» » "ЖАҢАҚОРҒАН ТЫНЫСЫ" МӘСКЕУ ТӨРІНДЕ

"ЖАҢАҚОРҒАН ТЫНЫСЫ" МӘСКЕУ ТӨРІНДЕ

Сыр өңірінің журналистері Мәскеу қаласындағы Әлия Молдағұлова атындағы мектепке барды, деп хабарлайды zhanaqorgan-tynysy.kz тілшісі.

Қызылорда облысы әкімі Қырымбек Көшербаевтың қолдауымен Сыр өңірі аудандық газеттерінің өкілдері Мәскеу қаласы М.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінде өтетін Х халықаралық «БАҚ және жаппай байланыс-2018 (СМИ и массовые коммуникации–2018) ғылыми оқылымына қатысты.

Алдымен облыс әкімінің кеңесшісі Динара Асқарқызы бастаған делегация Әлия Молдағұлова атындағы №402 мектепке барды.

Онда Ұлы Отан соғысының батырына қойылған ескерткішке гүл шоқтарын қойып, мұражайында болды. Мектептің 1-сынып оқушылары Әлия Молдағұлова және Қазақстан жайлы таным-түсініктерін ортаға салды. Ал, сынып жетекшісі Наталья Николаевна қазақ қызының ерліктерін тамсана айтып, алаш ұлтының Екінші дүние жүзілік соғыста отан қорғаудағы ерліктеріне тоқталды. Әрі Әлия Молдағұловамен мақтанатынын жеткізді.

Сыр өңірінен барған делегация мектеп мұражайының қорына сыйлықтарын ала барыпты. Яғни, қазақтың таным-түсінігі мен болмыс-бітімін айшықтайтын кәде сыйлар, кітаптар болды. Оның ішінде, "Жаңақорған" кітабы да бар. "Жаңақорған тынысы" газетінің 85 жылдығында шыққан "Дәуір айналысы" мен "Жаңақорған тынысы" газетінің бірнеше нөмірі де мұражай қорына табысталды.

Мектеп директоры Юлия Сергеевна мұндай бағалы сыйлықтар мұражайдан лайықты орнын алатынын айтып, қонақтарға алғысын жеткізді.



25 қазан 2018 ж. 930 0