Шеге өзімізден шығады
Жаңа бизнес идеяларды жүзеге асыруға мемлекет тарапынан қолдау тетігі жыл сайын ұлғайтылып, креатив жобалар жүзеге асып келеді. Соның бірі – жаңақорған Азамат Құтыбаев шеге, тікен сым және қоршауға арналған тор секілді құрылысқа және ауыл шаруашылығына қажетті материалдар шығаруды қолға алғанын айтады.
Құрылыс жұмыстарына пайдаланатын қарапайым шегенің өзі қат, сырттан тасымалданатынын көріп, осы олқылықтың орнын толтыруды көздеген жас алдымен «Бастау бизнес» жобасы бойынша оқып, кәсіпкерліктің қыр-сырын меңгерген ол қайтарымсыз грантқа қол жеткізеді. Бұл қаражатқа өндіріске қажетті құрал-жабдықтар сатып алып, алғашқы өнімдерін шығара бастады.
"Кішкентайымнан темірге үйір болған соң, осы жобаны таңдадым. Бұл жобаның қазіргі таңда Қызылорда облысында баламасы жоқ. Қазақстан бойынша 4-5 өңірде ғана бар. Сондықтан зерттей келе, осы жобаны қолға алдым. Кәсіпкерлік палатасының тегін оқуының арқасында білімімді шыңдап, жобамды сәтті қорғағанымның арқасында грантқа ие болдым. Бір ғана шегемен шектелмей, қоршауға арналған тор мен тікен сымды шығару мақсат етіп отырмын. Өздеріңіз көріп отырғандай, қондырғымыз минутына 260 дана шеге шығарса, тікен сымның бір сағатта 60-70 метрін шығарады, тор сеткіні де сол уақытта 60-70 метр өнімді дайын күйінде шығарып береді, – дейді ол.
Негізгі шикізат Қытай мен Ресейден келетіндіктен, қазір цех толық жұмыс істеп тұрған жоқ. Дегенмен бұңдай құрылыс материалдарына өңірде сұраныстың жоғары екенін айтады кәсіпкер.
Жұмысымыз жүйелі жүру үшін кедергі қалың немесе орташа, қатты және жұмсақ сым. Оны біздің елімізде бірнеше зауыт шығарады. Біз негізінен Ресейден алдыртуға тырысамыз. Өйткені Қазақстандағы бағамен шетелдегі бағада айырмашылық үлкен. Ал сұранысқа келсек, аудан халқынан өзінен тапсырысжетіп артылады. Өйткені көлемі 70-тен 150 мм шегелер кез келген құрылысқа қажет",– дейді кәсіпкер.
Темірден түйін түйген шебердің қолынан шыққан тұрмысқа, кеңсеге қажетті жиһаздардың кез келген түріне тапсырыс беруге болады. Шеге өндіретін цехы жұмысын жолға қоя білген Азамат Құтыбаев екі кісіні жұмыспен қамтып отыр. Олардың басты мақсаты – сапалы тауар шығару, әрі шетелге мұқтаждықты азайту. Кәсіп иесі алдағы уақытта тағы да бірнеше станок алып, өндірісін ұлғайтпақ ниетте екенін жасырмады. «Жаңақорғанның шегесі» деген мықты бренд қалыптастуды мақсат еткен жасқа біз де сәттілік тіледік.
Мақпал МАРҚАБАЙ