№93 (8804) 23

23 қараша 2024 ж.

№92 (8803) 19

19 қараша 2024 ж.

№91 (8802) 16

16 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930 
» » СКЛИФОСОВСКИЙ ДЕГЕН КІМ ?

СКЛИФОСОВСКИЙ ДЕГЕН КІМ ?


Бақша жақтан боғауыз сөздерді қарша боратқан масаң дауыстар, кісінеген аттардың дүбірі естілді. Бұл командир Бибиков басқаратын қызыл әскерлер отряды болатын. Киімдері кірлеген, сақал-мұрты өскен, беліне салаңдатып қылыш ілген топ кәнігі қарақшылардан аумайтын еді. Кездескенді атып салуға дайындап серт ұстаған мылтықтары аздай, бірнешеуі бақша ішіндегі арбадан күректерді де ала кетті. Екі қабатты үйдің есігін теуіп ашқан екпінді топ ешкімнен қымсынбастан бөлмелерді тіміскілей жөнелді. Бір бөлмеден төсекте сал болып жатқан қартаң әйел мен жанында отырған қызды кездестірді. Масаң командир Бибиков бөлмені айнала көзімен сүзіп шықты. 
- Кімсіңдер? 
- Төсекте жатқан анам Софья. Мен қызы Тамарамын. Бізде Ленин берген құжат бар,- деген жас әйел қолындағы қағазды Бибиковке ұсынды.
- Ммм, «Профессордың отбасына тиюге болмайды. Лени-ии-нн...»... Құжатты дауыстап оқыған Бибиков бір сәт ойланып қалды. Қабырғада ілулі тұрған портретті көрсетіп шаңқ етті:
- Мынау кім?
- Әкем. Ол кісі 15 жыл бұрын қайтыс болған... Қыз сөзін аяқтап үлгермеді. Бибиков айқайға басты:
- Генералдың отбасы! В расход их !!!
Қызыләскерлер ауру әйелді күрекпен кескілеп өлтірді. Қызды аулаға сүйреп шығарып бәрі зорлады. Хайуан нәпсілері тояттаған соң, байғұс қыздың басына мылтық дүмімен ұрып өлтірді. Оған да қанағаттанбаған тобыр өлікті аяғынан дарға асып қойды. Үйді әбден тонап, алып кете алмайтын дүние-мүлікті қиратты. Сынған портреттен патша генералының мундирін киген зиялы бейненің мұңға батқан жанары қарап қала берді. Бұл 1919 жыл еді...
Кеңес заманын көрген ұрпақ «Кавказская пленница» киносының әрбір фразасын жатқа біледі. Соның бірі актер Никулин кейіпкері айтатын «Короче, Склифосовский!». Коммунистік цензура қанша тиым салса да, есебін тауып өз ұлтының мықты өкілдерін санаға сыналап кіргізе білген Леонид Гайдайдың шеберлігіне дау жоқ. Үлгі алатын шаруа.
Николай Василиұлы Склифосовский 6 сәуір 1836 жылы Херсон облысының Дубоссары қаласы маңында дүниеге келді. Әкесі кедейленген ақсүйек әулетінен еді. Он екі баласын асырау үшін қанша тырысса да, іс жүргізушінің жалақысы мардымсыз болатын. Отбасылық кеңесте бірнеше баласын балалар үйіне өткізуді ұйғарады. Бала Николайдың бейнетті жолы осылай балалық шақтан басталды. Балалар үйінде жүріп гимназияны күміс медалмен бітірді. Москва университетінің сынақтарын ойдағыдай тапсырды. Ерінуді білмейтін еңбекқор студент бірінші курстан бастап көзге түсті. Көп ұзамай «Одесса балалар үйінің тәрбиеленушісін қазына қамқорлығына алу туралы» бұйрық шықты. Дәрігер дипломын алған 23 жастағы жігіт Одессаға келіп, хирургия бөлімінің ординаторы қызметіне кірісті. Бір нәрсенің соңына түсіп алса тоқтамайтын жас дәрігер жиі-жиі ауруханада түней салатын. 27 жасында ғылым докторы атағын қорғады. Жас ғалымның аты-жөні ғылыми ортада жиі айтыла бастады. Шетелдегі білім жетілдіру курстары, ғылыми конференцияда баяндама жасау үйреншікті жұмысқа айналды. Германия, Франция, Англия, Шотландия елдерінде білімін жетілдірді.
Дәрігердің жеке өмірі оңай болмады. Жұбайы Елизавета жиырма төрт жасында сүзектен өлді. Анасыз жетім қалған үш баланың күтімі мен тәрбиесін мүлтіксіз атқарып жүрген губернант қыз Софья Николайдың да көңілінен шықты. Некеге тұрған соң Софья төрт бала тапты. Күйеуінің отбасындағы тірегі және көмекшісі бола білді.
1876 жылы Николай Қызыл Крест қоғамының кеңесшісі ретінде Черногорияға аттанды. Іле-шала басталған орыс-түрік соғысында дәрігерлік қызмет атқарды. Бұл соғыста он мыңдай жауынгерге ем-дом жасаған. Жараланған жауынгердің кім екеніне бас ауыртпаған, яғни өз әскері ме, дұшпан жағынан ба, дәрігер оларға тек көмекке мұқтаж пациенттер ретінде бірдей қараған. Тәулік бойы операция жасап шыққан соң босағаға сүйеніп ұйықтап қалады екен. Операция бөлмесіне дизинфекция жасауды жолға қойды. Қирап қалған сүйектерді біріктіру үшін «Склифосовский құлпы» деп аталып кеткен әдісті ойлап тапты. Операция бөлмесін желдету, пайдаланылған дәкені өртеп жіберу, медициналық құрал-саймандарды қайнату, ағаштан жасалған операция үстелін темір үстелге ауыстыруды талап етуін әріптестері мазақ қылды, тіпті ашуланды. Танымал хирург Корженевский «Склифосовский еңгезердей бойымен кіп-кішкентай, тіпті көзге көрінбейтін бактериядан қорқады. Бұл өте күлкілі емес пе!» деп кекетті. Бірақ, кірпияз профессордың талабы өте дұрыс екенін уақыт көрсетті. Соның арқасында мыңдаған жауынгер тірі қалды. Соғыстан соң Москва университетінің деканы, хирургия кафедрасының меңгерушісі қызметін атқарды. Үнемі тап-таза киініп жүретін, өте сыпайы профессордың дәрістері іш пыстырарлық, бірақ өте пайдалы еді. Студенттер оған «Аристократ» деп ат қойған екен. Аристократтың төрт соғысқа қатысқаны, екі-үш тәулік бойы ұйықтамай ондаған операция жасап, қанша шаршаса да салқынқандылығын сақтап «сіз» деп сызылудан танбағанын екінің бірі білмейтін еді. Ол заманда медицина факультеті мен ауруханалар бөлек тіршілік ететін. Тіпті жас дәрігерлер тұңғыш пациентті диплом алған соң бір көретін еді. Склифосовский бар беделін салып жүріп медициналық қалашық салу үшін қала басшылығынан үлкен жер телімін алды. Қаржының бір бөлігін қала басшылығы берді, қалғанын меценат көпестер жинады. Құрылысты жобалау комиссиясы Берн, Цюрих, Париж, Берн, Страсбург қалаларын аралап, ең тиімді деген жобаны жасап шығарды. Ұсақ-түйек нәрселерге дейін ескеруге тырысты. Желдің бағыты, жарықтың түсуі, желдету жүйесі, акустикаға дейін есептелді. Құрылыс жұмыстары 1887-1890 жылдары жүргізілді. Үш жылдан соң хирургия, терапия, жүйке аурулары бөлімі, көз ауруларын емдеу, диагностика орталығы, госпиталдық хирургия бөлімдері дайын болды. Сондай ақ, фармакология, жалпы патология, патологиялық анатомия және гигиена институттары пайдалануға берілді. Бұлардан басқа толып жатқан қосалқы көмекші бөлімдері де салынған. Мұнымен шаруа аяқталған жоқ. Кейін психиатрия, акушерлік, гинекологиялық клиникалар қосылды. Склифосовский арманы орындалып, бақытты кейіпте жүрді. Дәрісхана, ауруханалар, операция бөлімі, ғылыми лабораториялар керемет үйлесім тауып, ғылым-білім жолындағы дәрігерлер алаңсыз жұмыс істеуге мүмкіндік алды. Қазір бұл кешен Сеченов атындағы №1 Москва медицина университеті құрамында. 
1893 жылы Склифосовский отбасы Петербург қаласына көшті. Склифосовский дәрігерлердің білімін жетілдіру институтының директоры және хирургия бөлімінің меңгерушісі қызметіне тағайындалды. Профессор бұл жерде де ғылыммен белсене айналысты. Склифосовскидің тікелей ұйымдастыруымен хирургтердің съезін өткізу жолға қойылды. Әлемнің ең атақты хирургтері Петербург қаласына жиналып, аса маңызды жаңалықтарды талқылау дәстүрге айналды. Стоматологияны бөлек ғылым есебінде мойындап, оны медицина университетінде арнайы пән ретінде оқыту да тікелей Склифосовскидің еңбегі болатын. Склифосовский ең танымал, беделді тұлғаға айналды. Ол Лондон, Париж, Будапешт, Прага медицина қоғамының құрметті мүшесі еді. 
Өмір тек шуақты сәттерден тұрмайды. Дәрігердің баласы Владимир Петербург университетінің студенті еді. Саясатпен айналысып жүріп 1900 жылы террористік ұйымға кіріп кетті. Солардың тапсырмасы бойынша Полтава губернаторы Катериничты өлтіру керек болды. Ал Катеринич Склифосовскидің отбасымен жақсы араласатын достары болатын. Владимир бала кезінен бері ол кісінің әке-шешесімен сағаттап әңгімелесіп, шәй ішіп отырғанын көріп өсті. Бірақ «жолдастарға» мұны қанша айтса да пайдасы жоқ еді. Намысқой жігіттің бар тапқаны атылып өлу болды. Баласының қазасынан соң Склифосовский көп шаруадан бас тартып, Полтава маңындағы Яковцы имениесінде жабық ғұмыр кешті. Үш рет инсульт алды. 1904 жылы төртінші инсульттен өлді. Сол күні Москвада ашылған хирургтердің V съезі мына сөзбен басталды. «Ұлы ғалым Пироговпен есімі қатар айтылатын біздің замандасымыз, тамаша хирург Склифосовский о дүниеге жол тартты». (Айтпақшы, Москва қаласындағы Пирогов ескерткіші де оның шәкірті Склифосовскидің императорға арнайы хат жазуы нәтижесінде қойылған еді). Көп ұзамай орыс-жапон соғысында баласы Николайдың қаза тапқаны туралы хабар келді. Тағы бір ұлы Александр азамат соғысында жоғалып кетті. Жалпы Склифосовскидің жеті ұл-қызының ішінде тұңғышы Ольга ғана қартайып, өз ажалынан өлген. Ол төңкерістен соң бірден эмиграцияға кетіп аман қалған екен. Қазір Склифосовский әулетінен тұқым қалмапты.
...Ойран салған Бибиков отряды жөніне кеткен. Олар өлтірген екі әйелдің денесі қайда жерленгені де белгісіз. Азамат соғысынан соң Склифосовский имениесіне шошқаларды қолдан ұрықтандыру пункті орналасқан. Имениенің барлық жері, тіпті қабірлердің плитасы да тоналған, өртенген. Тек аңшылық үйі мен жазғы үй жөнделіп, сегіз отбасы тұратын жатақханаға айналған. 1923 жылы Москвада ашылған Жедел жәрдем ғылыми-зерттеу институтына Н.В.Склифосовский есімі берілген. 2009 жылы ғана Полтава халқының күшімен атақты хирургтің қабіріне реставрация жасалыпты.
P.s. Склифосовский операция кезінде толық тыныштықты талап етіп, үнсіз жұмысын жасайды екен. Ассистенттері дәрігердің көзқарасынан ұғып, керек жабдықтарын беріп, көмектесетін болған.
Аударған Айшуақ Дәрменұлы
27 ақпан 2019 ж. 1 037 0