№90 (8801) 12

12 қараша 2024 ж.

№89 (8800) 9

09 қараша 2024 ж.

№88 (8799) 5

05 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930 
» » » Аурумен күресте берілмеу керек! Онколог М.Ақбаровамен сұхбат

Аурумен күресте берілмеу керек! Онколог М.Ақбаровамен сұхбат


Қатерлі ісіктің соңғы сатысында пациенттердің өмір сүру ұзақтығы артты. Осы және онкологиялық ауруды қалай уақытылы анықтауға болатыны жөнінде Қызылорда облыстық онкология орталығының бөлім меңгерушісі Майя Ақбаровамен сұхбаттастық.

– Майя Әлімжанқызы, қатерлі ісіктің соңғы сатысында науқас жазылмайды деген пікір қалыптасқан. Дәрігерлердің қазіргі болжамы қандай?
– Шынына келсек, қатерлі ісіктің қай кезеңінде болмасын, оның ішінде ІІІ және IV сатыларында да аурумен күресу керек. Облыстық онкология орталығында әлемдік стандартқа сәйкес келетін диагностика мен емнің барлық түрін жүргіземіз. Ем барысында ауруы асқынған пациенттердің өмір жасын арттыруға көмектесетін қымбат таргентті, иммунды препараттар қолданылады. Олар адамның сау тінін зақымдамай, ісікке тікелей әсер етеді.
Біздің мақсат – пациенттердің өмір сүру ұзақтығын арттыру. Мысалы, бауыр, сүйек, өкпесінде метастаз анықталған науқастар бар. Олардың да өмір сүру ұзақтығы 5 жыл және одан жоғары деңгейге жетуде. Онкологияда 5 жыл шартты саналады. Осы уақыт аралығында аурудың қайталануы жиі кездеседі. Аталған мерзімнен кейін аурудың өршуі азаяды. Бүгінгі күні онкоорталықта 5 703 адам есепте тұр, оның 2 853-і немесе 50%-тен астамы бес жылдан аса өмір сүруде.
– Онкологиялық аурудың қандай түрлері облыста кең таралған?
– Бірінші орында сүт безінің, одан кейін өкпенің, үшінші орында асқазанның қатерлі ісігі тұр. Ауруды көп жағдайда скринингтік бағдарлама арқылы анықтау мүмкін болып отыр.
Емханаларда аталған зерттеулер, тексерудің түріне қарай, тегін медициналық көмектің кепілді көлемі және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру аясында жүргізіледі. Скринингтен өту үшін МӘМС жүйесінде пациенттің сақтандырылған мәртебесі болуы керек.
Скриннгтен белгілі бір жастағы адамдар өтеді. Мысалы, жатыр мойыны ісігі скринингінен 30-70 жас аралығындағылар 4 жылда бір рет өтіп тұрады. Сонымен қатар, сүт безі мен колоректальды қатерлі ісіктерді,  артериалды қан қысымы, жүректің ишемиялық ауруы, қант диабеті, глаукоманы ерте сатысында анықтау мақсатында жүргізілетін скрингтік тексерулер бар. Толық мәліметті учаскелік дәрігерден алуға болады.
Тұрғындарды скринингтік тексеруден жүрексінбей, уақытылы өтіп тұруға шақырамын. Скрининг ауруды ерте сатысында анықтауға бағытталған.
– Онкологиялық көмек әрдайым тегін медициналық көмектің кепілді көлемі аясында көрсетіліп келді. МӘМС-тің қолданысқа енуімен қандай өзгерістер болды?
– Иә, тегін медициналық көмектің кепілді көлемі базалық медициналық көмекті қамтамасыз етеді. Сақтандыру мәртебесіне қарамастан, пациент әркез шұғыл тегін медициналық көмекке қол жеткізе алады. МӘМС – жоспарлы көрсетілетін, кеңейтілген медициналық қызмет көлемін қамтиды. Мысалы, скрининг қорытындысына қарай онколог, гастроэнтеролог, проктолог мамандарының кенестері қарастырылған. Барлық тексеру және тар бейінді мамандар консультациясы МӘМС аясында жүргізіледі. Сақтандырылған азаматтар үшін гормон анализі, ПЦР диагностикасы, ісік маркері, сонымен қатар КТ, МРТ және тағы басқа диагностикалық тексерулер қолжетімді екенін атап айтқым келеді. Сондай-ақ, МӘМС жүйесінде пациенттер жоғары технологияларды пайдалана отырып, қымбат қызмет түрлерін тұтына алады.
Одан бөлек, біздің пациенттер үйден де қызмет ала алады. Терапевт, онкологтың бақылауымен олар емханаларда тегін берілетін қымбат дәрілерді үйде қабылдайды. «Өз үйім- өлең төсегім» дегендей, өз үйінде, отбасының қамқорлығында біз оң динамиканы байқап отырмыз. Пациенттер тезірек жазылып, беті бері қараған жағдайлар көп.
– Сіздің тілегіңіз?
– Оңай беріле салуға болмайды. Бәрі жақсы болатынына сену керек. Қатерлі ісік үкім емес. Ауырғанда емшіге барудың қажеті жоқ, халықтық медицина көмектеспейді, олай уақыт жоғалтпаңыз. Медицина алға жылжып келеді, сауығуға мүмкіндік бар. Аурудың І және ІІ сатысында анықталған науқастардың емі сәтті өтуде және олар аурудың қайталануынсыз ондаған жылдар өмір сүреді. Қатерлі ісіктің алдын алудың бірден-бір жолы – салауатты өмір салты, дұрыс күн тәртібі, дұрыс тамақтану, күйзеліске берілмеу, позитивті көңіл-күй.
– Сұхбатыңыз үшін алғыс білдіремін, өзіңізге және пациенттеріңізге денсаулық тілеймін!
22 тамыз 2024 ж. 1 515 0