№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » » ҚАРАТАУ ҚЫРАНЫ НЕМЕСЕ ЕЛІМІЗДІҢ ТҰҢҒЫШ ӘСКЕРИ АКАДЕМИГІМЕН ӘҢГІМЕ

ҚАРАТАУ ҚЫРАНЫ НЕМЕСЕ ЕЛІМІЗДІҢ ТҰҢҒЫШ ӘСКЕРИ АКАДЕМИГІМЕН ӘҢГІМЕ


Атамекенге ат басын бұрып, туған жер топырағына тәу ету - қанымызға сіңген қасиет. Аудан халқы болып Наурыз мерекесін тойлап жатқан күні Астанадан туған ауылы Қырашқа арнайы келген Қазақстан және Ресей Федерациясы әскери Ғылымдар академиясының академигі, профессор Сатыбалды Ділмановпен арнайы сұхбаттаудың сәті түскен еді. Тарихи тұрғыдан да құндылығы басым, ал тұлғалық табиғаты жөнінен көкірегімізге зор мақтаныш сезімін ұялатқан ұлағатты өмір иесінің жүріп өткен баспалдақтарына толық көз қанықтырғанда туған өңірдің ғана емес, бүтін қазақтың қамын жеген, тіпті адамзат басын жалмаған жауыздықтың сырын жіктеп, жіліктеуде ұрпаққа айтылуға тиіс ақиқатты айқындауда адал қызметінен айнымай келе жатқан асыл азаматтың бейнесі көз алдымызда асқақтай түсті.


Ал бұған дейін біз бұл кісі жөнінде терең танып, білмеген екенбіз. «Ештен де болса кеш жақсы», біз бұл кемшілігімізді мойындап, мәртебелі азаматымызды алдыға қойып, қалай мақтансақ та жарасады екен.
Өміраян өрнектері былай сыр шертеді:
– 1947 жылы 1 мамырда дүниеге келіппін, - дейді Сатыбалды аға бізбен әңгімесінде.
Бастауыш сыныпты «Қызылмақташы» (қазіргі Қыраш) ауылында оқып, 4 сыныптан бастап ауылдан бес шақырым қашықтықтағы Бірліктегі мектепке қатынап оқып, он жылдықты аяқтадық. 1966 жылы қараша айында Кеңес армиясы қатарына шақырылып үш жыл Өзбек ССР, Қашқандария облысында әскери қызметімді өтедім. Алдымен үш айлық курстан өтіп радист, байланыс кезекшісі, станция басшысы болдым. Әскерден соң офицер шенінде Курганск қаласындағы Әскери училищеге оқуға басшылықтың кеңесімен ұйғарым жасап, 1969 жылдан 73-жылға дейін оқып шықтым. Әскери оқу орнын оқып шыққан ең алғашқы қазақ мен екенмін. Балқашта, Фрунзеде командирдің саяси істер жөніндегі орынбасары болып қызмет атқардым. КазГУ-дің тарих факультетін, одан соң Алматы қаласындағы Жоғары партия мектебін бітірдім. Менімен бірге оқығандар арасынан қаншамасы облыстық атқару комитетінде, министрлікте қызмет атқарды. Олардың қатарында Қызғызстан Премьер министрі болған Сыдықов, өзіміздің С.А.Терещенко да бар. Партия мектебінен соң бұрынғы Фрунзедегі бірден-бір Жоғары Әскери оқу орнында шетелдерден, атап айтқанда: Солтүстік Корея, Мозамбик, Ангола, Куба, басқа да социалистік мемлекеттердің азаматтарына дәріс жүргіздім.
Семей облыстық әскери комиссариа­тында қызмет атқарып, одан әрі Алматы зоо-ветеринария институтында әскери кофедрасы аға оқытушысы болдым. Қазақ Заң Академиясында, одан кейінгі жылдары Щучинск қаласында Әскери университеттің (қазір Ұлттық Қорғаныс Университеті) негізін қалауға атсалыстым.
1991 жылы «Жастарды Отан қорғауға баулу» тақырыбында кондидаттық диссертация қорғап, доцент атағын алдым. Ғылыми жетекшілерім ретінде Академиктер Манаш Қазыбаев пен Кеңес Нұрпейісовтің еңбегін, ұлағатын туған әкемнен артық жанашырлығын ешуақытта ұмытпақ емеспін, – дейді.
Толыққанды біліммен қаруланған қайраткер тұлға енді әлі ешкімнің жүрегі дауалап, жалына жармаса қоймаған жабық тақырып – ГУЛАГ-тар тарихына тыңнан түрен салуға тырысты.
Сатыбалды Ділманұлы алғаш осы тарықыпта 2009 жылы докторлық дисертациясын қорғап шықты. Бұл жөнінде өзі былай дейді.
– Тарих мәселесінде тек архивке сүйену керек. Анау айтты, мынау айтты деген дәлелсіз деректер жүрмейді. Осы орайда Мәскеу мемлекеттік архивіне талай рет болып, Жоғарғы Сот, Бас Прокуратураның құжаттарымен танысуыма тура келді. Құжаттарды зерделей келе Қазақстандағы лагерьлер тарихының ақиқатын ашуға талпындым.
Нақты тарихқа жүгінсек, Еңбекпен түзеу, АЛЖИР (Отанын сатқандар жұбайларының лагері). Ерекше қылмыстылар лагері, атаулы 12 лагерьдің 8-і Ресейде, 4-уі Қазақстанда ғана болды. Қарағандыдағы КарЛАГ-тың қоймасын талай ақтардым, Жезқазғанда, Павлодар архивтерінде жұмыс істедім. Соғыс уақытысында тұтқынға түскен неміс, жапон әскерлері және соғыстан қашқан-пысқан кеңес жауынгерлері Қиыр Шығыста, Сібірде, Қазақстанда 1948 жылы қазығын қадаған «Айрықша лагерь» деген азап түрмесінде айыбын өтеуге жазаланды.
Басқа ешқандай республикада мұндай орын болған жоқ. Ең алғаш рет 1931 жылы 19 қарашада лагерьде алғашқы айыпталушының құжаты тіркелді. Яғни тарихты осы күннен тарқатамыз. Қарағандыда, Жезқазғанда, Ақтөбеде, Екібастұзда айрықша лагерь болды. Алматы лагері 8 ай ғана жұмыс істеп, Қарағандыға қосып жіберілді.
Лагерьлерде тек саяси тұтқындар ғана емес, қылмыстық айыпталушылар және зиялы азаматтардың жұбайлары да болды. Архив деректерінен анықталғандай, Калининнің жұбайы, Тухачевскийдің әйелі мен екі қарындасы, тіпті Колчактың нақсүйері де осы лагерьге қамалған.
– ГУЛАГ-та қанша адам тұтқында болған?
– ГУЛАГ-тың өзінде 2,5 млн адам болған екен. КарЛАГ-та нақты статистика жоқ. Өйткені есебі түзілмеген. Кейін лагерьді таратқанда айрықша лагерь тұтқындары оған ілінбей Жезқазғанда СтепЛАГ түрмесінде көтеріліс шығып, ол әскери танкпен тойтарылды. Ұйымдастырды деп танылған 5 адам ату жазасына кесілді. Бұл оқиға дүние жүзінде жантүршігерлік тойтарыстың тұңғыш тәсілі ретінде тіркелді.
– Ең соңғы лагерьдің тынысы қашан тоқтады?
– 1956 жылы Жоғарғы Кеңестің Қау­лысы қабылданып, лагерь есіктеріне құлып салынды. КарЛАГ-тың кейбір бөлімшелері алпысыншы жылдың аяғына дейін жұмыс істеді. Міне, осындай азап лагерьлерінің ақиқатын ашуда талмай еңбектенуімнің нәтижесінде екі томдық «Қазақстан тарихында» қолтаңбам қалды. 6 монография жарыққа шықты.
2007 жылдан полковник шенімен отставкадамын. Қазірде өзім құрған университеттің профессорымын. Ресей Әскери ғылыми Академиясының толық мүшесімін. Академияда дисертациялық Кеңесте қаншама шәкірттерімнің канди­даттық, докторлық жұмыстарын сәтті қорғап шығуына жәрдемімді жасап келемін.
– Отбасылық жағдайыңыз?
– Үш қызым бар. Бірі дәрігер, бірі заңгер, бірі экономист.
– Зерттеу тақырыбыңызды тия­нақ­­­тадым деп есептейсіз бе?
– Жоқ. Тарих қандай сан тарау. Жұмбағы жүзжылдықтарда ашылады. Ұлы Отан соғысын алайық. Әлі ашылмаған құпиясы қаншама.
Таяуда ғана 627 беттік кітабым жарық көрді. ГУЛАГ тақырыбын толғайтын тағы бір еңбегім бітуге жақын.
Ғылым адамына жұмыс жасауға жағдай керек. Бұл ретте күн тәртібін реттей алатын адаммын.
– Ғалым ізбасарларыңыз бар ма?
– Ғылым соңына індете түсуге талап аз, таяныш керек. Жағдай керек. Бұрын рұқсат құжатымызбен архивтерге еркін кіре алатын едік. Қазір көбі жабылып қалды. Барының өзіне кедергі көп. Қаржыға келіп тірелетін төрешілдік көбейді. Қазірде кітапты да өз қаржыңа шығаруға тура келеді.
Ғылымға берілген адам болғандықтан бұл жолдағы жұмысымды тоқтатуға құқым да, құзырым да жоқ. Ғылыми зерттеулермен қоса «Менің тағдырым» деген мемуар жазбақ ойдамын.
– Естелігіңіздің басты өзегі – балалық шағыңыз болар? Ол несімен қымбат?
– Жесір әйелдің қанатында жаутаң көз жетімдікті көп көрдім. Ойлап отырсам, өмірімнің ең жарқын тұсы сол кез екен. Сол күндерді ешуақытта ұмытқан емес. Қадірлеп, басымды иіп, елжіреп еске аламын. Әркімнің босағасында көгерген нанға да қол жетпей қоңыр күй кешсек де көштен қалмағанымыз, алыстағы мектепке жалаң аяқ жаяу жалпылап қатынасам да сабақтан қалмай, елдің алды болып оқығаным, одан кейінгі өмірде де мақсатқа қол жетіп, мансапты малданып, уайымсыз қайғысыз қара бастың қамымен қарайып қалмағаным, үнемі алға ұмтылып, ұлы міндеттерге ұмтылуым, нақ осы жетімдіктің, қаранар қайсарлықтың, асқақ армандауымның арқасы. Екіншіден, осы жолдағы ұстаздарыма шексіз қарыздармын.
– Отанымыздың келешек қорғаны – жастарға тілегіңіз?
– Биік намысты болса екен деймін.
Баяғы Қорғанда оқып жүргенімде жерлестер бас қостық. Түрлі оқу орындарынан жиналған, бәрі қазақ, біреуі қазақша сөйлемейді, кезек-кезек тост көтеріп жатыр. Араларында формада жалғыз мен. Орысшаны да оңдыртып сөйлей алмайтын кезім, «Қайдансың?», «Қызылордадан» десем одан сайын мұрын шүйіреді. Содан кезек маған келгенде былай деп тақпақтата жөнелдім:
Қандай дархан, Қазақстан даласы,
Сұлу өлкем Сырдария саласы.
Туған елмен қуанышы, мұңы бір,
Мен қазақтың қарапайым ұлымын!
Бәрі дуылдата қол соқты. Көтеріліп қалдым. Ұлылықтың серті, ұлттың рухы деген осындай екен. Рухтарың түспесін дегім келеді.

P.S.: Бұл аға көңіліндегі көп сырдың бір ұштығы ғана. Айтылмағаны қаншама. Бәрінен бұрын туған ұлты ғана емес, тұғырлы тарих үшін таудай қызмет атқарып келе жатқан қадірлі азаматты алдымен жерлестері ұлықтап, құрмет көрсетсек қандай жарасымды.

Баян ҮСЕЙІНОВА.

07 мамыр 2019 ж. 3 036 1

Siobhan от 9 мамыр 2019 22:36
Hi! I've been reading your blog for a while now and finally got the bravery to go ahead and give you a shout out from Atascocita Tx! Just wanted to tell you keep up the fantastic job! There is certainly a great deal to learn about this subject. I really like all the points you have made. I seriously love your blog.. Pleasant colors & theme. Did you develop this site yourself? Please reply back as I'm trying to create my own personal site and would love to know where you got this from or exactly what the theme is named. Many thanks! http://foxnews.net