№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » МӘМС: медициналық қызмет сапасын арттырады

МӘМС: медициналық қызмет сапасын арттырады


ҚАЗАҚСТАНДЫҚТАРДЫҢ ТЕГІН МЕДИЦИНАЛЫҚ КӨМЕК АЛУЫН ЖЕТІЛДІРІП, ОЗЫҚ ЕЛДЕРДІҢ ТӘЖІРИБЕсІНЕ САЙ НЕГІЗДЕЛГЕН «МІНДЕТТІ ӘЛЕУМЕТТІК МЕДИЦИНАЛЫҚ САҚТАНДЫРУ ЖҮЙЕСІ» КЕЗЕҢ-КЕЗЕҢІМЕН ЕНГІЗІЛЕ БАСТАДЫ. «ДЕГЕНМЕН БҰЛ ӨЗГЕРІС ҚАЛТАМЫЗДЫ ҚАҒА МА?» ДЕП ҚАУІПТЕНЕТІНДЕР БАР. ТІПТЕН, «САҚТАНДЫРУ ЖҮЙЕСІНІҢ ҚАНДАЙ ПАЙДАСЫ БАР» ДЕЙТІНДЕР ТАБЫЛАДЫ. ӘРИНЕ, МҰНДАЙ ОЙЛАР НАСИХАТТЫҢ КЕМШІН ЖҮРГІЗІЛУіНЕН АЙТЫЛЫП ЖАТСА КЕРЕК-ТІ. СОНДЫҚТАН «КӨЗҚАРАС» ПІКІР МЕН ПАЙЫМ АЛАҢЫНА ЖАУАПТЫ МАМАНДАРДЫ ШАҚЫРЫП, ПІКІРІН БІЛДІК.
Талғат МҰСТАФАЕВ,
Жаңақорған ауданы бойынша Мемлекеттік кірістер басқармасының талдау, есептеу және салықтық бақылау бөлімінің басшысы:
– Елдегі жаңа жүйеге байланысты 2018 жылдың 1-қаңтардан бастап, міндетті әлеуметтік сақтандыру (МӘМС) жарнасын төлеу басталды. Бұл жарна салық жарнасы секілді патенттеуге болады. Яғни, жұмыс беруші мен жұмысшылар өз табысына сәйкес, 1,5 пайыз мөлшерінде жарна төлеуге тиіс. Жарна мөлшері 2020 жылы 2 пайызға, 2022 жылы 3 пайызға артады. Әлеуметтік қорғалмаған азаматтар 2020 жылға дейін төлем аудармайды. Олар 2020 жылы 4 пайыз көлемінде жарна төлеуге міндеттеледі. Сондай-ақ, жеке кәсіпкерлер мен белсенді емес тұрғындар 2020 жылы табысының 5 пайызын медициналық сақтандыруға аударады.
Салық заңнамасы секілді медициналық сақтандырудан 18-ге толмағандар, жұмыссыз ретінде тіркелген азаматтар, мүмкіндігі шектеулі жандар, күндізгі бөлімде оқитын студенттер, «Алтын алқа», «Күміс алқа» иегерлері, Ұлы Отан соғысы ардагерлері, 3-жасқа дейінгі бала күтімі бойынша демалыстағы тұлғалар, зейнеткерлер және сот шешімі бойынша жазасын өтеушілерге жарнаны мемлекет төлейді.
Қысқасын айтқанда, мемлекет әрбір азаматтың жарна төлеу статусын анықтап, әлеуметтік қамсыздандыруды қамтамасыз етуде. Бұл – ұлт саулығы үшін құйып жатқан инвестиция.

Гүлзат ӘБІТАЕВА,
аудандық аурухананың ұйымдастыру-әдістеме бөлімінің басшысы:
– 2017 жылы облыстық денсаулық сақтау басқармасынан тапсырмасына сәйкес аудандық статистика бөлімінің халық саны туралы мәліметі мен денсаулық саласының RPN тізімін салыстырдық. Екеуінің арасында шамамен 10 000 адам айырмашылық анықталды. Сонда 10 000 адам қайда? Зерттеу барысында зейнет жасындағы ардагер өзге облыстарға қоныс аударғанымен, аудандық халыққа қызмет көрсету орталығының тізімінен шығарылмаған екен. ЖОО оқитын студенттер де аудан есебінде тұр. Сондай-ақ, вахталық жұмыс жасайтындар да RPN есебінде жоқ. Біз аудандық аурухана мәліметіндегі 73 000 халықтың статусын анықтау мақсатында әрбір тұрғын үйдегі азаматтың қандай санатқа жататынын нақтыладық. Бұл туралы ақпарат е.gov порталында сақталған. Оған кірсеңіз, азаматтардың қандай статусқа жататыны жайлы айдар бар. Сонда 73 801 адамды 14 санатқа бөлдік. Оның 16872-сі жұмыскерлер, 6 нотариус, 1837 дара кәсіпкер, 2 жеке сот орындаушы, 3 атвокат, 26 медиатор тіркелген.
Мұның ішінде өзекті мәселе туындатып отырған өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтар. Мәліметте 6895 адам деп көрсетілсе, әлеуметтік статусы мүлде анықталмаған 3 039 адамды құрайды. Шамамен, аудан 3000 жас ЖОО мен колледждерде білім алса, оның 96-сы ғана студент статусын алған. Тұрғындардың 200-ы уақытша жұмыс атқаратыны анықталды. Бұдан өзге де 46 адам қайтыс болса да, халыққа қызмет көрсету орталығының ақпарат жүйесінде тірілердің қатары тізімде тұр. Мұндай жағдайлар әлеуметтік статусты анықтауда өзіндік кедергісін келтіруде. Себебі, қайтыс болған азаматтың құжаты рәсімделмеуі, тиісті органға жеткізілмеуі және т.б фактілер бар. Біз осы мәселемен көші-қон полициясы мен аудандық азаматтардың хал-актілерін тіркеу бөліміне қатынас хат жолдадық. Қазір жауаптарын күтіп отырмыз. Осындай жағдайлар алдағы уақытта орын алмауы үшін екі тараптардың ақпараттарын біріктіретін арнайы ақпараттық жүйе жасақталуы мүмкін.

Бейбіт БАЛАБЕКОВ,
аудандық жұмыспен қамту орталығының сектор меңгерушісі:
– Көтеріп отырған мәселе орынды. Себебі, ауданда 8345 адам нәтижесіз жұмыспен қамтылғандар қатарында. Қазір осы санаттағыларды зерттеу жұмыстары жүргізілуде. Ондағы мақсат – «Олар немен айналысатынын», «Қайда тұрып жатқанын», «Қанша қаражат табатынын» анықтау.
Жұмыссыздарды міндетті медициналық сақтандыру жүйесіне тарту мақсатында 2018-2019 жылға арналған жол картасы бекітілді. Осы мақсатта ауданда бірқатар жұмыстар атқарылуда. Нәтижесіз жұмыспен қамтылғандар кімдер? Міне, осы сұраққа жауап берсем, олар тұрақты жұмысы жоқ немесе жұмыс берушімен еңбек шартынсыз жұмыс істеп жүрген азаматтар. Шаруақожалық немесе жеке кәсіпкерлердің қарамағында қолма-қол күнделікті табысын алып жүрген жалдамалы жұмысшылар. Бұларды не жұмысы барға да, не жұмысы жоққа да жатқызуға болады. Мұндай тұлғаларды анықтап, оларға әлеуметтік сақтандыру жарнасын төлеудің маңыздылығын түсіндіру қажет-ақ.

Әбілғазы ТӨЛЕГЕНОВ,
аудандық ішкі саясат бөлімі басшысы:
– МӘМС туралы ақпараттар мен насихаттау ісі тиісті дәрежеде жүріп жатыр. Дегенмен, халық, ақпаратты игеруіне біршама уақыт керек. Бұл ойды облыс әкімі селекторлық жиналысында «МӘМС медицина үшін керек пе, әлде халық үшін бе?» деп әлеуметтік сақтандыру жүйесі жайлы тереңірек тоқталды. Түйгенім, әрбір сала өз ақпарын өзі насихаттаса, өзі түсіндірме жұмысын тиянақты жүргізсе, халыққа солқұрлым ақпарат тиімді жетеді.
Әрине, біздің ауданда МӘМС-ті түсіндіру мақсатында мобильді топ құрылып, ауыл-аймақта кездесулер, дөңгелек үстелдер өтуде. Тұрғындар сауалдарына тиісті жауап алуда. Алдағы уақытта да бұл іс жалғасады. Бүгінде халық әрбір жылт еткен жаңалықты қалт жібермей, таразылап отыр.
Жалпы, МӘМС – халыққа тиімді медициналық қызмет көрсететін бағдарлама. Әлемдік тәжірибеге қарағанда, дамыған елдердің тұрғындары сауықтыру және тегін ем алуы осы жүйе арқылы жүргізілуде...

Әбілқайыр СЫЗДЫҚОВ,
денсаулық сақтау саласы бойынша МӘМС жөніндегі жауапты маманы:
– Түсіндірме жұмысын жүргізуде біршама мәселелер бар екені шындық. Яғни, біздің ақсайтын тұсымыз – шаралардың бір шеңберден аспауы. Бір ауылға іс-шарамен барсаң, нақты кімдер қатысатыны белгілі. Оның себебін, айтпасақ та түсінікті. Міне, үгіт-насихат аудиториясын кеңейтудің жаңаша форматын табуымыз керек. Сол кезде халықты қажетті ақпаратпен түсінуге мүмкіндік ашылады.
Халық арасындағы ықпалды азаматтарды, беделді тұлғаларды, насихат жұмысына тартып, топтың жұмысын жетілдіре түссек дұрыс-ақ. Әрине бұл, менің жеке көзқарасым. Ауданның бас дәрігері Сәулебек Ысқақов ірі кәсіпорындар мен елді-мекендерді аралап, насихаттау ісін атқаруда. Бір сөзбен қайырсақ, насихат бар. Жалпы, 40 000 адамға түсіндірме парақтар таратылды. Дегенмен халықты жинау, аудиторияны кеңейту жағы кемшіндеу болып тұрған секілді. Сондықтан, ауылдың округ әкімдері маңызды істі тиімді үйлестірсе екен.
Айта өтуіміз керек, медицина қызметі «ақылы болып кетеді» деп шошынудың қажеті жоқ. Қарапайым тілмен айтсақ, алғашқы жедел жәрдем тегін жасалады. Әлеуметтік сақтандырудың мүшелерінің стажына, лауазымына, құйған қаржысына мән берілмей, бәріне бірдей жағдай жасалатын болады. Яғни, медицинаның қолжетімділігі артады. Оның үстіне, науқас ем алу үшін кез-келген клиника мен дәрігер таңдауға мүмкіндігі ашылады.

Мәжит БАЛҚОЖАЕВ.
«Нұр Отан» партиясының аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары:
– Алғаш Германияда Отто фон Бисмарк тұсында жұмысшы тапқа міндетті әлеуметтік сақтандыруды жүзеге асыратын құқықтық нормативтік актілерді жасау қолға алынады. Германияда 1871 жылы өндірісте жазатайым жағдайдан сақтандыратын әлеуметтік сақтандыру енгізіледі, 1880 жылы медициналық көмекті қаржыландыру жүзеге асырылып, 1883 жылы ауруға шалдыққан кезде жәрдемақы берілетін болды. 1883 жылы канцлер Отто Фон Бисмарктың бастамасымен Германияда міндетті медициналық сақтандыру туралы заң шығарылады. Бұл заң ептеп әлем елдеріне тарай бастады.
Бүгінде әлемнің дамыған елдерінде денсаулық сақтау саласын қаржыландырудың сыннан өткен үш негізгі үлгісі бар. Олар – либералды-рыноктық үлгі, яғни ақылы медицина АҚШ-та, әлеуметтік сақтандыру үлгісі ГФР, Франция, Аустрия, Швейцария, Белгия, Голландия, Швеция, Жапония, Канадада, яғни міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне негізделсе, бюджеттік қаржыландыру үлгісі Ұлыбритания, Ирландия, Италия, Португалия, Грекия, Данияда қолданыста. Осылардың ішіндегі өмір тәжірибесінен өткен ең тиімді де әділетті үлгі – міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі болып табылады. Бұл жүйе дұрыс жұмыс істейтін болса, елдің денсаулық сақтау саласының уақыт талабына сай дамуына да, халықтың медициналық қызмет түрлерімен қамтамасыз ету мүмкіндігі артады. МӘМС – қарапайым жанның құқығын қорғауға бағытталған жүйе. Сондықтан МӘМС-ке үрке қараудың қажеті жоқ. Қайта жаңа жүйенің артықшылығын насихаттай білейік.

ТҮЙІН. Жауапты мамандар әлеуметтің әлеуетін арттыруға бағытталған жүйенің артықшылығын, тиімді тұстарын жарыса сөз етті. Ал, бұқара дұрысы мен бұрысын өздері бағамдар...

Мақпал МАРҚАБАЙ.
17 наурыз 2018 ж. 1 817 0