№102 (8813) 28

28 желтоқсан 2024 ж.

№101 (8812) 24

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » » Баспасөз тарихы – елдің тарихы

Баспасөз тарихы – елдің тарихы

«Жаңақорған тынысының» 90 жылдық мерейтойы қарсаңында қазақ ұлт зиялыларының қарашаңырағы, кезінде ҚазМУ –қазақтың мемлекеттік университеті аталған оқу орнына арнайы бас сұғып, дәріс берген ұстаздарымызға сәлем беруді жөн көрдік. Бүкіл ғұмырын ұлт қамын жеген Алаш азаматтарының ақиқатын тануға арнап, тағдыр-талайымызға тәбәрік етуді мұрат тұтып келе жатқан ғалым апамыз,туған жеріміздің түлегі, филология ғылымдарының докторы, профессор Күләш Ахметовамен сұхбатымыз бүгінгі баспасөзінің әлеуеті жайында өрбіді.


   Ғалым апамыз әуелі газеттің тоқсан жылдық мерейтойына маңыз беріп отырған азаматтарға алғысын айтты. Қазір не көп мерейтой көп. Бірақ газет пен журналдың, сондайақ шығармашылық және ғылым саласында жүрген өкілдердің мерейтойын атап өту, оның жөні бөлек. Бұл туралы сұхбаттасымыз не дейді?

– Мерейтойды атап өту Алаш ардақтыларынан бастау алды. 1923 жылы Орынборда Свердлов атындағы жастар сарайында Ахмет Байтұрсыновтың 50 жасқа толған мерейтойы аталып өтілетін болады. Мұны ұйымдастыруға бел буған Сәкен Сейфуллин «Сіздің 50 жылдығыңызды атап өтеміз» дегенде Ахмет «Халық қалай қарайды екен, мұнымыз әбес болмасын» деп алғашында қарсылық білдірген. Ол кезде Сәкен Совнаркомның төрағасы, сонымен қоса «Еңбекші қазақ» газетінің редакторы еді. Осы кезде кеңестік жүйені қолдап жүрген азаматтар қатарында Абдархман Нақипов «халық жауын дәріптеді» деп Сәкенге қарсы шығады. Осының алдында Сәкеннің «Ахаң 50 жаста», «Тағы да Ахаң жөнінде» деген екі мақаласы жарық көрген болатын. Мерейтой өте жоғары деңгейде өтіп, оны Сәкеннің өзі жүргізген, Ахметті дәріптеп Смағұл Сәдуақасов, Мұхтар Әуезовтер сөз сөйлеген. Әрине, сол кез көзқарасы тұрғысынан адасушылықтар болды. Абдрахман Нақипов Сәкенге қарсы шығып «халық жауын дәріптеді» деген сарындағы мақала жазады. Сәбиттің өзі «Қара тақтаға жазылып жүрмеңдер, шешендер» жазбасын жариялаған, – дейді ғалым ұстаз.

Міне, осынау Алаш ардақтылары қатарында Тәуелсіздік тұсында да Ахмет Байтұрсыновтың 150 жылдық мерейтойы алғаш атап өтілді.

– Аудандық газеттің мерейтойын атап өту бұл өсіп келе жатқан ұрпақ үшін де үлкен тәрбие. Жүз жерден ақпарат тарату көздіктері көп деген күннің өзінде газет, журнал, кітап оқымай адамның шөлі басылмайды. Баспасөзде жарық көрген материалдардың барлығы әбден сараптан өтіп, тексеріліп, нақтыланып барып жарияланады. Сондықтан ол өз дәуірінің құжаты саналады. Кейінгі толқын баспасөзді парақтап отырып, сол кезеңнің тарихын таниды. Тіпті тұлғатану материалдарын оқу арқылы жеке адамның өмірімен танысып қана қоймайды, ол өмір сүрген қоғамның келбетін көреді, кейіпкердің ой-арманынан ол өмір сүрген қоғамдық жүйеге баға береді. Осының барлығын сарапқа салатын ойлы буын өсіп келеді. Сондықтан да газет тек ақпарат жеткізуші құрал ғана емес, ағартушылық та миссиясынан жаңылмай, жанр түрлерін барынша кең қолданып, келешек тәрбиесіне бағытталған тақырыптарға кеңінен орын бергені дұрыс деп есептеймін.

Аудандық газет – ауданның тынысы, әр отбасыға аса ыстық, аса жақын болады. Оқырман өзінің жақынын, туысын, досын, бауырын көреді оның бетінен. Сондықтан туған жер газетін жанашыр дос, рухани серік санайды. Тілшілер қауымы оқырмандардың осы сенімін ақтай берсе деген тілектемін.

– Газеттің қаны да, жаны да – журналист. Елімізде журналист кадрларды даярлайтын екі ғана оқу орны – бірі КазМУ, бірі Қарағанды мемлекеттік университетінің журналистика факультеті ғана болып келсе, соңғы кезде гуманитарлық салаға негізделген барлық жоғары оқу орнында журналистика факультеттері ашылды. Осыған орай кадр тапшылығы орын алмауы керек, десек те аталмыш саланы бітірген түлектер жеңді түрініп, саланың жүгін көтеріп кете алмайтындықтан қалаған мамандығынан қашық жүруге тырысады.

Мұның себебі неде деп ойлайсыз? – Мұның себебі, олардың мамандықты қаламайтындықтарында. Шығармашылық адамы болу оқу-тоқудан бұрын туа бітті дарынға келіп тіреледі. Ол жоқ жерде ата-ананың айтуымен, не болмаса тестен өте алмай, шығармашылыққа қосылатын балды есеп қып, ұпайын еселеп, осындай оқу орнына қол іліктіргенмен оны алып кету екінің біріне қол емес. Ал тегінде түйсігі бар бала техникалық оқу орнын оқып бітірсе де түбі жарып шығып, ел алдына жарқырап шығатынын тәжірибемде талай көрдім.

– Қазақ баспасөзінің қадірі қайтсе артады?

– Әрнәрсенің қадірін мұқтаждықта бағалайтын тәріздіміз. Кешегі пандемияның кезінде қашықтан дәріс өткізуге мәжбүр болдық қой. Сонда таңертең компьютер алдына келіп, түлектерімді түгендеймін. Мына солтүстік жақтағы ағайынның баласы нөлнөл уақытта орнында болады және оның қабатында әкесі, анасының да бірге отырып, менің лекциямды тыңдайтынын байқадым. 20 ғасырдың 20 жылдарынан басталатын қазақ әдебиеті сынының тарихының оларға не қажеті бар? Қазағы аз өңірде өмір сүретін оларды ұлтының ең алдымен тілін, әдебиетін, ұлағатты дәстүрін, әдебиетін, мәдениетін білуге құштарлық менің сабағыма қызықтыоырп отыр. Көрдіңіз бе? Ал қазақшылық қаймағы бұзылмаған оңтүстіктен келетін түлектерімнің ана тіліне жетіктігіне күмәнім жоқ, сөйте тұра жалқаулықтан гуманитарлық пәндерге төмен деңгейі менің намысымды келтіретінін жасырмаймын. Қолда бардың қадірі жоқ деген осы.

Бүгінде журналистердің ауыл-елдің тақырыбынан аспай, әртіс, ары кеткенде «жұлдыздарды» жағалап, солардың киген киімін, ішкен-жегенін тізіп кетуінің астарында өздерінің білім таяздығы жатқанын да жасыруға болмайды. Ұлттың әдебиетін, тарихын, мәдениетін терең меңгермейінше, өркениетке жол бастайтын ғылым жаңалықтарымен хабардар болып отырмайынша әлемдік бәсекеге төтеп беретін, түрі ұлттық, мазмұны жаһандық журналистиканы дамыта алмаймыз. Бұрын журналистика факультеті студенттеріне фольклордан, әдебиет сынының тарихынан филология факультетінің ғалым профессорлары дәріс беріп келсе, қазірде факультеттік дербес білім беру бағытына көшкен. Осыдан келіп ұлттың тарихы, әдебиеті толыққанды оқытылмай, шаласауатты мамандар шығып жатқаны содан деп ойлаймын. Тағы бір айтарым, білімнің қарашаңырағы саналар жоғары оқу орындары бодандықтан толық арылу керек. Бұл жерде сана бодандығын айтып отырмын. Өзі орысша оқып бітірген, қазақтың тілін, әдебиетін жетік білмейтін адам қазақ әдебиеті кафедрасын басқарса ол қалай талантты жастарды ажырата алады? Әрбір орынды өзінің мамандары басқаруы керек. Кезінде КазМУ-де екі факультетті Тұрсынбек Кәкішев пен Зейнолла Қабдолов басқарған кезеңдерде республикалық деңгейде айтыстың 70 пайызын осы екі азаматтың шәкірттері ұстап тұрды. Мұхамеджан Тазабеков, Серікқазы Дүйсенғазы, Дәулеткерей Кәпұлы, Балғынбек Имашевтар сол кездің жемісі. Әуелбек Қоңыратбаевтың аудиториясын есігінен сығалап жүретін білімге ынтық жастарды Қорқыт Ата атындағы институтта дәріс беріп жүрген кезімде де байқап қалсам қамқорлық жасауға тырысатынмын. Мен өзім ғылымның ішінде жүргеніммен мамандығым – оқытушылық. Сондықтан ғылымның студенттер үшін қажетті болатын жағына көп көңіл бөліп түсіндіруге тырысамын. Шәкірттерді интервью алуға дайындаймын. Қазақ баласының алпыс екі тамырында білімге құштарлық бар. Сондықтан мектеп жасынан бастап оларды бағыттау дұрыс болу керек. Мектеп басшысы, мұғалімдері, тіпті есіктегі қарауылына дейін балаға дұрыс жолды көрсете алатын өздері өнегелі адамдар болу керек деп есептеймін. Егер басшы қабілеті зор, жаңашыл, әлеуетті тұлға болса зейнетке шығаруға асықпай, ұрпақ игілігіне кәдеге жарату жағын қолдайтын адаммын.

– Нақ қазіргі күні немен шұғылданып жатырсыз?

– Бірінші қыркүйек сабақ басталғанға дейін менің үлкен шаруаны бітіруіме тура келіп тұр. Әдебиетші Мырзабек Дүйсенов туралы ғылыми мақала әзірлеу үстіндемін.

Мырзабек Дүйсенов Әуезовтың жетекшілігімен диссертациялық еңбегін қорғаған тұңғыш шәкірті. «Менің Әуезовім» деген мақала жазған. «Менің Әуезовімді» Зейнолла Қабдолов та жазды. Бірақ Зейноланың Әуезовы аспанда, тым асқақ, тым биікте, қол жеткізу де мүмкін емес заңғар болса, Дүйсеновтің Әуезові қол созым жерде қалың елмен қапталдаса қатарымызда жүр, сенімен бірге күледі, сырласады, мұң-шеріңді бөліседі. Мырзабектің еңбегінің ерекшелігі осында еді. Өйткені ол Әуезов туралы күнделік жазған кісі. Міне мен осы пікірлерімді бұдан бұрын Қызылордада өткен ғылыми конференцияда мінберде тұрып айтқан болатынмын. Менен кейін кезекке тізіліп қойылған Сейілбек Шаухаманов ағамыз есімі хабарланып қойса да сөз сөйлеуден бас тартып «Күләштің мынадай нақты тұжырымынан кейін бізге пікір қосып жату артық, қажеті де жоқ, мына сөзден кейін сөйлемеймін» дегені осынау азаматтың кісілік қырынан көрініс берген бір өзгешілігі болды деп есептеймін. Елді осындай уәжге тұратын тұлғалар басқаруы керек. Әкім бола тұра ғалымды мойындаудың жарқын үлгісін ол осылай көрсетті.

Міне, алдағы қыркүйекте Қызылордада Мырзабек Дүйсеновтың 95 жылдығына арналған ғылыми танымдық конференция өтпек. Соған құрметті қонақ ретінде шақырылып отырмын.
Осы орайда М.Дүйсеновтің Әзілхан Нұршайықовтың «Махаббат, қызық мол жылдар» романындағы Жомартбектің прототипі екендігін де айта кетсем артық емес. Мұхтар Әуезовтің басшылығымен Қазақ әдебиеті тарихының тұңғыш 3 том, 6 кітаптан тұратын жинағын Тұрсынбек Кәкішев, Мырзабек Дүйсенов, Рахманқұл Бердібаевтар құрастырып шығарған болатын.

– Шәкірттеріңізді кейін де іздеп жүресіз бе?

– Иә. Әсіресе таланттыларын.

– Аудандық газетке қандай тілегіңіз бар?

– Баспасөз тарихы – елдің тарихы. Сондықтан да әрбір қаламгер материалын жан-жақты терең зерттеп жазуға тырысу керек. Ол жәй ақпарат беруші ғана емес, елдің тарихын түзген, келешекке бүгінгі күннің болмысын бұлжытпай жеткізетін тұлға екенін ойынан шығармаса екен. Әлеуметке әркезде әділ сөз керек.

– Сұхбатыңызға рахмет.
Баян ҮСЕЙІНОВА

21 тамыз 2023 ж. 1 702 0