Соңғы жаңалықтар

№90 (8801) 12

12 қараша 2024 ж.

№89 (8800) 9

09 қараша 2024 ж.

№88 (8799) 5

05 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930 
» » Келер ұрпаққа қандай тіл қалдырамыз?

Келер ұрпаққа қандай тіл қалдырамыз?


Тіл – ұлттың жаны. Кез келген ұлттың мемлекет болып өмір сүруінің басты қағидасы осы. Бүгінгі жаһандану дәуірінде өзінің сөз байлығы мен ой-өрісін сақтап, аман қалу әрбір ұлтқа сын болып тұр. Өз егемендігіне қол жеткізіп, дамудың даңғыл жолына түскен тұғырлы мемлекетіміз әлеуметтік, саяси-экономикалық, тіпті жаңаша технологиялық, үдеріс тұрғысынан болсын үздік нәтижелерге қол арта бастады. Десек те туған тілді тұғырға көтеру мәселесінде кемшін тұстарымыз көп. "Мемлекеттік тіл" туралы Заңда солқылдақтық басым. Туған тіліміздің төрге оза алмай отыруының басты себебі де осы. Ол ең бірінші қажеттілікке айналуы тиіс. Ана тіліміздің бағы сонда ғана жанып, өз мәртебесін, өз орнын айқындай алады.

Жақында Нұрсұлтан қаласында тілдік мұраны сақтау және қоғамдық өмірдің барлық саласында қазақ тілінің қолданылуын қамтамасыз етіп, оның барынша дамуына қол жеткізуді мақсат еткен "Жаһандану үдерісіндегі қазақ тілінің өміршеңдігі" атты форум өтті. Онда қазақ тілін қазіргі заман сұранысына сай дамыту, еліміздегі кез келген Заң мәтінін алдымен мемлекеттік тілде әзірлеуді ұйымдастыру, отандық бизнесті қазақшаландыру, ғы­лым­дағы қазақ тілінің қолданысын кеңейту, сапасын арттыру, БАҚ-тағы қазақ тілді контент сапасын арттыру, жастар арасында қазақ тілін брендке айналдыру мәселелері талқыланды.
Тіл турасындағы тұжырымдамасын Мем­лекет басшысы Қасымжомарт Тоқаев: "Қазақтың тілі – қазақтың жаны! Халқы­мыздың тарихы да, тағдыры да – тілінде. Мәдениеті мен әдебиеті де, ділі мен діні де – тілінде. В.Радлов айтқандай, қазақ тілі – ең таза, әрі бай тілдің бірі. Тіл – өткен тарихпен ғана емес, бүгін мен болашақты байланыстыратын құрал. Меніңше, тілдің тұғыры да, тағдыры да бесіктен, отбасынан басталады. Көрші мемлекеттердің көп­шілігі латын графикасын таңдады. Әлем­дегі ақпараттың 90 пайызы латын графи­касында жарық көреді. Ал ақпаратқа кім иелік етсе, ғылым мен технологияға да сол ие болады. Бұл қоғамдық ой мен санаға түпкілікті өзгеріс жасайтын қадам" деп түйіндеген еді.
Латын әліпбиіне көшу – еліміз үшін тарихи кезең. Сананы өзгертуге талпыныс. Бұл саналық та, сапалық та өзгеріске бастайды.
Келер ұрпаққа қандай тіл қалдырамыз?
Әр ұлттың өзінің табиғатына қарай әдеби тілі қалыптасады. Халық ауыз әдебиеті – ғасырлар бойы дамып жетілген Қазақ Әдебиетінің алғашқы арнасы. Өйткені, ол шешендік, дидактикалық, жауын­герлік, әлеуметтік, лирикалық, тарихи сипаттағы кейінгі поэзия үлгілерінің тууына негіз болды. Бұқар жыраудан бастап Махамбетке дейінгі дала дарындарының бізге жеткен асыл сөзі осының дәлелі. Осы кездері бізге шығыстың үлгісі – хисса жанры келді. Бертін келе қалыптасқан кітаби тіл деп Абайдың «Қара сөздерін» атауға болады.
Әдеби тіл деп нормалары қалыптасқан жүйелі тілді айтамыз. Ол адамдар арасында қатынас құралы болды. Біздің бүгінгі кемшілігіміз, тілдің осы қалыптасқан қағидаларына қарауыл қоя алмай отырғанымыз. Тілді қалай иілдірсе солай иіле беретін қатынас құралына айналдырған саяз ойлылардың сөз жасамдағы сауатсыздығынан көз сүрініп, құлақ сарсылатын болды. Осындай жүгенсіздіктің көздігі болып отырған жаңа технология – электрондық байланыс құралдары – смартфон телефондар, әлеуметтік желілердегі солақай көзқарастан қазақ тілі үлкен зардап шегіп отыр.
Ауызекі тілде ақпарат алмасуда сөздерді қате жазып, тыныс белгі дегенді мүлде елемеу, өз алдына таңбаны түгел қолданбау, сөздің мағынасын бұзып өрескелдікке бару күнде көз алдымыздан өтуде. Интернетте жауаптасқан сауалдардың сыр сипатына үңілсеңіз:
– Нестеватсың?
– Отырм.
– Норм. ба?
– Норм
Осылайша тізбектеліп кете берер тілбұзар тіркестер қасиетті тіліміздің түте-түтесін шығарып, қойыртпақтап жатқанына қарадай ызаң келеді. Ертеңгі ұрпаққа біз осындай оспадарсыз ой орамы, солақай сөз, тілге деген салдыр-салақ көзқарасты мұраға қалдырмақпыз ба деген үрей жандүниемізді жаншиды.
Тілімізді осындай мүсәпір күйге түсіріп, өңін айналдырып тұрған өзге тілден енген әріптерден құтылу мәселесі өзекті. Одан қалай құтыламыз?
Кірме сөздердің көбеюі тілімізді қойырт­пақтап, тілдің ұлттық артикуляциясын бұзатынын ұмытпау керек. Шетелдің жат, кірме сөздерін өз тіліне сіңістіріп алудың классикалық үлгісін бабаларымыз ешбір білім-ғылымсыз-ақ баяғыда қалып­тастырып алған. Мәселен самовар-самау­рын, чайник-шәйнек, ведро-бедре болып тілге сіңісіп кетті. Алаш арыстары армандағанындай, «Кірме сөздер қай тілден болсын басына қазақтың тымағын киіп, үстіне шекпенін жамылып, аяғына саптама етік кигізгендей» нағыз қазақтың әуезді сөзі болып шыға келуіне қатты мән берілді.
Латын әліпбиіне көшудегі мақсат – төл дыбыстарды қолдану арқылы кірме дыбыстардан құтылуды көздейді. Халықаралық терминдерді, кірме сөздерді сингармонизм заңына икемдеп қолдану тілдік мәртебемізді одан әрі бекемдей түспек. Мұндай жағдайда қазақ тілі өзінің төл табиғатын тауып, айтылым мен емле арасындағы сәйкессіздік жойылады.
Ахмет Байтұрсынұлының 19 ғасырдың басында қалыптастырған латын графи­касына негізделген қазақ әліпбиінде 28 дыбыс бар. 9 дауысты. 19 дауыссыз. Басқа кірме дыбыстар жоқ. Мұнда латын әліпбиінің 28 таңбасы толық ендірілген. Үйлесім заңы сақталған.
«Түріктің тұнық тілі, түзу таңбасы – қазақта» деді Ахмет Байтұрсынов.
Бабаларымыздың бізге аманат етіп қалдырып кеткен асыл қазынасы – әуезді, қуатты, ең таза, бай, шұрайлы ана тілімізді жанымыздай сақтау қазіргі кездегі саналы әр азаматтың міндеті. Демек, латын әліпбиіне көшу – еліміз үшін тарихи сәт. Бірақ бұл тұста көңілге кірбің түсіретін бір жайт бар: Ол латын әліпбиі нұсқасындағы олқылықтар: қос әріпті, қаптаған апострофтарға (үтірлер) толы таңбалар көңілге қонбайтындығы белгілі болып отыр. Осы бағытта А.Байтұрсынов атындағы Тіл білімі институты ғалымдарының отыз жылдан бері тәжірибеден өткізіп келе жатқан нұсқасы далада қалып, көсе-көлденең жолдан қосылған белгісіз біреулердің ұсынған нұсқасы әлі толық қолдауға ие бола қойған жоқ. Нақты нұсқасы қабылданары хақ.
Біз латын әліпбиіне көшкен сәттен бастап жоғарыдағыдай тілімізді шұбарлап, таңбаларды түгел қолданудан қалып "құлағын кесіп құнтитып, мұрнын кесіп шұнтитқан" өрескел сөзбұзарлықтан да құтыламыз деуге негіз бар. Ол кезде әлгі "Не истеватсын" деп шұбырта жөнелетіндер ақылға көшіп: "Ne istep jatyrcyn" деп өрнектеуге мәжбүр. Өйткені орыс тілінің таңбаларынан ада, таза төл дыбысымызбен үндес латын алфавиті шұбарлауға көнбейді. Ол осынысымен жүрекке жақын. Тілбұзарлықты тізгіндеудің де жолы осы.
Қалың бұқараны қазақ тілінің қайнар бұлағымен қауыштыратын әдебиет өкілдері мен БАҚ құралдары мамандарының өзі тілге жеңіл-желпі көзқарас танытып, белден таптап өте шығатыны көз жұма қарап отыруға болмайтын кешірімсіз жағдай. Қазіргі қазақ тілінің фонетикасы туралы түсінігі таяз телеарна жүргізушілері болса қазақтың табиғи сөйлеу тілінің орфоэпиялық нормаларын өрескел бұзып жүр. Мәселен, "Отбасы" деген сөздің айтылуында алдыңғы буындағы қатаң "т" дыбысының ықпалымен келесі буын басындағы "б" дыбысы қатаң "n" дыбысына айналады да сөз "отпасы" болып айтылады. Сол секілді жүрек-жүрек, көкөрім-көгөрім, ақ ешкі-ағешкі, қара ағаш - қарағаш болып сингармонизм заңдылығы бойынша өзгеріске түседі.
Қазірлі қазақ тілінің морфологиясын толық білмейінше сөзбұзарлыққа тыйым болмайды. Мәселен, "арма" деген сөзді алайық. Мұны қай мағынада қолданып жүрміз? Бұл бұрынғы бабаларымыздың "арыма, шаршама, талма" дегенде қолданған сөзі.
Бүгінде, басқасын былай қойғанда, газет журналистерінің қарапайым сөз жасамдарын бұзып, кәдуілгі жұрнақ пен жалғауды ажырата білмейтін қаперсіздігіне қарның ашады. Мәселен, "Ол бүгін Арал да жүр" деп жазады. Осындағы "Аралда" сөзінде да жұрнағы неліктен бөлек жүр? Не себепті? Себебі, оның авторының морфологияны көбейту кестесіндей санасына сіңіре алмауында. Егер атау, ілік, барыс, табыс, жатыс, шығыс, көмектес септіктерін миына құйып алған болса бұлай шатаспас еді. Енді не істеу керек? Энциклопедияны ақтарып әуре болып та немесе қазақ тілінің жілігін шаққан Сыздықова Рәбиға апамыздың том-том еңбектерін ежелемей-ақ та қойыңыз, бұрын оқып кеткен 4-5 сыныптағы қазақ тілі оқулығын қолымызға алып, қайта парақтап шықсақ жетіп жатыр. Өйткені шала сауаттының түбі бастауышта тіл білімін бойға терең сіңдіре білмеуде жатыр.
Тағы бір айшықты мәселе мынау, ана тілінің әліпбиін, сөз жасамдарын жетік білмеген адамның кісілік қағидасы да қасаң, әдебі де әлсіз, жалпы алғанда, адамдық табиғаты толыққанды қалыптаспайтыны дәлелденген екен.
Ендеше, жан-жақты тұлға болудың, жаңа заманға лайық жаңарудың кілті – жаңаша ойлаудан, сол жасампаз ой-тілегімізді туған тілімізде жатық жеткізуден басталатынын ұмытпағанымыз жөн-ақ.

Баян ҮСЕЙІНОВА

20 желтоқсан 2019 ж. 1 079 0