Сабыр етейік, ағайын!
COVID-19 пандемиясының ошағы Қытайдың Ухань қаласы. Бірақ Еуропа елдеріне вирус қарқынды тарауда. Дерек көздеріне қарағанда, Италияда 41035 адам індет жұқтырып, оның 3405 өлді. Испанияда 18077-і адамда індет анықталып, 833-і қайтыс болды. Германия, Англия, Франция, Швейцария коронавирус жұқтырғандар күн санап өсіп келеді. Әлемдегі жағдайды дұрыс бағамдаған Президент Қасым-Жомарт Тоқаев елде төтенше жағдай жариялады.
Бұл шешімді Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев бүгінгі Үндеуінде құптап: «Бұл ретте төтенше жағдайдың жариялануы – маңызды және қажетті қадам. Ондағы мақсат – біздің азаматтарымыз бен мемлекетіміздің мүддесін қорғау» деп бұл шешім мемлекеттік мүддемен қабысатынын айтты.
Тұңғыш Президент Үндеуін сақтық шараларын күшейтіп, қиындықты бірге еңсеруге шақырды. Әрі қызметкерлерді қашықтықтан жұмыс жасауға мүмкіндік жасауды тапсырды.
Біз осындай міндеттерді орындаудамыз. Жаңақорған агро-техникалық колледжінің мұғалімдері студенттерді қашықтықтан онлайн оқытуда.
Сондай-ақ Жаңақорған ауданының халықына арналған медициналық маскаларды тігуді жолға қойдық. Алдымен колледждің екі маманы Қызылорда қаласындағы «Dalatex» тігін фабрикасына барып, тәжірибе алмасып, маска тігудің қыр-сырына қанықты. Қазір олар білген-көргенін әріптестеріне үйретіп, күніне 8 қабатты көпреттік 500 дана маска тігіп жатыр. Оның арасына Алматы қаласынан алдырған фильтрді салудамыз. Яғни маска тігудің барлық талаптарына сай шығарудамыз. Ауданнан бөлек, Қызылорда қаласындағы мекемелерден де ұсыныс түсуде. Бірақ біз алдымен өзіміздің елді мекенге жұмыс жасаймыз. Қазір колледждің шеберханасынан шыққан маскалар Жаңақорған кентіндегі дәріханаларға түсіп, сатылымға шықты.
Жалпы жерлестерімді сабырға шақырамын. Ұлы дала елінде мыңжылдықтардан бастауын алатын біздің ұлтымыз талай-талай қиындықты басынан өткізді. Бәрін еңсерді.
Сондықтан сабыр етейік, ағайын!
Жомарт ШАУЕНОВ,
Жаңақорған агро-техникалық
колледжінің директоры