№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Көк теңізге көш түзеген

Көк теңізге көш түзеген

Қазақстаннан қоныс аударған қандастарымыздың алдымен ат басын бұратын жерінің бірі Түркия десек, түбі бір түрік еліне қоныс аударғандардың дені «Түркияның туристік астанасы» атанған Анталия­ға жайғасады. Түркияның ең атақты курорттық аймағы саналатын бұл қалаға, соңғы мәлімет бойынша, әлемнің түкпір-түкпірінен келген 94 мың 294 шетелдік тұрғын қоныс­танған. Міне, осы 100 мыңға жуық тұрғынның арасында саны жағынан Ресей мен Қазақстан азаматтары көш бастап тұр. Яғни Ресейден – 18905 адам, Қазақстаннан 11537 адам Анталияға көшіп барған. Ал үшінші орында – немістер, 9615 неміс азаматы қоныс аударса, төртінші орында – ирандықтар. Олардың саны 6703 адамды құрайды.
Анадолы агенттігі хабарлауынша, Түркия статистика басқармасының ақпаратына сәйкес, 2019 жылы
2 511 700 адамды құраған Анталия халқы соңғы 2 жылда шамамен
1, 5 пайызға артып, халық саны
2 548 308-ге жеткен.
Анталияда мыңға жуық «жұлдызды» отель бар. Оның 400-і – «5 жұлдызды» қонақ үй. Саяхат саласы ерте дамыған Испанияның өзінде мұндай көп «5 жұлдызды» қонақүй жоқ. Анталияда жаз маусымында 3 мыңнан астам гид жұмыс істейді. Туристік агенттіктер санының өзі 1600-ден асады. Сондай-ақ Анталияда 640 шақырымдық жағалау, 1000-ға жуық ежелгі қала бар. Анталия мәдениет және туризм басқармасының мәліметінше, бір турист осы өңірде демалуға шамамен 700 доллар ақша жұмсайды. Әрине, гольф ойнап, 5 жұлдызды қонақ үйге демалуға келгендер мұның сыртында. Міне, бұл – Анталияның туристерді магнитше тартатын басты ерекшелігі.
Індет басталмас бұрын Анталия­ға жылына Ресей, Ұлыбритания, Германия, Қазақстан, Нидерланд, Ауғанстан, Индонезия, АҚШ, Жапония, Малайзия сынды 90-ға жуық мемлекеттен орта есеппен 15 миллион турист келеді екен. Анталия мәдениет және туризм басқармасының мәліметінше, қазақстандықтар осы қалаға саяхаттап келетін шетелдік туристердің алдыңғы бестігіне кіреді. Мәселен, 2013 жылы Қазақстаннан Анталияға 260 мың турист барса, 2018 жылы бұл көрсеткіш 300 мыңнан асқан. 2019 жылы Түркияға келген 50 миллионға жуық саяхатшының да көбі Анталияда демалған. Былайша айтқанда, Түркияға саяхаттай келген саяхатшының 60 пайызы алдымен Анталияны таңдайды.
Анадолы агенттігінің мәліметінше, 2020 жылдың қазан айында пандемияға қарамастан Анталияға демалуға келген Украина, Қазақстан және молдовалық туристер саны 2019 жылдың қазан айымен салыс­тырғанда біршама өскен. Себебі «туристік астананың» көптеген қонақ үйлері 150 түрлі санитарлық-гигие­налық талаптарға сәйкес келетін «салауатты туризм» сертификатын алған. Нәтижесінде бір ғана қазан айының өзінде Анталияға демалуға 700 мың турист келсе, мұның ішінде қазақстандық туристердің саны 7130 адамға жеткен.
Туристер мен Анталияға қоныс аударушылардың көбеюіне мұрындық болған тағы бір маңызды түйін – Анталиядағы бағаның арзандығы.
Қазір әлеуметтің желіні ақтара қалсаңыз «Түркиядан қалай үй сатып алуға болады?», «Анталияда пәтер бағасы қанша тұрады?»… деген секілді ақпараттар ұдайы ұшырасады. «Түркиядан үй сатып алдым, бұл жақта мүлік Қазақстаннан арзан. Өмір сүруге де ыңғайлы» деп мақтанып, теңіз жағасында түскен суретін, сатып алған үйін желіге салып, елді қызықтырып отырған отандастарымыз да аз емес. Олардың арасында қалталы байлар, әнші, өнерпаздар, қарапайым тұрғындар да бар. Әнші Алтынай Жорабаева мен Қарақат Әбділдинаның Түркиядан үй сатып алғаны жайлы ақпараттың әлеуметтік желіде едәуір дүмпу туғызғаны – әне соның дәлелі. Былайша айтқанда, кезінде Түркиядан тек байлар үй алса, қазір әл-ауқаты орташалар да пәтер алатын, Нұр-Сұлтан мен Алматыдағы пәтерін сатса, Анталия, Стамбулдан үй алуға болатын деңгейге жетті. Ендеше, Анталиядан пәтер сатып алу соншалықты оңай ма?
Қазір әлеуметтік желіде Түркия­дан үй сатып алуға көмектесіп, ортадан нәпақа табатын алыпсатарлар да көбейген. Үй сатып алатын қазақстандықтар көбейген соң ба, соңғы кездері Анталиядағы үй сататын серіктестіктер де қазақ, орыс тілдерінде қызмет көрсете бастаған. Олардың сөзіне сенсек, қазір қазақстандықтар Түркиядан баспанадан өзге, жер телімін де сатып алып жатқан көрінеді. Мұның басты себебі Түркияда лираның құнсыздануынан үй бағасының арзандауы қазақстандықтар үшін үлкен мүмкіндік туғызған. Мәселен, Анталияда бұрын 100 мың АҚШ доллары тұратын екі бөлмелі үйді қазіргі уақытта 50-60 мың долларға алуға болады. Бұл Қазақстанның Алматы, Нұр-Сұлтан қалаларындағы бағамен қарайлас. Сатып алған үйді туристік агенттіктер арқылы жалға беріп, ақша табуға да мүмкіндік бар. Әнші Алтынай Жорабаеваның айтуынша, ол жақта үй бағасы Қазақстаннан әлдеқайда арзан. «Қазақстанда жеті жұлдызды тұрғын үй кешенінен 3 бөлмелі пәтерді 160 мың АҚШ долларына ала аласыз ба? Әрине, жоқ. Ал Түркияда бәрі арзан» дейді ол Қазақстан тілшілеріне берген сұхбатында. Шынымен де биыл жыл басында зейнетақы қорындағы ақшаның бір бөлігіне үй алу туралы әңгіме шыққалы және пандемияның әсерінен құрылыс материалдарының қымбаттауынан Қазақстанда үй бағасы тіпті шарықтап кетті. Өткен жылы 10-12 млн теңге тұратын пәтерлер биыл 15 млн-ға таяды немесе одан асып жығылды.
Демек, Анталиядағы арзаншылық пен Арқадағы қымбатшылық бірқатар отандасымыздың көк теңіздің жағасына көш түзеуіне мұрындық болды. Оның үстіне, Түркияда жылжымайтын мүлік сатып алған адам бірден тіркеуге алынады, яғни жыл бойы сол елде жүруіне кедергі жоқ. Ал енді Түркияға инвестиция құйсаңыз, азаматтық алу да еш қиын емес. Міне, бұл отандастарымызға бір елден өріс, бір елден қоныс сыйлаған басты мүмкіндік десек қателеспейміз.
Әрине, біз бұл мақаланы Анталия­ның туристік әлеуетін таныстыру үшін жазып отырғанымыз жоқ. Шынын айтқанда, «Анталияда 11537 қазақстандық тұрады» деген ақпараттың өзі бізге ой салды. Бұл бір жағынан, кәсіп және жайлы мекен іздеп шетел асып жатқан отандастарымыздың қатары өсіп отырғанын аңғартса, енді бір жағынан, олармен бірге Қазақстанның едәуір қаржысы, адами ресурсы шетелге кетіп жатқанын түсіндіреді. Бұл – ойланатын жайт. Қалиакбар Үсемханұлы 
24 наурыз 2021 ж. 2 825 0