№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Декларация тапсыру кімдерге міндет?

Декларация тапсыру кімдерге міндет?


2021 жылдың 1 қаңтарынан елімізде жалпыға бірдей декларациялаудың бірінші кезеңі басталды. Алғашқы кезеңде декларацияны қағаз түрінде ұсыну мерзімі 15 шілдеде аяқталса, электронды нұсқада тапсыру 15 қыркүйекке дейін жалғасты. Ендігі сауал, декларацияны кімдер, қалай тапсырады? Бұл жүйенің мақсаты не, ел үшін тиімділігі бар ма? Осы сұрақтар төңірегінде нақты зерделеу жұмысын жүргіздік.


Жалпыға бірдей декларациялау мәселесі Тәуелсіздік алғалы талай рет көтерілді, бірақ мұндай ауқымды шараға дайын болмадық. Тек 2015 жылдың қарашасында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жеке тұлғалардың кірістері мен мүлкін декларациялау мәселесі бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң қабылданғаннан кейін ғана бірқатар жұмыс қолға алына бастады. Алдымен бұл бағдарламаның берері бар ма, содан бастайық.
Декларациялаудың түп-төркініне үң­іл­сек, бұл – мемлекеттік салық сая­сатын дұрыс жүргізуге, «көлеңкелі» экономикамен күресуге, жемқорлықтың жолын кесуге ықпал ететін ұтымды тәсіл. Егер әділ жүргізілсе, декларациялау – ел қазынасына қомақты қаржы түсіретін тиімді жүйе. Табысы мен мүлкін, дүниесін жасырып, шетелге асырып, банк жағалап жүрген талай бай-бағландарды, билік пен бизнесті қатар жүргізіп отырған лауазымды тұлғаларды анықтауға да мүмкіндік береді. Қысқасы, жалпыға бірдей декларациялау – жеке тұлғаның табысы мен мүлкін ашық жариялауы, оның негізгі мақсаты – сыбайлас жемқорлық тәуекелін азайту мен салықтарды көбейту. Бұл мәселе Елбасының бес институттық реформасын жүзеге асырудыӊ 100 қадамы Ұлт жоспарында нақтыланып, 2017 жылдыӊ 1 қаӊтарынан мемлекеттік қызметшілер үшін, одан әрі барлық қазақстандық үшін кірісті және шығысты жалпыға жариялауды кезең-кезеңімен енгізу болып белгіленді.
Бір сөзбен айтқанда, жалпыға бірдей декларациялау бәрімізге де қатысты, құжатты кәмелетке толған барлық азамат, қандастар және тұруға ықтиярхаты бар тұлғалар, оларға тіркелген мүлік болған кезде кәмелетке толмаған балалар да, сондай-ақ ел аумағында мүлкі болған немесе Қазақстан Республикасынан салық салынбаған табысы бар шетел­діктер де тапсыруға міндетті. Ал тек айлықпен күн көріп отырғандар, зейнеткерлер, шәкіртақы алатын сту­денттер декларация тапсыратын жылы пәтер немесе көлік секілді мүлік сатып алмаса немесе сатпаса, онда декларация тапсырмайды.
Барлығы түсінікті болды, жаңа­қорғандық мемқызметкерлер қалай тап­сырды, бұл жөнінде Мемлекеттік кірістер басқармасынан мәлімет алдық. Сауалға басқарманың бас маманы Сұлтанхан Хойшиев жауап берді.
– Жауапты мемлекеттік лауазымды атқаратын адамдар мен жұбайлары, мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілетті тұлғалар мен уәкілеттік берілген адамарға теңестірілгендер мен жарлары тапсырды. Аудан бойынша декларация тапсырған 1317 қызметкердің барлығы электронды құжат өткізді.
– Активтер мен міндеттемелер қайда және қалай тапсырды?
– Электрондық түрде «Салық төлеу­шінің кабинеті», Мемлекеттік кірістер комитеті мен «Электрондық үкімет» порталымен еSalyq азамат және мобильді қосымшалар арқылы тапсырды. Егер қағаз жүзінде тапсыруға ниет білдірген болса, онда біздің мекемеге келу тәртібімен немесе тапсырыс хатпен пошта арқылы жіберуіне болады.
Кез келген құжат тапсырушы өзінің тұрғылықты және орналасқан жері бойынша жүйеден өтеді.
– Құжатта қандай мәліметтер көрсетіледі?
– Алдымен ел аумағынан тыс­қары жердегі мүліктері тіркеледі. Жылжы­майтын мүлік, жер, әуе, теңіз және ішкі суда жүзу кемелері және өзге де дүниелері жатады. Барлық банк салымдары бойынша республикалық бюджет туралы заңда белгіленген және есепті салық кезеңінің 31 желтоқсанында қолданылатын айлық есептік көрсеткіштің 1000 еселенген мөлшерінен асатын сомадағы шетелдік банк шоттарындағы ақшасы да есептелінеді.
Сонымен, төрт кезең бойынша жүргізілетін декларация тапсыруды биыл алдымен мемлекеттік қызметшілер, олардың жұбайлары бастады. Со­лардың бірі аудан әкімі аппаратының ұйымдастыру-бақылау бөлімінің инс­пек­торы Марат Әбсадықов:
– Мемлекеттік қызметкер ретінде мен де декларация тапсырдым. Барлық сауалдарға толық жауап берілу міндетті, электронды түрде тапсыру тиімді. Жалпы бұл жүйенің мақсаты айқын, ең бастысы, елдік мүдде жолында әлеуметтік ахуал анықтап, нақты меже көрсетілетін болады. Сондықтан алдағы уақытта да басқа саладағы тұлғалар да осы деңгейден өтуі тиіс, – деді.
«Декларация ұсынылғаннан кейін мемлекет онда көрсетілген кірістер мен әлеуметтік шығыстарға қолданылатын салық шегерімдері туралы ақпаратты қолдана отырып, толық талдау жасайды, халықтың жағдайын толыққанды көре алады. Талдау нәтижесі жан-жақты сараланғаннан кейін халықтың әлеуметтік осал топтары нақтыланады және бұл жүйе мемлекеттік қолдау саясатын реттеуге, өзгертуге көмектеседі дейді жауапты мамандар.
Қаржы министрлігі Мемлекеттік кі­рістер комитетінің мәліметі бойынша, жалпыға бірдей декларациялаудың екінші кезеңі 2023 жылдың 1 қаңтар­ынан басталады және бұл кезеңде мемлекеттік кәсіпорындар мен квази­мемлекеттік сектор қызметкерлері мен олардың жұбайлары активтері мен міндеттемелерін декларациялайды. Үшін­ші кезең – 2024 жылдың 1 қаңтарынан басталады. Онда заңды тұлғалардың басшылары мен құрылтайшылары және олардың жұбайлары, дара кәсіпкерлер мен олардың жұбайлары декларация тапсырады. Соңғы төртінші кезең – 2025 жылдың 1 қаңтарынан басталып, халықтың қалған санаттары табыстары мен мүліктерін жариялайды. Осылайша, қазақстандықтар жалпыға бірдей дек­ларациялауға толық көшеді.
Жалпы, декларациялау кезінде ешкім де жауапкершіліктен жалтара алмайды. Активтер мен міндеттемелер туралы декларацияны уақытылы тапсырмаған азаматтар әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Мерзімінде тапсырмағандарға алдымен ескерту жасалады, осыдан кейін де нәтиже болмаса, 15 АЕК мөл шерінде айыппұл салынады.
Ал декларацияда табысын жасырып, бұрмалап көрсеткендерге де әкімшілік жауапкершілік қарастырылған. Алғашқы кезде ескерту жасалады. Ескерту жасалған бір жыл ішінде бұзушылық тағы қайталанса, онда 3 АЕК мөлшерінде айыппұл салынады.
Қорыта айтқанда, бұл жүйе өте дұрыс, әрі маңызды. Өйткені, қазір халық арасында кедейлер мен байлар және орта тап деген бөліну қайта басталды. Әсіресе, шенділер туралы пікір, уәж көп. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев та осы мәселеге аса мән беріп, соңғы Жолдауында да нақты міндеттер жүктеді. Қалғанын уақыттың еншісіне қалдырайық.

Әлібек ЖАРЫҚБАЕВ

09 қазан 2021 ж. 2 309 0