» » Моңғолияда тұратын қандасымыз «Мемлекеттік саңлақ малшы» атағына ие болды

Моңғолияда тұратын қандасымыз «Мемлекеттік саңлақ малшы» атағына ие болды

Моңғолияның Дэлүүн ауданында тұратын Өмірбек Солтақанұлы атты қандасымыз «Мемлекеттік саңлақ малшы» атанды. Өлгейдегі «Janadauir» басылымның мәліметіне сүйенсек, Дэлүүн сұмын (ауданы), 7-бақ тұрғыны Өмірбек мал шаруашылығымен ұзақ уақыттан бері айналысады. Өткен жылы оның малының жалпы саны 2 мыңға жуықтап, жақында «Мемлекеттік саңлақ малшы» атағын иеленген. 
Оның әкесі Солтақан Қарабалаұлы мал шаруашылығымен қатар аңшылықты да кәсіп еткен, елге сыйлы ақсақал болған. Ал, анасы Қайрол Зиқанқызы - 3 қыз, 5 ұл тәрбиелеп өсірген ардақты ана. Іргесінен жүйрігі, желісінен құлыны кісінеген, мал мен басы қатар өсіп, құт қонып, қыдыр дарыған Солтақан әулетінің қара шаңырағында қазір кенже ұлы Өмірбек ата кәсіпті жалғастырып жүр. Малшының жұбайы төрт баланың анасы Каусар Камессияқызы аталмыш бақтың кіші дәрігері болып қызмет атқарады.
Аталған басылым «Мемлекеттік саңлақ малшы» атанған Өмірбек Солтақанұлынан сұхбат алған. Онда үздік бақташы осыншама көп малды бағудың қиындықтары мен  қызықты тұстарын айтып берген. Ол сондай-ақ тілшіге табиғаты қатал өңірде мал бағудың қыр-сырымен бөліскен. 
Айта кетейік, ата жолын қуып, мал шаруашылығымен айналысқан Өмірбек өткен жылы 100-ге тарта жылқы, 200 сиыр, 400 қой, 1 000-нан астам ешкісін санатқан. 
Малшы әңгіме барысында жылына 80-90 сиыры төлдеп отыратынын айтты. 
08 ақпан 2024 ж. 4 126 0