БАСТЫ МАҚСАТ – СЫБАЙЛАСТЫҚТЫ БОЛДЫРМАУ
«Дүние – байлық неге керек, денсаулығың болмаса, Төрелігің неге керек, халықтың көңілі толмаса» деген нақылдың астарында үлкен мағына бар. Әділ төрелік болмаған жерде сыбайластық дерті белең алады. Бұл қазіргі қазақ қоғамының басты дертіне айналды. Онымен күресу жолында түрлі жобалар, ұйымдар жұмыс жасауда. Осы орайда сыбайлас жемқорлықтың алдын алып, оған қарсы іс-қимыл жасауда Қызылорда облысы Департаментінің бастамасымен тұрмыстық жемқорлықты жою, азаматтар үшін қолайлы жағдай жасау, мемлекеттік органдардың ашық қызметін қамтамасыз ету мен бюрократиялық кедергілерді жою бағытында құрылған «Ақмешіт – адалдық алаңы» жобалық кеңесі жұмыс жасап келеді. Аталмыш ұйымның тапсырысы аясында Қаратөбе ауылының заңгері Арман Битабаров мемлекеттік қызметкерлер, мектеп оқушылары және ауыл тұрғындарымен кездесу ұйымдастырды.
№ 229 Абызтөбе мектебінің ақт залында жиналған ауыл тұрғындарының алдында сөз алған ауыл әкімі Жомарт Бейсенбиев: «Сыбайлас жемқорлық – заман ағысымен бірге өсіп-өркендеп, қоғамдық бәсекелестік пайда болған жерде тамырын жайып, осы күнге дейін жойылмай келе жатқан кеселдің бірі. Бұл кесел біздің мемлекетімізге де орасан зор нұқсан келтіретіні сөзсіз. Осы орайда сыбайлас жемқорлықтың алдын алу жайында тәлім-тәрбие отбасында бастау алу керек. Кішкентайынан құлағына аталы сөзді құйып өскен бала есейе келе бұл дерттің үлкен қауіп екенін түсінетін болады. Біз Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Заңды бұзған екенсің, оның баптарына сәйкес жауапқа тартыласың» дегенін әсте есте шығармай, соған сай жұмыс жасай білуіміз керек, – деді.
Шынында айналамызда болып жатқан оқиғаларға әділ төрелік жасап, жемқорлықтан жоғары тұрғанда ғана қоғам белсенділері халық сеніміне ие болады.
– Парақорлық деген кесел мемлекеттік органдардың тиісті қызмет атқаруына кері әсерін тигізіп, беделіне нұқсан келтіреді. Азаматтардың конституциялық құқықтарының бұзылуына түрткі болады. Сол себепті осы кездесу ұйымдастырылып отыр. Сыбайлас жемқорлық қылмыстардың орын алуына ең алдымен немқұрайлылық таныту мен кәсіби әдептіліктің жетіспеушілігі себеп болады. Осылайша, жеке басының қамын ойлап, парақорлықтың дендеуіне қалай ілігіп қалғанын да байқамай қалады. Сондықтан осындай үгіт-насихат жұмыстарының жүргізіліп отыруы маңызды, – деді заңгер Арман Битабаров.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы жұмыс жүргізілмесе бұл дерттің тамыры тереңдей түсетіні анық. Демек сыбайластықпен қоғам болып күресуде жұмыла жұмыс жасау міндет. «Ақмешіт – адалдық алаңы» кеңсесінің негізгі бағыттарының бірі де осы.
Айта кететіні, «Ашық әкімдік» тақырыбында семинар, «Адал өмір сүруді үйрен» тақырыбында кездесулер, «Адалдық – адамның ең асыл қасиеті» тақырыбында брейн-ринг, «Жастар коррупцияға қарсы» тақырыбында акциялар, «Әділ өмір сүруді үйрен» тақырыбында футболдан жарыстар, «Коррупция және оның салдары» тақырыбында сұхбат алаңдары ұйымдастырылып, тұрғындар бұл шаралардан жемқорлықты жоюды мақсат еткен ұйымның жұмысына қанықты.
Лаура БИБАСАРОВА