№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Жұлдызы жанған Жақсыгүл

Жұлдызы жанған Жақсыгүл



Ұстаз – ұлы есім. Әрбір ұстаздың мақсаты – шәкірт жүрегінен жол табу. Әр іске креативті көзқарас және әрдайым кәсіби білім шеберлігінің шыңына жетуді мақсат еткен, жаңашылдыққа жаны құмар еңбеккқор ұстаздың өнегелі өмірі ұстаздық жолды таңдаған жандарға үлгі боларлық. 
М.Мәметова атындағы Қызылорда педагогикалық жоғары колледжінің Сыр өлкесінің тарихында алар орны ерекше. Талай қазақтың қайраткер қыздары бітірген оқу орнын Батыр Мәншүк Мәметованың рухы қолдап жүргендей. Бүгінгі күні аталмыш колледжде 20 жылға жуық аянбай еңбек етіп келе жатқан колледж директорының оқу жұмыстары жөніндегі орынбасары Жақсыгүл Қоханқызы Тоғанова әріптесім туралы айтқым келеді.
Жақсыгүл Қоханқызымен облысымыздың техникалық және кәсіптік білім беру саласында он жылдан астам уақыттан бері таныспын. Қай кезде көрсең де, қай кезде сөйлессең де, жаңалықтың жаршысы екенін бірден аңғарасың. Осы колледждің жүрегі десе де болады. Енді көпшілікке үлгілі ұстаздың жүріп өткен жолы туралы өмірбаянына тоқталайын.
Жақсыгүл Қоханқызы Тоғанова 1979 жылы 3 қаңтарда Жалағаш ауданында дүниеге келген. 2000 жылы Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетін «Тарих, қосымша мұрағат ісі» мамандығы, «Тарих пәнінің мұғалімі, қосымша мұрағат ісі маманы» біліктілігі бойынша бітірген. Алғашқы еңбек жолын 2000 жылы М.Мәметова атындағы Қызылорда гуманитарлық колледжінде оқытушы болып бастайды. Міне содан бері қазақтың батыр қызының атындағы қара шаңырақта 20 жылдан бері табан аудармастан адал еңбегімен алға озып келеді. Оқытушылықтан бастап, 2001-2003 жылдары қоғамдық пәндер пәндік-циклдік комиссия жетекшісі, 2003-2012 жылдары сырттай оқу бөлімінің меңгерушісі, 2012-2013 жылдары бастауыш педагогикасы бөлімінің меңгерушісі, 2013 жылдан бүгінге дейін директордың оқу жұмыстары жөніндегі орынбасары қызметін атқарып келеді. 2017-2018 жылдары колледж директорының міндетін атқарушы болып қызмет атқарған. Еңбектен қол үзбей жүріп аймақтық әлеуметтік-инновациялық университетін педагогика және психология мамандығы бойынша магистратурасын бітіріп, педагогика ғылымдарының магистрі атанған. Магистратурада оқып жүргенде қорғаған «Арнайы мектептердегі психологиялық жұмысты ұйымдастырудың мәселелері» тақырыбындағы зерттеу жұмысын күні бүгінге дейін өзекті тақырып деп санайды. 
Жақсыгүл Қоханқызы өз мамандығын адаспай тапқан жан. Өйткені білім саласындағы қоғамдық жұмыстарға ат салысуда ұстаздың назарынан тыс қалған емес. Қазақстан Республикасы Елбасының жолдауларын насихаттау жөніндегі ақпараттық-насихаттау тобының мүшесі. Халықаралық ақпараттандыру Академиясының толық мүшесі. 2002-2010 жылдар аралығында Қызылорда қаласындағы №185 учаскелік сайлау комиссиясының хатшысы жұмысын атқарды. Колледжде қазақстандық патриотизмді дамыту бағытындағы жұмыстар мен Кеңес Одағының Батыры Мәншүк Мәметованың ерлігін насихаттау, оны дәріптеу мақсатында «Мәншүктану» бағдарламасын жасап, курс жүргізді. 2014 жылы «Қазақстан – ядролық қарусыз мемлекет» тақырыбындағы «Невада-Семей» қозғалысының жарылысты тоқтату бастамасының 25 жылдығына орай Қызылорда облыстық ішкі саясат басқармасымен бірлесе өткізген облыстық ғылыми-теориялық конференцияның ұйымдастырушысы. 
Оқу орындарының қызметінің сапасын айшықтайтын бірден бір қызмет – білім беру ұйымын аккредиттеу. 2017 жылы М.Мәметова атындағы Қызылорда педагогикалық жоғары колледжінің институционалды және мамандандырылған аккредиттеуден өтуі үшін оқу-тәрбие процесіндегі номенклатура бойынша құжаттарға аудит жүргізіп, даярлық жұмыстарына басшылық жасады. Соның нәтижесінде білім беру ұйымы аккредиттеуден өтіп, бес жылға сертификатталған.
2017 жылы М.Мәметова атындағы Қызылорда педагогикалық жоғары колледжінің 85 жылдығы мен Кеңес Одағының Батыры Мәншүк Мәметованың 95 жылдығына арналған «Ұлы Дала ұрпақтарын тәрбиелеуде «Мәңгілік Ел» идеясының алар орны» атты облыстық патриоттық форумы аясында «Мәншүк маршы» мен техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдары арасында қазақ күресінен республикалық турнирді жоғары деңгейде ұйымдастырды. 
Ж.Тоғанованың басшылығымен 2017 жылы қараша айында 0111000 - «Негізгі орта білім беру» мамандығының 0111113 - Ағылшынша білімі бар математика пәні мұғалімі, 0111123-Ағылшынша білімі бар физика пәні мұғалімі біліктіліктері бойынша Техникалық және кәсіптік білімнің үлгілік оқу жоспарлары мен білім беретін оқу бағдарламалары жасалынып, республикалық оқу-әдістемелік кеңеске ұсынылды.
Колледждің оқу жұмыстарымен айналыса жүріп ғылыми жұмыстармен айналысуды да назардан тыс қалдырмады. Соның нәтижесінде әр жылдары «Мәдениеттану» әдістемелік оқу құралы (ISBN 978-601-229-454-5), «Қазақстан – ядролық қарусыз мемлекет» жинағы (ISBN 978-9965-452-73-4), «Оқытудың белсенді әдістері» көмекші құралы (ISBN 978-9965-452-61-1) баспаханада басылып, оқырманға жол тартты.
Ж.Қоханқызының жиырма жылғы ұстаздық қызметі шығармашылыққа толы. Ол өзі қалаған мамандығының иесі атанып, осы салада өзінің өмір бойғы алға қойған мақсаттарына қол жеткізе білді. Өзі үйрене жүріп, үйрететін, жаңалыққа елең ететін Жақсыгүл Қоханқызы талай ғылыми – практикалық конференцияларға қатысып, білім саласындағы өзекті мәселелерді қозғады. Атап айтсақ, 2015 жылы «Педагог кадрларды даярлаудың проблемалары мен заманауи мүмкіндіктері» атты халықаралық ғылыми-педагогикалық конференцияда «Кәсіптік білім беретін оқу орындарында оқушы білімін бағалаудың мәселелері», 2016 жылы «Тәуелсіздік тарихын оқытудың өзекті мәселелері» атты облыстық ғылыми-теориялық конференциясында «Тарих сабағында ТОГИС технологиясын қолданудың тиімділігі», 2017 жылы М.Мәметованың 95 жылдық мерейтойына арналған «Шығыстың батыр қызы - Мәншүк» атты республикалық ғылыми-практикалық конференцияда «Мәншүк ерлігін білім және тәрбие беру процесіне пайдалану арқылы жастарды патриотизмге баулу» тақырыптарындағы баяндамалары конференция жинағына енген. 2014 жылы Ы.Алтынсарин атындағы ұлттық білім академиясы мен КИМЭП университетінің «Результаты обучения в контексте Национальной рамки квалификаций: планирование, достижение, измерение» атты халықаралық семинарына, 2015 жылы Астана қаласында Германияның Koblenz-Landau университеті ұйымдастырған «Ұлттық біліктілік жүйелерін дамыту стратегиясы» халықаралық семинарына және Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасының кітапханасының «Әлемді өзгертетін идеялар» семинар-тренингіне қатысқан. 2014 жылы «Менің инновациялық сабағым» атты І Халықаралық оқытушылар сайысына қатысып, ІІ дәрежелі дипломмен марапатталған.
Жақсыгүл Қоханқызының жұмыс бөлмесінің бір бөлігі құтты кітапхана дерсің. Білім саласындағы кітаптар мен газет – журналдарды үнемі жұмыс барысында пайдаланатыны айтпай – ақ түсінікті сияқты. Соның жемісі болар өзінің де бірталай мақалалары түрлі баспасөз беттерінде жарық көріпті. «Дала» журналында «Ұлы ерлік иесі», «Ақмешіт ақшамы» газетінде «Жалындаған қысқа ғұмыр», «Мәншүк мәңгі есім», «Сыр мектебі» облыс ұстаздарының газетінде «Асыл арманымыз», Ұстаз үні» газетінде «Сыр өлкесінің даму тарихы», «Білім және инновация» республикалық оқу-әдістемелік журналында «Шірік-Рабат қаласының тарихы» және «Қазақ этнонимінің шығу тарихы», халықаралық «Молодой ученый» журналында «Проблемы оценивания знаний учащихся в учебных заведениях профессионального образования» және т.б. 
«Өмір бойы білім алу» қағидасын ұстанып, үйренуден, оқудан жалықпайтын қайсар қыз 2015 жылы Оңтүстік Кореяның Кёнги Провинциясының Білім департаменті мен ҚР Қызылорда облысы арасындағы өзара ынтымақтастық келісім нәтижесінде ұйымдастырылған «Білім беру жүйесіндегі ақпараттық-коммуникациялық технологиялар» тақырыбындағы халықаралық тағылымдамадан өткен. Сонымен қатар үнемі білімін шыңдап, түрлі біліктілік арттыру курстарында білімін жетілдірген. Германияның «Senior Experten Service» қоғамдық орталығы ұйымдастырған «Международный опыт внедрения дуального обучения», «Психология личности», Ресей Федерациясы, Мәскеуа қаласының білім департаменті ұйымдастырған «Актуальные проблемы педагогики и психологии», «Өрлеу» АҚ базасында «Коучинг пен тәлімгерлік негізінде педагогтың дамуы», «Инновациялық басқару: дуалдық оқыту жүйесін енгізу бойынша базалық колледждердің тәжірибесі», Ы.Алтынсарин атындағы ұлттық білім академиясында «Ұлттық біліктілік жүйелерін дамыту стратегиясы», «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ Педагогикалық шеберлік орталығында «ҚР-да орта білім мазмұнын жаңарту», Білім сапасын қамтамасыздандыру тәуелсіз қазақстандық агенттігі ұйымдастырған «Институционалдық аккредиттеу шеңберінде техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының өзін-өзі бағалау есебін дайындауы», «Кәсіпқор» холдингінде «Техникалық және кәсіптік білім беру жүйесінің жаңа формациядағы педагогі», Техникалық және кәсіптік білімді дамыту және біліктілікті берудің республикалық ғылыми-әдістемелік орталығы ұйымдастырған «Техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарында кредиттік технологияны енгізу», Қазақстан педагогикалық ғылымдар академиясы ұйымдастырған «Орта білім беру сапасын көтеру мәселелері: оларды шешу жолдары», Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасының кітапханасы ұйымдастырған «Қазақстан жолы: Мәңгілік Ел» тақырыптарындағы курстарға қатысып сертификатталған.
Болашақ ұстаздарға жаңа заманға сай білім беруді басты мақсат санаған ұстаздың жалауын көкке көтерген шәкірттері де баршылық.
Заман талабына сай білім беру реформаларын іске асыруда Ж.Тоғанова аянбай тер төкті. Ұстаздық жолындағы еңбегі елеусіз емес. 2006 жылы ең алғаш Қызылорда облысының білім департаментінің Құрмет грамотасын иеленген жас ұстазға бұл марапат алға ұмтылуға көп септігін тигізгендей. 2012 жылы Қызылорда облысының білім басқармасының Алғыс хатын, 2013 жылы Қызылорда облысы әкімінің Құрмет грамотасын, 2014 жылы Қызылорда облысы бойынша «Қызылорда Невада-Семей» қоғамдық бірлестігінің Алғысын, 2015 жылы Қызылорда облыстық білім басқармасының Құрмет грамотасын, 2016 жылы Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігінің Құрмет грамотасын, 2017 жылы «Назарбаев зияткерлік мектептері» ДББҰ Педагогикалық шеберлік орталығының Алғыс хатын, Республикалық «Спорт жұлдыздары» ғылыми-әдістемелік журналы редакциясының Алғыс хатын, Қарағанды облысының би спорты федерациясының Алғыс хатымен марапатталса, 2017 жыл ұстаз үшін тағы бір жұлдызы жанған жыл болды. Өйткені ұлағатты ұстаз осы жылы Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігінің «Ы.Алтынсарин» төсбелгісін иеленді.
Марапат алу үшін еңбек етпегеніңмен, атқарған еңбегіңнің бағасын көру бұл кез келген ұстаздың арманы. Сол арманына жеткен Жақсыгүл Қоханқызы – мамандық таңдауда қателеспеген, жұлдызы жанған жан.
Ұлағатты ұстаздың туралы мақала жазудағы мақсатым - өмірін ұстаздыққа арнаған жас мамандар осындай ұстаздардың өмірінен өнеге алса, ерінбей – жалықпай, өз мамандығының иесі болуға ұмтылып, ұстаз деген атқа лайық болса деймін.
                                                                                                          Шарбану БАЕКЕЕВА,
                                                                                                               Қызылорда облысы.



07 шілде 2019 ж. 1 533 0