№101 (8812) 24

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» Суицид: Бала өлімі бойынша алғашқы үштіктеміз, Неге?

Суицид: Бала өлімі бойынша алғашқы үштіктеміз, Неге?

Өзіне қол салу мәселесін зерттейтін балалар психиатры Сергей Скляр Қазақстанның жасөспірімдер суициді бойынша әлемде үштікте екендігімізді айтты. Суицид шкаласы бойынша, 2021 жылы – 19-ыншы орын, 2022 жылы 7-інші орын, 2023 жылы 3-інші орынға табан тіредік. Бұған басты себеп неде? Өрімдей өрендер неге өмірден баз кешті? Осы сауалдарға жауап іздеп көрген едік.


ЕЛІМІЗДЕГІ ЖАҒДАЙ ҚАНДАЙ?

Балалар суициді ешкімді бей-жай қалдырмайтын және қоғамда үлкен үрей тудыратын тақырып. Соңғы жыл­дары әлем бойынша суицидтің айтар­лықтай жасарғанын статистика рас­тады. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының дерегінше, жер бетінде жыл сайын 55 миллион бала қорлық көреді екен. Оның 44 миллионына түрлі сипатта күш көрсетілсе, 18 миллионы сексуалдық зорлықтан зардап шегеді. Психологтар кішкентайынан жәбір көріп, психикалық зақым алған бала суицидке ұзақ уақыт дайындалатынын айтады.
– Бала кемсітушілікке, қорлау, зор­лауға тап болуы мүмкін. Ол балалық шақта ескерілмей, жасөспірім шақта ашыла бастайды. Мұндай деректер­дің жиілеуі, біздің алдыңғы қатар­да тұрғанымыз, елімізде экономи­калық-әлеуметтік мәселелердің тіптен қордаланып, күрделенгенін көрсетеді, – дейді аудандық емхана психологы Гүлзипа Сарбасова .
Жыл басынан бері елімізде 5 және 17 жас аралығындағы 134-тен астам жас өскін өз-өзіне қол салып, өмірмен ерте қош айтысса, мектеп жасындағы 294 бала суицид жасауға талпынған. Бұл тізімнің алғашқы ондығында Ресей, Латвия, Бельгия, Финляндия, Молдова және Украина тұр. Ал, денсаулық сақтау министрлігі ЮНИСЕФ балалар қорымен бірлесіп, арнайы жоба енгізіп­ті. Ол бойынша мұғалімдер мен мек­теп психиологтары кәсіби мамандар­дан тәлім алады.
Жасөспірімдер арасындағы суи­цид­тің басты себептері – әлімжеттік, кем­сі­тушілік, ата-анасымен қарым-қа­ты­насының нашарлауы, тұрмыстық зор­лық-зомбылық. Соңғы жылдары осы қатарға ұялы телефонның да әсері қосы­луда. Жаңа технологиялардың жағымды да, жағымсыз әсері бар. Сондықтан жаңа технологиялар дамыған сайын кісі өлімі де артуда. Жастарды ин­тернетті пайдалану мен алып жатқан ақпараттарын електен өткізуге үйрету маңызды. Ақпарат құралдарының да суицидке қатысты ақпаратты қалай беріп жатқанына мән берілмеуде. Психо-терапевтикалық көмек қажет болса 150 нөмірі арқылы ұлттық сенім телефонына хабарласуға болады.
Баланы суицидке итермелейтін жағдайдың бірі – отбасындағы ұрыс-жанжал. Биыл тоғыз айдың қорытын­дысында ауданда «Қолайсыз отбасы» тізіміне 134 жұп енді. Осы жұптардың қанша бала-шағасы бары әлі анық­талмаған. Ал, ел-жұрттың көзінен қоры­нып, сырын ішіне бүккендер қан­шама? Айтпағым, осындай қолайсыз отбасындағы әрбір баланың психикасына ауыр салмақ салынып, өмірден баз кешуіне түрткі болатыны сөзсіз.

АҚҚОРҒАННЫҢ АХУАЛЫНА АЛАҢДАЙМЫЗ

Ауданымызда суицид жиі орын алатын аймақтың бірі Аққорған ауылы. Қос тарапқа бөлінетін ауылдың тұрғын­дарының арасында өзіне қол салу фактісі жиі орын алуда. Соңғы жағдай 25 қазан күні сағат 16:00 шамасында орын алып, бір отбасы жалғыз ұлынан көз жазып қалды. Осыған байланысты аудан әкі­мі жанындағы кәмелетке толмаған­дар ісі жөніндегі комиссия отырысы өтіп, «Жасөспірімдердің денсаулығы мен өмірлік дағдыларын қалыптастыру және суицидтің алдын алу» бойынша атқарылған шаралар талқыға түсті.
Комиссия отырысында аудандық полиция бөлімі бастығының орын­басары Алтай Бұйрабеков жасөспірім­дер арасындағы суицидтің алдын алу шаралары өз деңгейінде жүргі­зі­ліп жатқанын баяндады. «Бала қауіпсіздігі басты назарда» тақыры­бында мамандандырылған семинар өткен. Ашық есік күндері, «Зорлық-зомбылықсыз қоғам», «Әйел – отбасы тірегі» атты акциялар тұрақты өткі­зілген. Ювеналды полиция тобы 180 баланың түнгі мезгілде бей-берекет жүргенін байқап, тиісті шара көрілген. Аудандық білім бөлімінің әдіскері Ақниет Мәдіхан да білім беру мекемелерінде оқушыларға психологиялық көмектердің жетілдірілгенін, әрі түрлі тәрбиелік тақырыпта басқосулар өтетінін тілге тиек етті. Оған қоса, түрлі тақырыпта семинар-лекциялар жүруде. Суицтке бейім балаларды анықтау мақсатында 5-7 және 8-11 сынып оқушыларына сауалнама жүргізілуде. Осы сауалнама қорытындысы бойынша психологиялық қолдауды қажет ететін ерекше назар­ға алынған балалармен жұмыс жаса­лады. Осы сауалнамадан өткен 53 бала психологиялық қолдауды қажет ететі­ні анықталды. ВОП дәрігерге 27 бала жолданған, оның 22-сі қаралса, 5-нің ата-анасы қарсылық танытқан. Бұл ата-ананың бала денсаулығына атүсті қарайтынын, немесе заманауи көзқарастың қалыптаспағанын аңғар­тады.
Халықаралық тәжірибеден өткен сауалнаманың өзі баланың эмоционалды көңіл-күйін толық анықтай алмай отыр. Мұны Аққорған ауылында тіркелген қайғылы оқиғаның жай-жапсарынан анғару қиын емес. №256 орта мек­теп­те сауалнама жүргізілген кезде бақилық болған баланың жауабы күдік ұялайтындай емес, позитивті көзқараста болған. Мұны мектеп психологы растады. Қолымызға тиген ақпарат бойынша, бұл оқушы мектепте үздік оқыған, тәртібі жақсы, белсенді оқушылар қатарында болған. Көп балалы отбасының жалғыз ұлы екен. Өлімге итермелеу салдары әлі толық ашылмай тұр.
Осы оқиғадан соң ауыл тұрғындарын әңгімеге тартқан едік. Сондағы түйгені­міз, бір жылдары ауылда осын­дай қайғылы жағдай жиілеп кеткенде ауылдың көнекөз қариялары жастардың басын қосып: «Біздің жеріміз киелі жер. Жан-жағымыз әулие-әнбиенің мекені. Сондықтан ауыл адамдары бес уақыт намазға жығылып, ешкімнің қақын жемесе, ол жылы құт болады. Әгәрәки, кімде-кімнің пейілі бұзылса, сол жылы жұт жайлайды» деп, мал сойып, қан шығаруды айтып, мінәжат шараларды атқарып, аты жаман індет тыйылыпты.

АТА-АНА, БАЛАҢА АБАЙ БОЛ!

Білікті психологтардың мәлімдеуінше, балалар суицидке ұзақ дайындалады екен. Депрессияға ұшыраған баланың мінез-құлқындағы өзгерістерді ата-ана аңғармауы мүмкін. Жанындағы достары да мән бере бермейді. Ашушаңды­қ немесе тым тұйықталу белгілері бар балаларға дер кезінде көмек бері­луі қажет-ақ. Дегенмен, психологқа баланы көрсетуге ата-аналар тарапынан қарсылық көп. Өйткені ауыл-аймақтарда психологқа тек ғана есі ауысқан адамдар жүгінеді деген таптаурын көзқарас бар.
Отбасындағы қаржылық мәселе­лері, жалғыздық, ата-ана арасындағы жанжал баланың көңіл-күйін күйретеді. Жұмысбасты ата-аналардың балалары іштегі шерін, ойын айтатын жан таппауы да күйзеліске жетелейді. Міне, сондықтан әр күн сайын баланы мейірімге қандырып, құшағының жылуын аямай, жақсы сөз, жақсы тілек арнау әр ата-ананың міндеті.
Хош, не десек те, өз-өзіне қол салу – індет. Суицид – био-психо-әлеуметтік проблема. Онымен кешенді айналысу керек. Егер бала оқуда қиналып, сыныптастарынан қорлық көріп жатса, бірақ отбасынан мықты қолдау болса ол бұл күйзелісті жеңеді. Балаларды суицидтен сақтау үшін барлық мамандар бірлесіп жұмыс істеуі керек. Бұл мәселеде мектеп психологының да жұмысы маңызды. Олардың жүк­темесі өте көп және олар оқытатын балаларының санын азайтуға мүдделі. Ал бұл мәселелер шешілмейінше, әр баланың тағдыры қыл үстінде қала берері сөзсіз. Ал, сіз қандай ой айтар едіңіз?

Мақпал МАРҚАБАЙ



---
28 қазан 2023 ж. 206 0