орындау кезінде қаза тапты.
Мемлекеттің шекарасының берік, сенімді күзетілуіне зор үлесін қосқан Аманбек Шукановтың өмір жолы өскелең ұрпаққа өнеге.
Құралай ДӘРМЕН,
Жаңақорған аудандық тарихи-өлкетану музейінің әдіскері