№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » » Елін сүйгеннің еңсесі биік

Елін сүйгеннің еңсесі биік

Әр заманның салып кеткен жолы басқа. Кешегі ғасырдың соңғы ширегінде өмірге келген балалардың балалығы қозы-лақ бағып, ата-әжелердің жыр дастанын тыңдап, аңыз бен ертегілері қиялына қанат бітіретін. Сондай жастың бірі Файзулла болды. Әкесінің қасында жүріп, Ақүйік өзеніне жағалай орналасқан бауларға таудың етегінде отырып ұзақ қарайтын. Табиғат ананың адамзат баласына берген сыйына емірене таң қалатын. Асау өзеннің басында отырып құмары қанғанша сусындайтын. Оның да балалығы диірменнен шыққан ұннан жасалған тәтті нанмен есте қалды...


Атасы Егемберді елдің ішінде молда атанып кеткен ілімді кісі болған деседі. Намазын оқыр алдында Сталиннің ілулі тұрған суретін теріс қаратып қойып намаз оқиды екен. Онысын көріп қойған көптің бірі жоғарыға арызданып, халық жауы болып шыға келген екен. Кейін 4-5 жылдан кейін кіші ұлы Ғайыс ақтап алыпты.
– Әкем Яғмұс өмірден өткенде бесінші курс оқып жүргенмін. Біздің қызығымызды көре алмай кетті, – деп бастады әңгімесін әріден қозғап. Әкем еті тірілігінен шаруашылық қоймашысы, кассир қызметін атқарды. Бала кезімде халық ақыны Манап Көкенов үйге жиі келіп, қария – кейуаналарды жинап, хиссалар айтушы еді, соңы айтысқа ұласып, тойға айналатын. Әлі есімде, біз жаңа үйге кіріп, қоныс тойын тойлағалы жатырмыз. Манап ақын келіп, үйді аралап, басын шайқап, «е мастер салады, е кассир салады, аумин...» деп бәрін күлдіргені әлі күнге ел аузында жүр. Анам Гүлжауһар болса өте сабырлы, қолы ашық, көптің ақыл сұрап келетін аяулы адамы еді. Күйбең тірліктен қанша шаршаса да бір қабақ шытпайтын жан еді. Өзімнен кейінгі төрт іні-қарындасымды оқытып, ер жеткізгеніме ризашылығын айтып кетті, – деп еске алды кейіпкеріміз ата-анасын.
Бір күні бала Файзулла әкесімен бақша суарып жүрген. Түн ортасы. Әкесі кетпенді алып, су толған атыздарды жауып жүрген. Бұл қолында пілте шаммен жарық түсіріп тұрған. Кетпенмен қаттырақ лақтырылған топырақ суға былш еткенде, лай су шашырап мұның көзіне кіреді ғой. Көзі түйнеп ауыртып барады. Анасы тілін салып, «Ішінде бірдеңе тұр» дейді. Көзі су қараңғы болып қалған. Ауыл дәрігері де қолдан келер шара жоқтығын айтып ауданға сілтейді. Мұны естіген ауыл молдасы Сайфулмәлік «Баланы әкеліңдер, мен оқып көрейін» деп екі ай дегенде құлан таза айықтырады. Бала емес пе, ауыл балаларына еріп бұзық атанып жүрген кезі болатын. Сондай бір кеште әкесі жиі айтатын Алматыдағы Ғайыс көкесі келді ауылға. Ол жайлы естелігінде былай жеткізді.
– Бір күні мектептен келе жатсам, есік алдында үш-төрт кісі сөйлесіп тұр. Жақын келе, олардың біреуі Ғайыс көкем екенін бірден таныдым. Сөмкемді тастай сала жүгіріп келіп, құшақтай алдым. Ол мені маңдайымнан сүйіп, бауырына басты..., деп ыстық естеліктерімен бөлісті.
Әкесінің інісі Ғайсекең бала Файзулланы жетінші сыныпта оқып жүргенде Алматыға арнайы қосымша сурет өнерін оқытқанын сағынышпен еске алады.
– Көкемнің үйіне қазақ зиялылары, ұлттың бетке ұстар қаймақтары көп келетін. Қаншама елге танымал азаматтармен туған аға-іні, бауырдай сыйластық. Ақын-жазушылар Әбділда Тәжібаев, Тахауи Ахтанов, Кемел Тоқаев, Әбу Сәрсенбаев, Мырзатай Жолдасбеков, Әзілхан Нұршайықовтармен ағам Ғайыстың дастарханында бірге отырып, әңгімелерін естіп, қолдарына су құйған едім. Ғайсыекең мені үлкен қонақтардың ортасында, солармен тең дәрежеде отырғызып қоятын. Бұл көкемнің бізді, орта көрсін, зердесіне түйсін, өресі өссін, деген ұлағаты екенін кейін түсіндім, – дейді.
Үлкендердің қолына су құя жүріп, алғыс алып өскен баланың болашағы бұл кезде ауылмен астасып, қайтсем туған еліме қызмет қыламын деген ортақ ниетте жүрген еді.
Алматыдағы Сәулет және Құрылыс институтын тәмамдап, елге келген жас жігітке жұмыс бірден табыла қоймайды. Бір күні №125 жылжымалы-механикаландырылған ПМК-ның бас-
тығы Әбдір Битабаров жолығып, Келінтөбе совхозында салынып жатқан мектеп құрылысына мастер болуға ұсыныс жасайды. Сырдарияның арғы бетінде орналасқан жаңа совхозға трактордан басқа көлік бара алмайды. Ол кезде жол салынбаған. Бір рота солдат пен бірге басталған құрылыс жақсы аяқталады. Кейін «ПКМ – Тяжстрой» мекемесінің бастығы Мұхамеджан Есболғанов Шалқия кен орындағы қалашықты салуға құрылыс-инженері етіп жұмысқа шақырады. Құрылысты жобалау бөлек те, жүргізу бөлек. Тау етегінде орналасқан жас қала Шалқияда алып құрылыстар, биік үйлер, жаңа мәдениет үйі, мектеп, балалар бақшасы, ойын алаңдары салынып қала көркейе түседі. Жиырма бестегі жігітке мұның өзі үлкен жетістік еді.
Бірде Мұхаң «Сені бірінші хатшы шақырып жатыр» дейді. Орталықта мынадай ғимараттар болса деген қиялмен жасалған жобаларын ала барған бұны партия қатарына қабылдап, ауданның бас сәулетшісі етіп тағайындайды. Бұл қызметті 1986 мен 1996 жылдар аралығында істеп, Кеін Алматы облысындағы Сәулет Құрылыс басқармасында сәулетші, Қазақстан Республикасы Сәулетшілер Одағының директоры қызметтерін атқарған.
– «Шеберді саусағы асырайды» дегендей, Алматыда жүргенде көрмелерге қатысып, біраз шыңдалдым, тұрмысымызды да дұрыстадық. Ал Бәйтерек жобасына келсем, бір түнде сызылған жоба. Ертесіне бағалау комиссиясының төрағасы, Премьер – министр Қасым-Жомарт Тоқаев біз сызған жобаны көріп, қолын қояды. Кейін өңделіп, Астанаға жіберіледі. Кейін «Қазақстанға еңбек сіңірген мәдениет қайраткері» деген атақ берді.
Иә, суретшінің әрбір картинкасын қарап отырып, қиял әлеміне еріксіз енесің. Жан сарайың ашылып, қылқаламның құдіретіне бас иесің. Әр түрлі кескінмен тарихты, ұлттық құндылықты, адами болмыстың қадір-қасиетін ұғындырған суреттерге қарап көрмеде жүргендей күй кешесің. Бұл өнерге, өз ісіне деген сүйіспеншіліктен туған дүние. Ал махаббатпен жасалған дүние мәңгілік.

Әйгерім МЫРЗАХМЕТОВА
21 наурыз 2021 ж. 8 457 0