№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » » Статистика нақтылыққа сүйенеді

Статистика нақтылыққа сүйенеді


Апта басындағы төл мерекелеріне орай аудандық статистика бөліміне арнайы бас сұқтық. Ел экономикасы мен әлеуметтікдемографиялық дамуы туралы деректерді елеп-екшейтін статистика қызметінің құрылғанына ғасырдан асты. Мекеменің бүгінгі тыныс-тіршілігі жөнінде сала басшысының орынбасары Шрынбаев Нұрлан Аманбайұлымен сұқбаттасқан едік.


– Қандай да бір нақты мәлімет, дерек қажет бола қалса статистикаға жүгінеміз. Осы саланың тарихына тоқталып өтсеңіз?

– Еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін мемлекеттік статистиканы түбегейлі реформалау қолға алынды. Ол тәуелсіз мемлекеттің мәртебесіне сай ұлттық статистика жүйесін құру мен қалыптастыру қажеттігінен туындады. Сөйтіп, 1992 жылдың аяғында Статистиканы және бастапқы бухгалтерлік есепке алуды қайта құру жөніндегі мемлекеттік бағдарлама жүзеге асырылса, 1996 жылы Мемлекеттік статистиканы жетілдірудің 1996-1998 жылға арналған бағдарламасы қабылданды. Осылайша цифрлар әлемімен жұмыс істейтін бұл мемлекеттік мекеме шынайы көрсеткіштер қорын қалыптастырып келеді.

– Елдің экономикалық деңгейін, әлеуметтік дамуын сараптап, халықтың тұрмыс-тіршілігін айқындау жолында статистика саласының атқаратын рөлі зор. Ал, бұл қызметте елеулі еңбек ететін мамандардың табандылығын айтпасқа тағы болмас.

– Ұжымда 9 адам еңбек етеді. Бәрі де жоғары білімді экономистер, мемлекеттік қызметші деген мерейлі міндетті абыроймен алып жүрген жандар. Бұл жұмыстың ерекшелігі, әр маманға ұқыптылық, төзімділік, уақытпен санаспау қажет. Бір қызығы, ұжымның басым көпшілігі қыз-келіншектер, бұл, тіпті, көп жылдан бері қалыптасқан дәстүр десек те боларлық. Мұндағы жұмыстың көзмайын тауысып ұзақ отыратын күрделілігіне қарамастан мамандар тұрақты. Мәселен, жетекші маман Ұлжалғас Садықова жиырма жылға жуық уақытын осы салаға арнап, міндеттелген жүкті жауапкершілікпен атқарып келеді. Сонымен қатар басқа да өз ісінің нағыз мамандары жетерлік. Олардың еңбектері де елеусіз емес. Әр жылдары облыс, аудан әкімдерінің, статистика департаментінің Құрмет грамоталарымен марапатталып келеді. «Статистика үздігі» төсбелгісін алған азаматтар да бар. Бұлар өз ісінің шеберлері ғана емес, бәрі де отбасындағы аяулы ана, асыл жар.

– Әдетте өзіңіз басқаратын саланы қателікке жол беруге болмайтын мамандық қатарына жатқызады. Нақтылай түссеңіз?

– Статистика дәлме-дәл цифрлар әлемі. Бізде «шамамен, болжаммен» деген сөздер қолданылмайды, тек, нақты сандарды ғана жинақтаймыз. Ол әрқашан жауапкершілікті, тиянақтылықты талап етеді. Бірде-бір цифрдан қателесуге болмайды, өйткені ол қандай да бір
мекеменің, кәсіпорынның, қала мен ауданның экономикалық-әлеуметтік көрсеткіштеріне теріс ықпалын тигізері сөзсіз.

– Сала қызметінің маңыздылығы мен міндеті неде?

– Жалпы алғанда, статистика Үкімет үшін ғана емес, қоғам үшін де маңызды. Себебі кез келген аймақтық, ұлттық және әлемдік деңгейдегі статистика саяси шешім қабылдауда маңызды рөл атқарады. Сонымен қатар мемлекеттің әлеуметтік-экономикалық даму стратегиясын белгілеуде де аталған саланың рөлі зор. Әсіресе мемлекеттік басқару органдарының, халықаралық ұйымдардың, қоғамдық және халықты еңбекпен қамту, жұмыссыздық, кедейшілік, баға, халықтың әл-ауқаты мен сыртқы экономика жөніндегі ақпараттардың мемлекеттік статистика жүйесінде өзіндік орны бар. Ал негізгі міндеті мемлекеттiк статистиканың сақтай отырып, статистикалық қызметтi жүзеге асыру. Осы жұмыстарды жүйелі іске асыруда аудандағы барлық саламен қояма-қолтық байланыста жұмыс жасап, шынайы есеп түзуге тиістіміз.

– Атқаратын жұмысы қайнап жатқан ортаның күнделікті жұмыс кестесіне тоқталсаңыз?

– Біздің жұмыста шыдамдылық керек. Өйткені қажет деп табылған уақытта 10-12 сағаттап бір орында отырып, есеп жүргіземіз. Жауапкершілік те қажет. Атқарылған жұмысты мұқият тексереміз. Сараптама қалай жүргізілді, міне, соның барлығын бақылаймыз. Ешбір мәліметті тексермей жібермейміз. Өйткені бұл сандарды ертең ел-жұрт көреді, іштей сараптайды, салыстырады. Сондықтан бізге келіп түскен әр құжатқа жауапкершілікпен қарау басты ұстанымымыз.

– Сұхбатыңызға рахмет!

Түйін. Жүз жылға жуық уақыт ішінде Қазақстанның статистика жүйесі халықаралық талаптарға сай өзгерді. Бүгінгі таңда еліміздің бұл саласында заң жүйесі, нарықтық экономика елдеріне сай статистика салалары, статистикалық әдістемелері бар. Сонымен қатар статистика жасау үшін қажетті заманауи технологияларды енгізу жұмыстары да сәтті жүзеге асырылып жатыр.

Лаура БИБАСАРОВА
14 қараша 2022 ж. 1 281 0