Декреттік төлемдер өзгерді ме?
2023 жылдан бастап бала күтіміне байланысты жәрдемақы төлеу мерзімі автоматты түрде ұзартылады. Яғни, декреттік төлемдерде өзгерістер орын алып, әлеуметтік мәселелер оң шешімін тапты. Мән-жайды толық зерделеп, жауапты сала мамандарымен сұхбаттасқан едік. Мақалада сіз жүктілік басталғаннан және декреттік демалысқа шыққаннан кейін туындайтын барлық мәселелерге жауап табасыз.
Жыл басынан бастап бала күтіміне берілетін жәрдемақы 1 жастан 1,5 жасқа дейін ұлғайды. 2022 жылдың 1 қаңтарында дүниеге келген балалардың жәрдемақысы автоматты түрде 6 айға созылады. 1,5 жасқа дейінгі балалары бар және жұмыс істемейтін ата-аналар үшін республикалық бюджеттен жәрдемақының екі түрі төленетін болады.Бірінші – бала туғанда берілетін біржолғы жәрдемақы. Бұған 2023 жылға 65,8 млрд теңге көзделген. 2022 жылы бірінші, екінші, үшінші бала туғанда берілетін жәрдемақы мөлшері 120 840 теңгені (38 АЕК), төртінші және одан да көп бала туғанда 200 340 теңгені (63 АЕК) құрады.
Екінші – бір жарым жасқа дейінгі бала күтімі бойынша жәрдемақы. Туған баланың кезектілігіне байланысты сараланған мөлшерде беріледі. Бұл мақсатта 2023 жылы 43,8 млрд теңге қарастырылған.
2023 жылдан бастап декреттегі әйелдердің алатын жәрдемақы мөлшері қанша болатыны жайында толық ақпарат білу үшін «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» аудандық бөлімінің басшысы Әлия Әуелбекқызымен сөйлестік.
– Бала туғанда берілетін бір жолғы жәрдемақы: 4 балаға дейін – 131 100 теңге, төрт және одан да жоғары бала туғанда – 217 350 теңге. Бір жасқа дейін бала күтіміне бірінші балаға – 19872 теңге, екінші балаға – 23495 теңге, үшінші балаға – 27083 теңге, төртінші және одан жоғары балаға – 30705 теңге болып бекітілді.
– Көп балалы отбасылар мен күміс, алтын алқалы аналарға берілетін жәрдемақыға тоқталып өтсеңіз?
– Төрт және одан да көп кәмелетке толмаған немесе 23 жасқа дейінгі күндізгі бөлімде оқитын балалары бар барлық көп балалы отбасыларға – 55304 теңге, 5 баласы барларға – 69138 теңге, 6 балаға – 82973 теңге, 7 баласы барға – 96807 теңге, 8 баласы барға – 110400 теңге, 9 баласы бар отбасыларға – 124200 теңге болып бекітілді.
Көп балалы аналарға (алтын, күміс алқа, батыр ана, 1,2 дәрежелі «Ана даңқы» орден иегерлеріне) – 22080 теңге төленеді. Сондай-ақ мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан асыраушысынан және еңбек ету қабілетінен айырылған жағдайда төленетін әлеуметтік төлемдер 8,5 пайызға көбейтіледі.
– 2023 жылы әйелдер қалай 2 миллион теңгеге жуық ақша ала алады?
– 2023 жылдың 1 қаңтарынан бастап максималды декреттік төлем мөлшері 1 852 200 теңге болады.
– Босанғанға дейін жұмыс істеген әйелдер жәрдемақысы қалай есептеледі?
– Баласын босанғанға дейін жұмыс істеген әйелдердің жәрдемақысы соңғы екі жылдағы табысына қарай есептеледі. Бұл үшін екі жылдағы жалпы табысты 24-ке бөліп, шыққан санды 0,4-ке көбейту керек. Кейін зейнетақы жарнасы ретінде 10 пайызын алып тастайды. Осындай өзгерістер бар.
Бүгінде мемлекет халықтың әл-ауқатына қатысты жұмыстарды қызу жүргізіп келеді. Оның ішінде әлеуметтік салаға баса назар аударылуда. Қазіргі таңда қоғамда аз қамтылған отбасылар мен көпбалалы жанұяларға берілетін төлемдер жайында алтын алқа иегері, 10 баланың анасы Мөлдір Жолдықожаеваның пікірін білдік.
– Мемлекет тарапынан көрсетілетін материалдық көмек кез келген анаға үлкен қолдау болатыны ақиқат. Қазақстанда әр туған бала үшін бюджет есебінен бір реттік жәрдемақы төленеді. Оның мөлшері туған баланың кезегіне байланысты. Қазір айына150 мың теңге мемлекеттен жәрдемақы аламын. Алайда атаулы әлеуметтік көмекті ала алмай отырмын. Айлық көрсеткішіміздің асып кетуіне байланысты берілмейді. Балаларымның алды 10-сынып оқиды. Өздеріңіз білетіндей, қазір қымбатшылық заман. Сондықтан мемлекеттен берілетін көмекті толық алатын болсақ нұр үстіне нұр болар еді, – дейді 35 жастағы ауыл тұрғыны.
Жарымжан балаларға қандай қамқорлық бар?
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің хабарлауынша, мүгедек адамдардың құқықтары мен заңды мүдделерін қамтамасыз ету үшін әлеуметтік қорғаудың көп деңгейлі жүйесі жұмыс істейді. Мүгедектігі бар балалар ай сайынғы жәрдемақы алады. Олардың мөлшері келесідей:
I топтағы 7 жастан 18 жасқа дейінгі мүгедектігі бар балалар үшін – 1,92 күнкөріс деңгейі көлемінде (71 787 теңге), ІI топтағы 7 жастан 18 жасқа дейінгі жарымжан балалар үшін – 1,59 күнкөріс деңгейі көлемінде (59 449 теңге) және ІІI топтағы 7 жастан 18 жасқа дейінгі балалар үшін – 1,40 күнкөріс деңгейі көлемінде (52 345 теңге) қарастырылған.
Бұдан бөлек, мүгедектігі бар баланы кәмелетке толғанға дейін тәрбиелеп отырған анасына немесе әкесіне, асырап алушыға, қамқоршыға 52 345 теңге мөлшерінде мемлекеттік жәрдемақы төленеді. Мұндай балалар мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен протездік-ортопедиялық көмекпен, сурдо-тифлотехникалық құралдармен, кресло-арбалармен, санаторий-курорттық емдеумен, міндетті гигиеналық құралдармен, жеке көмекшінің және ыммен сөйлеу маманының қызметтерімен (60-тан астам атау) қамтамасыз етіледі.
Міне, 2023 жылдың жаңалығы осылай болды. Ең бастысы, ана атану бақыты бұйырған әрбір әйел заты мемлекеттің қамқорлығында.
Ботагөз МАРАТҚЫЗЫ