"Киношок-2018" фестивалі: Қазақстандық 3 фильм
XXVII "Киношок" Ашық кинофестивалінің байқау бағдарламасына үш қазақстандық фильм қатысады. Толықметражды фильмдер байқауында Серікбол Өтепбергеновтің "Алтыншы бекеті", Алдияр Байрақымовтың "Шек" картинасы және қысқа метр байқауында Әлімжан Құдабаевтың "Мараттың бейнежазбасы" картинасы көрсетіледі. Кинокөрсетілім 2-9 қыркүйек аралығында Ресейдегі Анапа курорттық қаласында өтеді. Серікбол Өтепбергеновтің "Алтыншы бекет" фильмі – биылғы көктемде отандық айналымға шыққан әскери-патриоттық драма. Картина 2010 жылы Маңғыстау облысында болған шынайы оқиғаға негізделген. Қатаң тәртіптегі колонияның тұтқындары қашып кеткен болатын. Қатардағы жауынгер Ербол Отарбаев қашқындарды байқап, тоқтатуға тырысады. "Шек" – Алдияр Байрақымовтың дебютті толықметражды фильмі, тұсауы 2017 жылдың қазанында кесілген. Сюжетте екі жасөспірім өмірі баяндалады. Біреуі пәтер жалдап, базарда жұмыс істеп күн көреді, екіншісі отбасымен бірге тұрады және білімде жетістікке жетеді. Бірақ, екеуінің тағдыры бір-бірімен тығыз байланысты. Әлімжан Құдабаевтың "Мараттың бейнежазбасы" қысқаметражды таспасы орта мектептің оқушылары жайлы. Басты кейіпкер Мараттың туған күніне планшет сыйлайды, ол соған бейнежазба түсіреді. Роликтің кесірінен жаңа оқушымен жанжал туындап, ол қайтыс болады. Мараттың әкесі баласын кәмелетке толмағандар колониясынан барынша құтқарып қалуға тырысады. "Киношок" Ашық кинофестивалі 1992 жылдан бері бұрынғы көршілес республикалардың кинематографтарын біріктіріп, мәдени байланыстың ажырауына жол бермеу мақсатында өткізіліп келеді. Көрсетілім аясында дәстүрлі түрде толықметражды, қысқаметражды, деректі, телевизиялық және балалар фильмдерінен құралған 5 байқау өткізіледі. Биыл фестиваль қонақтарына 60-тан астам картина ұсынылмақ.
Дереккөз: Massaget.kz
Дереккөз: Massaget.kz
Пікір 3